Accessibility links

Ауған соғысының ардагерлері: Мәсімов кетсін!


Алматы қалалық ауған соғысы ардагерлері одағының мүшелері баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.
Алматы қалалық ауған соғысы ардагерлері одағының мүшелері баспасөз мәслихатында. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.

«Премьер-министр Кәрім Мәсімов қызметінен кетіп, Қырымбек Көшербаев қылмыстық жауапкершілікке тартылсын» деп талап қойды ауған соғысының ардагерлері. Олар Жаңаөзендегі бірнеше ай бойғы жағдайды «Назарбаевтың білмей қалғанын» айтады.

Сәрсенбі, желтоқсанның 28-і күні Алматыда совет билігі кезінде Ауғанстандағы соғысқа қатысқан ардагерлердің қалалық одағының мүшелері баспасөз мәслихатын өткізіп, Жаңаөзен оқиғасы бойынша көзқарастарын білдірді.

Бұл жиынға Ақтау қаласынан келген ауған соғысының ардагері Байрам Мамедов те қатысты.

«КОМИССИЯҒА КЕДЕРГІ БОЛМАСЫН»

Жиынға қатысқан ауған соғысының ардагерлері Жаңаөзен оқиғасына біржақты баға бермеуге шақырды. Мұнайшылар мен жастарды біржақты айыптамай, болған істі мұқият зерттеу үшін тәуелсіз қоғамдық комиссияның тиісті ақпарат алуына кедергі қойылмауын талап етті.

Бұл орайда олар «Ақтауда 24 адамнан тұратын қоғамдық комиссия құрылғанын, оның қатарында ауған соғысының ардагерлері де, Өмірзақ Озғанбаев секілді
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Жаңаөзендегі полиция өкілдерімен сөйлесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 ж. Ақорда сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Жаңаөзендегі полиция өкілдерімен сөйлесіп тұр. 22 желтоқсан 2011 ж. Ақорда сайтындағы сурет.
белгілі адамдар да бар екеніндігінен» хабардар етті. Еске сала кетейік, Өмірзақ Озғанбаев желтоқсанның 22-сі күні Маңғыстау облысына арнайы барған президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда болған жиында, Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздікке кінәлілер мен жанжал шығарушыларды тергеу барысы Маңғыстау облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев басқаратын қоғамдық комиссияны қатыстыра отырып, ашық және жариялы түрде жүргізілуі тиіс деген еді.

Сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері керек болса мемлекеттік комиссия құрамында жұмыс істеуге де өздерінің дайын екенін айтып берді.

«Қазақстан қарулы күштерін полиция ретінде пайдалануға жол беруге болмайды. Қолындағы күштерді асыра пайдаланғаны үшін қақтығысқан екі тарапты да әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту керек», – дейді ауған соғысының ардагерлері.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ СӨЗІНЕ СЕНУІМІЗ КЕРЕК»

Ауған соғысының ардагерлері Жаңаөзен оқиғасына айыптылардың бірі ретінде Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевты атады.

«7 ай бойы Маңғыстау облысы азаматтарының еңбек даулары мен ондағы әлеуметтік шиеленісті шеше алмағаны үшін Қазақстан премьер-министрі орнынан кетсін. Адам өліміне әкелген оқиғаға жол бергені үшін Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Қырымбек Көшербаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалсын», – деген талап қойды ауған соғысының ардагерлер.

Олар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтау мен Жаңаөзенге барып, жағдайды өз көзімен көріп кеткені дұрыс болды деп бағалайды.

«Оған осыған дейін дұрыс ақпарат жетпей келген. Енді болған оқиғаны әділ зерттеуге мүмкіндік туғызады деп санаймыз», – дейді олар.

Осы орайда Азаттық тілшісі «премьер-министр, облыс әкімі білген ақпараттарды президенттің білмей қалуы мүмкін бе?» деген сауал қойған еді.

«Президенттің өзі «білмей қалдым» деді емес пе, демек біз сол сөзге сенуіміз керек», – деп жауап берді төралқада отырған ауған соғысының ардагерлері.

«АЙЫРЫМ БЕЛГІСІ ҚАЙДА?»

Ауған соғысы ардагерлері Алматы қалалық үйлестіру кеңесінің орынбасары Байкал Хамзин «ереуілге шыққандарды күштеп басқан ОМОН жауынгерлерінің кеуделерінде аты-жөні жазылған айырым белгісі болуы керек еді. Ол болған жоқ» дегенді айтады.

«Ондай белгі коменданттық сағат орнатқаннан кейін сол тәртіпті қадағалайтын күштерде де болуы керек. Қолында қару мен билігі бар қадағалушы күш өкілдерінің кеуделерінде аты-жөндері де жазылып тұруы тиіс. Әйтпесе олар заңсыз күш қолданған жағдайда кімнің кім екенін қайдан біледі? Мәселен, ондай белгіні жол
Ақтаудан келген ауған соғысының ардагері Байрам Мәмедов. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.
Ақтаудан келген ауған соғысының ардагері Байрам Мәмедов. Алматы, 28 желтоқсан 2011 ж.
полициясы кеуделеріне тағып жүр. Меніңше, ондай белгі болса танып қояды деп қорыққандықтан тақпайды», – дейді Байкал Хамзин.

«Жаңаөзендегі оқиға кезінде оқ атылғаны қалай болғанда да дұрыс емес. Ақтауда 24 адамнан құралған қоғамдық комиссияға біз де қосылдық. Бірақ болған оқиғаға бағаны халық береді. Дәл қазір, әсіресе жастардың ызадан қаны қайнап тұр», – дейді Ақтаудан келген ауған соғысының ардагері Байрам Мәмедов.

Ол «мұнайшыларды арандатушылар болды» деген пікірге қосылатынын айтады.

«7 ай алаңда тұрған мұнайшылардың «Қазмұнайгаз» компаниясы берген формасы ескі болатын. Дәл сол күні бір топ адам жаңа форма киіп шықты. Олар жаңа форманы қайдан алды? Халыққа шындық керек», дейді Байрам Мәмедов.
XS
SM
MD
LG