Accessibility links

Назарбаевтың билікке оралу ықтималдығы және Рысқалиевтің "бопсалауы"


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы аптада шетелдік басылымдар Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке қайтып оралу ықтималдығы, Атырау облысының ұзақ жылға сырттай сотталған бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің экс-президентті бопсалап жүргені және Дариға Назарбаеваның Англия сотындағы жеңісі жайлы жазды.

"НАЗАРБАЕВТЫҢ ТАҒДЫРЫ БАСҚА СОВЕТ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА ҰҚСАС"

"Билеуші элита ішінде дүрдараздық бар деген өсекке қармастан, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билікке қайтып келер ойы жоқ". Энергетика, мұнай тақырыбына сараптама жазатын Petroleum Economist басылымында жарық көрген мақала авторы Виктор Коцев осындай тұжырым жасайды.

Аты-жөнін атамауды сұраған қазақстандық шенеунік басылымға берген сұхбатында "былтыр президент қызметінен кетіп, тұңғыш президент титулын сақтап қалған Назарбаевтың ресми түрде билікке қайтып оралатын ойы жоқ екенін" айтқан. Басылымның жазуынша, "Назарбаев өзі таңдап орнына қойған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың басында Назарбаевтың қызы [Дариға Назарбаеваны] сенат спикері қызметінен алып тастаған соң" билік элитасындағы дүрдараздық туралы әңгіме басылған.

Назарбаев билігі тұсында денсаулық сақтау мен білім салаларына көп ақша жұмсалғанын, экономикалық реформа мен әлеуметтік тұрақтылыққа негіз қаланғанын және бұл жөнінен Қазақстанның аймақтағы басқа елдерден артық тұрғанын жазған автор экс-президенттің орнынан кетсе де, саяси билікке ықпалы күшті екенін де жазады.

"Сондықтан маусымның екінші жартысында тараған Назарбаев COVID-19 жұқтырды деген ақпарат ол көз жұмса, Қазақстанда қатерге толы билік вакуумы қалыптасады деген үрей туғызды" дейді автор.

"Назарбаевтың қазасы билік үшін ауыр тайталас туғызып, бұл ел алдында тұрған басқа дағдарыстармен қабаттасып кетер еді, себебі ол Қазақстанды әлі де басқарып отыр" деді СССР-ды зерттейтін болгариялық тәуелсіз сарапшы Веселин Авраамов басылымға сұхбатында.

"Оның мұрасы ала-құла, ал тағдыры капиталистік өмірге топ ете қалған бұрынғы совет басшыларының тағдырына ұқсас. Мұнай мен газды және басқа да табиғи ресурстарды экспорттап отырғанына қарамастан, Қазақстан азаматтарының едәуір бөлігі кедей өмір сүреді" деді Ресей Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының гесаясат жөніндегі сарапшысы Станислав Иванов.

Назарбаев отыз жылға жуық президент болып, 2019 жылғы 19 наурызда қызметінен кетсе де, "Нұр Отан" партиясының және аса ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Оның "Елбасы" деген титулы бар. Бұл титулдың арқасында Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғалмайды. Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылап, елді әлі басқарып отыр деп санайды.

РЫСҚАЛИЕВ ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІ БОПСАЛАДЫ МА?

"Қазақстан жоғарғы сотының Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевтің жақындарына оның мүлкінің бір бөлігін қайтару туралы маусымдағы шешімі – елде бұрын-соңды болмаған оқиға". The Diplomat басылымында жарық көрген "Қазақстан соты қылмыстық топтың активтерін қайтарды" деген мақалада журналист-зерттеуші Паоло Сорбелло жұмбағы көп бұл істі осылай сипаттайды.

"Жемқорлық жасап, мемлекет ақшасын шашқаны үшін сырттай 17 жылға сотталған Рысқалиев бір кездері бюрократқа айналған бизнесмен саналған әрі Қазақстанның мұнайға бай аймағының көмірсутегі индустриясының "гейткипері" болған. 2012 жылғы тамызда ол "денсаулығына байланысты" қызметінен алынды. Артынша Лондонға қашып кетті. Кейін ол "ұйымдасқан қылмыстық топты" басқарды деп айыпталды. Рысқалиев кеткен соң оның басты қорғаны саналған Аслан Мусин де президент әкімшілігінің басшысы қызметінен түсті" деп жағдайды сипаттайды автор.

Бергей Рысқалиев (сол жақта) Атырау қаласының әкімі кезінде Жайық өзені көпірінің ашылуында сөйлеп тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.
Бергей Рысқалиев (сол жақта) Атырау қаласының әкімі кезінде Жайық өзені көпірінің ашылуында сөйлеп тұр. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Басылым "Рысқалиев неден жазықты болды?" деген сауалға жауап іздеп, екі түрлі болжам жасайды

"Кейінгі жылдары табылған ең ірі мұнай кеніші Қашағанда істеген Сәлімжан Некпаев (Рысқалиевтің серіктесі) істі болып, 2012 жылы қамауға алынады. Қамауда жатқанда ол Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевті "жемқорлық пен ақша ұрлауға қатысы бар" деп айыптап, бас прокурорға хат жазады. Әлгі хаттан бірнеше күн өткен соң, Рысқалиев облыс әкімі қызметінен алынып, сотқа дейін үйқамаққа алынады. Бергей мен оның парламент депутаты болған бауыры Аманжан Рысқалиев сот отырысына дейін елден қашып кетеді. Яғни, ресми нұсқа бойынша Рысқалиевтің бұрынғы әріптесі әшкерелеген жемқорлық әрекеттері – бұлтартпас айғақ, сондықтан оның әріптестері де сотқа тартылуы тиіс еді" деп жазады басылым.

