Интернетте жарияланған жаңа видеода жерде жатқан екі жігіттің жақыннан түсірілген бейнелері көрсетілген. Біреуі денесіндегі жарақатты ауырсынып айғайлап жатыр, ал үстіндегі киімі қанға малшынған екіншісі еш қимылсыз жатыр. Видео барысында үздіксіз естілетін атыс дыбысы біртіндеп жақындай береді. Арнайы жасақ тобының (ОМОН) таяу келіп қалғанын көрген жас жігіттер жерде жатқан екеудің жанынан қаша бастайды, әлдекімнің «алып кетейік» деген дауысы естіледі.
Ресми деректер бойынша, Маңғыстау облысы Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 16 адамның қаза болған, алайда бейресми деректерде қаза болғандар мен жарақат алғандардың саны одан көп екендігі айтылады. Қаланың кейбір тұрғындары хабар-ошарсыз кетті деген ақпаратты Қазақстан бас прокуратурасы жоққа шығарып, азаматтардан ондай шағым-өтініш түспегенін мәлімдеді.
Желтоқсанның 29-ы күні бас прокуратура Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді басу кезінде оқ атқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Алайда күдіктілер санатында қанша полиция қызметкері бар екендігі туралы айтылмады.
Сонымен бірге прокуратура, қарусыз адамдарға полицияның оқ атып, құлағандарды ұрып-соққаны бейнеленген, оқиғадан соң бірнеше күннен кейін интернетте жарияланған әуесқой видеоның да тексерілетіні туралы мәлімдеп отыр.
Жаппай тәртіпсіздіктерден соң бірнеше күн бойы байланыс желісінен ажыратылған Жаңаөзен қаласында интернет және телефон байланысы қалпына келген соң оқиға туралы видеолар интернетке көптеп шыға бастады. Кейбір куәгерлер қалада полицияның тұрғындарға зорлық-зомбылық жасағаны туралы да хабарлаған еді.
Полиция Жаңазендегі «жаппай тәртіпсіздіктерге белсене қатысқан және ұйымдастырған деген күдікпен 18 адам ұсталды, ал бұл істер бойынша күдіктілердің жалпы саны 40 адам» деп хабарлады. Бұған қоса, Маңғыстау облысындағы Шетпе станциясында тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыстардан соң 10 адам тұтқындалған.