Accessibility links

IWPR сотталған жаңаөзендіктер отбасына барды


«Жаңаөзен ісі» бойынша айыпталған азаматтар сот залында тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.
«Жаңаөзен ісі» бойынша айыпталған азаматтар сот залында тұр. Ақтау, 4 маусым 2012 жыл.

Соғыс және бейбітшілік институты «Жаңаөзен ісі» бойынша сотталған азаматтардың отбасылары жайлы, олардың қазіргі тұрмыстары туралы мәліметтер жариялады.

Соғыс және бейбітшілік институты (Institute for War & Peace Reporting - IWPR) халықаралық ұйымы қаңтардың 31-і күні Жаңаөзен ісі бойынша сотталғандардың отбасылары туралы мәлімет жариялады.

АЙНА ДАРИЯБАЕВА

IWPR жариялаған мақала Жаңаөзен қаласындағы Айна Дариябаеваның басындағы ауыр жағдайды сипаттаудан басталған.

Ұйымның мәліметіне қарағанда, Айна төрт баласына әлі күнге дейін әкелерінің сотталғанын айтпаған. Күйеуі Қанат Жүсіпбаев - Жаңаөзен оқиғасынан кейін қамалған 50 шақты адамның біреуі.

IWPR «Қазақстан соты Жүсіпбаевпен бірге қамалған 40 шақты азаматтың 13-ін «айыпты» деп, бас бостандығынан айырды» дейді.
Жаңаөзен сотына қатысып отырған айыпталушылардың туыстары. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл.
Жаңаөзен сотына қатысып отырған айыпталушылардың туыстары. Ақтау, 2 тамыз 2012 жыл.

Айна Дариябаеваның «видеоларда менің күйеуім шеру арасында жоқ» деген айғағы сотта пайда бермеген. IWPR «Жүсіпбаевтың алты жылға сотталып, Атырау түрмесінде жазасын өтеп жатқанын» хабарлайды.

Ұйымның баяндауына қарағанда, «Күйеуі қамалған соң Айна төрт баламен жалғыз қалған. Кіші қызы - сегіз айлық сәби. Сегіз жасар қызы мен бес және алты жастағы екі ұлы әкелерін 2011 жылдың желтоқсан айынан бері көрмеген».

«Әкелерінің сотталғанын айтқан жоқпын. Алыста жұмыс істеп жүр деймін. Балаларымның қызыққан заттарын сатып ала алмай қалғаны жаныма батады. Әкеміз тезірек оралса екен деп тілейміз» дейді Дариябаева.

Мақала авторы «асыраушысынан айырылып, күнделікті ас-ауқатқа зар болған отбасылардың істі қайта қарауға арыз бергенін, жәрдем сұрап, «Өзенмұнайгаз» компаниясы мен қалалық әкімдікке барғандарын, оларынан нәтиже шықпағанын» жазған.

Автордың дерегіне қарағанда, «Олар сот үкіміне қыркүйек айында (үкім кесілген бетте) қайта шағым түсірген. Жергілікті басшылар полицияның оғына ұшқан марқұмдардың жылдығын беруге рұқсат еткен желтоқсан айында олар үкімді өзгертуге екінші рет әрекеттеніп көрді».

АЙНАГҮЛ ТАУАРОВА

IWPR мамандары Жаңаөзен қаласының тұрғыны Айнагүл Тауарованың жайын баяндаған. Айнагүлдің күйеуі төрт жылға сотталған екен.
«Соғыс және бейбітшілік институты» - IWPR белгісі.
«Соғыс және бейбітшілік институты» - IWPR белгісі.

Оның өзі «Садақа (мемлекеттен жәрдемақы) сұрап отырған жоқпын. Төрт баламды асырайтын жұмыс іздеп жүрмін» деген. Жалақысы татымсыз болса да, қазіргі жұмысына шүкір дейді.

Айна Тауарованың IWPR ұйымына берген мәліметіне қарағанда, «Сотталған азаматтардың кейбірінің үйіндегі жағдай тіпті қиын. Кей шаңырақтар күтімге мұқтаж қарттарды бағып отыр. Енді бірінің қарасатын туыстары жоқ».

Айна Тауарова IWPR мамандарына өз жағдайынан гөрі Роза Төлетаеваның жайын көп баяндауға тырысқан. Оның айтуынша, «Төлетаева - сотталған азаматтардың ішіндегі жалғыз әйел. Кесімі - жеті жыл».

IWPR Роза Төлетаеваның жесір әйел екенін ескертеді. Төлетаеваның 20 жастағы үлкен қызы өз сәбиіне қоса 14 жастағы сіңілісі мен жеті жасар інісіне қарап қалған.

ШАМШЫРАҚ НҰРАНОВА

Ұйымның осы жазбасында Шамшырақ Нұранова есімді келіншектің жайы да айтылған.

«Жергілікті әкімшілік оған айлығы 12 мың 500 теңге (80 доллар) болатын жұмыс тауып берген. Бірақ жалдап тұратын пәтерінің айлық ақысы - 30 мың теңге. Нұранованың үш жасар баласы бар. Одан бөлек, сотталып кеткен күйеуі Бауыржан Непестің екі інісіне бас-көз болып отыр».

«Туыстарым бар. Алматыда тұратын ата-анам көмектеседі. Күйеуімнің де туыстары бар. Қолынан келген көмектерін аямайды. Осылай тіршілік етіп жатырмыз» дейді ол.

ӘКІМДІКТІҢ ҚАЙЫРЫ

IWPR мамандары Жаңаөзен әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Таңсұлу Жәкешовамен сөйлескен. Ол «жергілікті билік органдары сотталғандардың отбасыларымен байланыс орнатқанын» баяндаған. Таңсұлу Жәкешованың айтуынша, «12 отбасы 4700 доллар жәрдемақыға қосымша тағы да қаржылай көмек алған. Ипотекасы бар сегіз отбасы қарыздарын өтеген. Сотталған азаматтардың балаларын балабақшаға орналастырып, мектептегі шығындарын олар субсидия есебінен төлеген».
«Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының жөндеуден өткен ғимараты. Жаңаөзен, 12 желтоқсан 2012 жыл.
«Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының жөндеуден өткен ғимараты. Жаңаөзен, 12 желтоқсан 2012 жыл.

«Біз сотталған бес азаматтың әйеліне жұмыс табу үшін «Өзенмұнайгаз» компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз» дейді Жәкешова.

«Өзенмұнайгаз» акциясының негізгі бөлігі - Қазақстан үкіметінің меншігі. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының коммуникация және корпоративті әлеуметтік жауапкершілік бөлімінің директоры Ербол Исмаилов IWPR ұйымының мамандарына «компанияның 2011 жылдың желтоқсанынан бері қаланың көркеюіне елеулі үлес қосқанын» айтқан.

«Қазмұнайгазға» қарасты «Өзенмұнайгаз» бен «Ембімұнайгаз» жергілікті бюджетке көбірек қаржы аударып, әлеуметтік жобаларға да ақша бөліп отыр» дейді Ербол Исмаилов.

Ол «компанияның бұрынғы жұмысшыларының туыстарын шеттетін саясаттың жоқ екенін» де айтып, «Кез-келген адам бізге жұмыс сұрап келе алады» деген. Бірақ кадр бөлімінде қазірдің өзінде жұмыс сұраған бес мың адамның арызы жатқанын ескерте келіп, «Ешкімге уәде бере алмайтындарын» да айтқан.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін мұнай компаниясындағы жұмыстарына шыққан мұнайшылар жұмыс жағдайының жақсарғанын байқаған.

«МҰНАЙШЫЛАР ЖОЛДАСТАРЫН ҰМЫТПАЙДЫ»

Шеру кезінде жұмыстан шығарылған мұнайшылар компанияға қайта шақырылған.

Дариябаеваның айтуынша «мұнайшылар сотталып кеткен әріптестерін ұмытпаған. Үй іштеріне жәрдем беріп тұрады».

Бұл мәліметті IWPR мамандарына Нұранова да растаған. Ол «Мұнайшылар өз қалтасынан бізге көмектесіп тұрады» дейді.
XS
SM
MD
LG