Accessibility links

Курск облысында украин әскерінің шабуылға талпынғаны жөнінде хабар тарады


Бірнеше ресейлік әскери телеграм-арна жексенбі күні таңертең Ресейдің Курск облысында украин әскерінің шабуылға көшкені жөнінде хабар таратты. Бұл жөнінде Украина ұлттық қауіпсіздігі және қорғаныс кеңесі жанындағы жалған ақпаратпен күрес орталының жетекшісі Андрей Коваленко хабарлады.

Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак "Курщина, жақсы жаңалық, Ресей өзіне лайық нәрсені алады" деп жазып, ақпаратты жанама түрде растады.

Ақпаратқа қарағанда, соққы 2024 жылдың тамыз айынан бері Украина әскерінің бақылауында болған Суджа ауданының орталығы жағынан Большой солдат елді мекеніне қарай бағытта жасалған. Бұл Суджаның солтүстік-шығысына қарай орналасқан тағы бір аудан орталығы.

Ресейлік арналардың жазуынша, шабуылға бронды техника, минадан тазартатын машиналар, радиоэлектронды күрес құралдары қатысқан. "МИГ России" арнасының жазуынша, украин әскері Большой солдат елді мекені маңындағы Бердин ауылы үшін шайқас кезінде "кішігірім табысқа" жеткен.

Украиналық блогер Анатолий Шарий (Украина билігі оны Кремль мүддесіне қарай жұмыс істеді деп айыптайды) бірнеше күн бұрын украин әскерінің Большой солдат елді мекеніне қарай бағытта шабуылға дайындалғанын жазған. Оның сөзінше, ресейлік әскер бұған дайын болмаған.

Ресей қорғаныс министрлігі "Мәскеу уақытымен сағат 9-дар шамасында Курск бағытындағы Ресей әскерінің шабуылын тоқтату үшін Украина күштері қайта шабуыл жасады" деп мәлімдеді. Ведомствоның хабарламасын ТАСС агенттігі таратты. Ресей ведомствосының мәліметінше, шабуылға "екі танк және десант жасағы бар 12 бронды техника" қатысқан. Ведомство бронды техниканың басым бөлігі жойылғанын айтты.

Украина қарулы күштері украин күштерінің шабуылы жөнінде хабарлаған жоқ.

Курск облысындағы жағдайға қатысты тәуелсіз дереккөздерден мәлімет табылмай отыр. Шайқас жүріп жатқан шақта мұндай мәліметті табу өте қиын.

Украина әскері былтыр тамыз басында Ресейдің Курск облысының біраз аумағын басып алған. Ізінше орыс әскері басып алған аумақтың шамамен жартысын қайтарды, алайда қазірге дейін Украина күштері Суджа мен шамамен 500 шаршы шақырым жерді ұстап тұр. Бұған дейін, Bloomberg дереккөзі Курскіде украин әскерінің басып алған аумақтардан айырылуы Ресеймен атысты тоқтату бойынша келіссөз кезінде Украинаның позициясын қиындатуы мүмкін екенін айтқан еді.

20 қаңтарда өтетін АҚШ президентінің инаугурациясы жақындаған шақта телеграм-арналар украин күштерінің жаңа шабуылға дайындығы жөнінде ақпарат таратқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG