Accessibility links

"Атабаев пен Мамайды абақтыдан шығарады" деген хабар тарады


Театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) және "Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай (сол жақта) мұнайшылармен 2011 жылы жазда кездесіп тұр. (Маңғыстау мұнайшылары ереуіліне арналған көрмедегі суреттің фотокөшірмесі).
Театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) және "Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай (сол жақта) мұнайшылармен 2011 жылы жазда кездесіп тұр. (Маңғыстау мұнайшылары ереуіліне арналған көрмедегі суреттің фотокөшірмесі).


Болат Атабаевтың адвокаты Жаңаөзен қалалық соты ҰҚК-нің айтуымен маусымның 29-ында қамаудағы режиссерге қолданылған жазаны ауыстырмақ болды деп ойлайды. Жанболат Мамайдың адвокаты бұл хабарды "асығыстау айтылған" деп санайды.

Маусымның 29-ы Болат Атабаевтың қарындасы Дана Атабаева мен адвокаттар бастаған бір топ адам "белсенділерді қамаудан шығарады" деген үмітпен Ақтаудағы ҰҚК абақтысының алдында күтіп тұрғанын хабарлады.

Ал "Рух пен Тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайдың әкесі ұлының маусымның 29-ы күні шығатынын айтты.

"ІСТІ ТОҚТАТАМЫЗ ДЕП ЖАТЫР"

Жұма күні Болат Атабаевтың адвокаты Гүлнар Жандосова Болат Атабаевты абақтыдан шығару үшін техникалық құжаттар дайындалып жатыр деп мәлімдеді.

- Қылмыстық істі тоқтатып, оларды жібереміз деп жатыр, - деді Адвокат Гүлнар Жандосова Азаттық тілшісіне.

Адвокаттың айтуынша, Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды қылмыстық кодекстің 65-бабына сәйкес босатуы мүмкін.

65-бапта "Қылмыс жасаған тұлғаның өз әрекетіне өкінуіне немесе қылмыстың ашылуына көмектесуіне, басқа да әрекеттерімен келген зиянды өтеуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы" қарастырылған.

Театр режиссері Болат Атабаевтың бостандықта жүрген кезі. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.
Театр режиссері Болат Атабаевтың бостандықта жүрген кезі. Алматы, 14 наурыз 2012 жыл.


Адвокат Гүлнар Жандосованың Азаттыққа берген ақпараты бойынша, Болат Атабаев пен Жанболат Мамай «әлеуметтік араздық тудыру» ісі бойынша айыпталушыдан куәгерге айналады. Екі азамат шыққаннан кейін, жағдайдың анық-қанығын айтып, арнайы баспасөз мәслихатын бермек.

"ІСТІ ТОҚТАТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАСТЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖОҚ"

Ал Жанболат Мамайдың адвокаты Абзал Құспанов «бұл екі азаматқа қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты ешқандай шешім қабылданбағанын», қазір «бұл мәселе қарастырылып жатпағанын» айтты.

- «Айыпталушыдан куәгерге айналды» деу - асығыстау айтылған нәрсе. Себебі, қазір қылмыстық істі тоқтату туралы мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Бұл мәселе шешіліп жатыр. Маусымның 28-і күні тергеу тобының басшысы (ҰҚК тергеу тобы - ред.) Балдайыров тарапынан нақты осындай ұсыныс болды. Яғни, Жанболат Мамай мен Болат Атабаевқа қатысты шараларды (тұтқындау немесе босату - ред.) өзгерту туралы. Яғни, бұған дейін қабылданған шешім бойынша қамауға алынды ғой. Енді сол қамаудан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыру қаралып жатыр қазір, - деді Абзал Құспанов.

Абзал Құспанов, адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Орал, 29 қараша, 2011 жыл.
Абзал Құспанов, адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Орал, 29 қараша, 2011 жыл.

Абзал Құспановтың айтуынша, қамақты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен өзгерту туралы сот шешімі әлі қабылданбаған.

- Қазір бұл мәселе Жаңаөзен қалалық сотында қаралып жатыр. Шешім бүгін қабылдануы тиіс. Тергеу орындары өздері өтініш бергеннен кейін, оны прокуратура қолдағаннан кейін, сот әдетте қарсы шықпайды, - дейді Абзал Құспанов.

Ал, Ақтаудағы ҰҚК тергеу тобының жетекшісі Нұрлан Балдайыров Азаттық тілшісіне "әзірге бұл ақпараттарды растап, болмаса теріске шығара алмайтынын" айтты.

- Әзірге ештеңе айта алмаймын, - деді ол.

Жаңаөзен қалалық сотының қабылдау бөлмесінде телефон тұтқасын көтерген қызметкер "мұндай істің сот қарауына келіп түспегенін" айтты.

"ПІКІРІМДІ ӨЗГЕРТКЕН ЖОҚПЫН"

Екі күн бұрын, маусымның 27-сі күні Азаттық қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған Болат Атабаев пен Жанболат Мамайға қылмыстық кодекстің 170-бабы бойынша қосымша айып тағылғанын хабарлаған болатын.

Сол күні хабарласқан Азаттық тілшісіне Болат Атабаевтың адвокаты Гүлнар Жандосова:

- Жағдайы жақсы. Ол кісі «Сұраған адамдарыңызға айтыңыз, мен өзімнің пікірімді өзгерткен жоқпын. Алдында қандай пікірлерді айтып, жазып келсем, сол пікірімде қалдым» деді, - деген еді.

Театр режиссері Болат Атабаев және "Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай маусымның 24-і Ақтаудағы тергеу абақтысына жеткізілген еді.

Жанболат Мамайдың бостандықта жүрген кезі, Алматы, 26 қаңтар 2010 жыл.
Жанболат Мамайдың бостандықта жүрген кезі, Алматы, 26 қаңтар 2010 жыл.


Маусымның 15-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетті.

Белсенділер қуғындалған кезеңнен бері Amnesty International, Германия үкіметінің өкілі мен осы елдің өнер саласындағы белгілі қайраткерлері Болат Атабаевты қолдап шықты.

Маусымның 15-і күні Төлеген Жүкеев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Әміржан Қосанов, Ермұрат Бәпи, т.б. оппозиция белсенділері "Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды қорғау комитеті құрылғанын" мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG