Әндіжан соты Украинада Ресей әскері жағында соғысқан өзбек азаматының бостандығын төрт жыл екі айға шектеді. 40 жастағы ер адам " жалдамалы әскер және шет мемлекеттің әскери қызметіне тұру" бабы (141-бап) бойынша кінәлі танылды деп жазды Өзбекстанның ақпарат құралдарына сүйенген "Медиазона" сайты.
Іс материалдарына қарағанда, өзбек азаматы 2023 жылы сәуірде нәпақа табу үшін Мәскеуге барған. Бастапқыда ет дүкенінде істеген ол кейін "Новатэк" мұнай биржасына ауысқан. Ол жақта оны кейбір ресейліктер соғысқа тартып, "жоғары жалақы уәде еткен". Жараланған жағдайда өтемақы алатынын да айтқан.
Сол жылы жазда ол Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, арнайы полигонда екі ай әскери дайындықтан өткен. Сотталушы сот кезінде өзіне айына 450 мың рубль төленуі тиіс болғанын, алайда екі реттен 150 мың рубль алып, сонымен төлем тоқтағанын айтқан.
Ол сотта Шахтерск мен Бахмуттағы соғыстарға қатысқанын айтып, оннан астам украин солдатын өлтіргенін мойындаған. Соғыста "көзге түскенннен кейін" өзбек азаматы Луганскідегі барлау бөліміне ауыстырылып, сол жақта бірнеше ай жұмыс істеген.
Бұдан соң әрі қарай соғысқа қатысудан бас тартып, 2023 жылы желтоқсанда Мәскеуге оралған. 31 желтоқсанда ол Қазақстанға өтіп, әрі қарай өз еліне оралған.
Ол өз еркімен билікке беріліп, Украинадағы соғысқа қатысқанын мойындаған. Сот кезінде ол өзінің отбасының жағдайының нашар екенін алға тартып, ақша табу үшін соғысқа қатысуға мәжбүр болғанын айтқан.
Сот оның бұрын сотталмағанын және кінәсін толық мойындағанын, үш баласы барын ескеріп, шектеу жазасын берген.
Былтыр Өзбекстанның Ферғана облысында Украинада Ресей әскері жағында өзбек азаматы 5 жыл түрмеге кесілген.
Украинада соғысқа қатысып жатқан жалдамалы әскер қатарына қосылған қазақстандықтар да бар, бірақ олардың нақты саны белгісіз.
2023 жылы қарашада Қарағанды облысы Топар кентінің 34 жастағы тұрғыны Алексей Шомполов Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін алты жыл сегіз айға сотталған.
ПІКІРЛЕР