Жаңаөзен қаласындағы «Бұрғылау» компаниясының жұмысшылары, тәуелсіз кәсіподақтың жетекшісі Данияр Беспаевтың дүйсенбі күні Азаттық радиосына мәлім еткеніндей, аштық акциясын уақытша тоқтатты.
- Жарты айдан астам уақыт аштыққа шыдаған бұрғышылар акцияны уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазір акцияға қатысқан он шақты жұмысшы ауруханада жатыр. Бұрғышы жігіттердің бәрі жігерлі. Қажет болса, аштық акциясын жалғастыруға дайын, - деді Данияр Беспаев.
Бұған дейін хабарланғандай, наурыздың 18-нде басталған жүздеген бұрғышының ереуілін Жаңаөзен қаласының соты заңсыз деп тапқан соң, жұмысшылар наразылық акциясын сәуірдің 2-нде уақытша тоқтатқан болатын.
Артынша-ақ «Бұрғылау» ЖШС-нің бас директоры Төлеген Әжібаев жұмыстан босатылып, компанияның жаңа басшысы ретінде бұған дейін осы кәсіпорынның бөлім бастығы қызметін атқарып келген Таңат Сейітмағамбетов тағайындалды.
- Біз мәселені шешу үшін екі жақты бітімгерлік комиссиясын құрдық. Оған қос тараптан жеті адам мүшелікке қабылданды. Бүгін комиссияның алғашқы мәжілісін өткіздік. Ал, сәуірдің 10-нда өтетін кезекті жиналыста мәселелерді жеке-жеке талқылап, олардың әрқайсысының орындалу уақыттарын белгілейміз деп жоспарлап отырмыз. Мәселенің бәрі бітімгершілік комиссияның шешіміне байланысты болады,–деді «Бұрғылау» компаниясының бас директоры Таңат Сейітмағамбетов.
Ереуілшілер «Бұрғылау» компаниясын «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» акционерлік қоғамының құрамына қайтаруды, еңбек келісімшарттарының ережелері сақталуын, жалақының уақытылы әрі толық көлемде берілуін, жұмысшылардың қысқартылмауын, сондай-ақ, кәсіпорындағы қауіпсіздік қызметі бөлімін жоюды талап етті.
- Жаңа өзгерістерді бұрғышылардың жеңісі деп атауға әлі ерте. Қазір біз бітімгершілік комиссиясының аясында осы талаптарымызды шешуге күш саламыз. Талаптардың орындалуына үш ай мерзім белгіледік. Осы уақыт аралығында оң шешім қабылданбаса, онда ереуілді қайта жалғастырамыз. Және де, екінші қарқын бұдан да мықты болатындығын ескертіп отырмыз, - деді кәсіподақ жетекшісі Данияр Беспаев.
ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарушы Таңат Сейітмағамбетовтың айтуынша, талап-тілектердің орындалуы көбіне-көп өндіріс көлемінің қарқынына байланысты болады. Кәсіпорындағы жұмыс сәуірдің 3-нде қайта жалғасты. Өндіріс базасындағы жұмыстың тоқтауынан «Бұрғылау» ЖШС 686 миллион теңге шығынға батты.
Бұрғылау және ұңғыларды күрделі жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Бұрғылау» компаниясы 1997 жылы қазан айында құрылған. Қазіргі таңда серіктестіктің есебінде 1773 жұмысшы бар.