The Diplomat бұған қарама-қарсы бейресми нұсқаны да ұсынды. Бұл туралы 2013 жылы журналист Геннадий Бендицкий жазған. Оның болжауынша, "Рысқалиев 2011 жылы мұнайшылардың ереуілі болып жатқан Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына мемлекеттік "Қазмұнайгаз" компаниясының мүлкіне зақым келтіру үшін бұзақылар жіберген".

"Бұл – Атыраудағы мұнай өңдеу зауытына облыс әкімінің дегеніне көнбейтін жаңа басшылықтың тағайындалуына қарсылық болса керек. Бұл бәсекеде Рысқалиевтің басты қарсыласы – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы, "Қазмұнайгазға" иелік еткен "Самұрық-Қазынаның" басшысы Тимур Құлыбаев болған" деп жазады автор.

Журналистің жазуынша, "тәртіп сақшылары, яғни, Рысқалиевтің бұзақылары" ереуілші, көшедегі жай жүргінші деп қарап жатпастан, жұрттың бәріне күш қолданған. "Қазақстан тарихындағы ең қаралы оқиға кезінде 16 кісі қаза тапты".

"Детективке ұқсас таңқалдырар оқиғалар мұнымен бітпейді. Мемлекет қаржысын миллиондап ұрлады, заңсыз түрде елден қашып кетті деп ауыр айып арқалаған Бергей Рысқалиев 2018 жылы жұрт алдына шығып, бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен бірге "Жаңа Қазақстан" атты қозғалыс құратынын жариялады. Ғұмыры қысқа болған бұл қозғалыс қуғындағы оппозиция мен ел ішіндегі белсенділердің аз уақыт басын біріктірді" деп жазады басылым.

"Жаңа Қазақстаннан" соң Рысқалиевтің Лондонда жүрген видеосы шықты.

"Оппозиция белсендісі Ермұрат Бапидің айтуынша, Рысқалиев активтерінің аяқ астынан қайтарылуының бір сыры осы видеотаспаларда жатыр".

"2019 жылы тамызда Назарбаевтың Қазақстанның ең бай адамдарымен Лондонда қыдырып жүрген видеосы шықты. Интернетте жарияланбаған, бірақ Бапиға көрсетілген видеода Назарбаевтың қасында көңілдесі болған-мыс. Бапидың айтуынша, соттың тәркіленген мүлікті қайтарып беруі бұл дау-дамайды басу үшін Рысқалиевтің туыстарына сүйек-саяқ тастау деп қарауға болады" деп жазады the Diplomat.

Бірақ басылым Бапи айтқан видеоны көрмей мұны дәлелдеу қиын екенін және Қазақстанның құпияға толы элитасында мұндай өсек-аянның көп екенін ескертеді.

"Рысқалиев 2019 жылдың басында АҚШ конгресмендеріне миллиондаған доллар төлеп, өз атақ-абыройын қалпына келтіру науқанын бастады. Олар АҚШ өкілдер палатасына хат жазып, Рысқалиевке қарсы істі "саяси астары бар қудалау" деп атады. 2019 жылы президенттіктен кетуді ұйғарған Қазақстанның ең ықпалды адамына қарсы бопсалау тайталасында “жүздеген миллион доллар алды” деп айыпталған Рысқалиев әлсіз қарсылас болатын шығар. Десе де, Рысқалиев Назарбаевты видеоклип көмегімен бопсалады деген болжамға сену қиын болғанымен, Атырау облысының бұрынғы гейткиперіне активтерін қайтару шешімі – бұрын-соңды болмаған оқиға. Қазақстандағы адамдар бұл шешімнің негізділігі жөнінде алда да сұрақ қоя бермек" деп жазады мақала авторы Сорбелло.

"Прокурордың бұл активтер "адал еңбекпен табылған, қылмыстық әрекетке еш қатысы жоқ» деген сөзіне сенетіндер аз" дейді басылым.

“НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ МҮЛКІНЕ ШЫҚҚАН ШЕШІМ АЛДАҒЫ ІСТЕРГЕ КЕДЕРГІ БОЛМАУЫ ТИІС”

Pinsent Masons халықаралық құқықтық фирмасы өз вебсайтында Дариға Назарбаева мен оның ұлының Лондондағы үш жылжымайтын мүлкіне қатысты шыққан сот шешіміне қатысты пікір білдірген.

Ұлыбритания Қылмыспен күрес агенттігі (NCA) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен Назарбаеваның үлкен ұлына тиесілі деп болжаған Лондондағы үш жылжымайтын мүлікке қарсы "Шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін пайдаланған. Алайда жоғарғы сот агенттіктің бұл шешімінің күшін жойып, Назарбаевтар отбасы сотта жеңіп шыққан. Англия мен Уэльстің Апелляциялық соты (CoA) да агенттіктің апелляциясын қанағаттандырмай, жоғарғы соттың шешімін күшінде қалдырған.

"Қылмыспен күрес агенттігінің (NCA) болжамы бойынша, бұл дүние-мүлік Қазақстанның бұрынғы шенеунігі, Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және ұлының әкесі марқұм Рахат Әлиевтің заңсыз әрекеттен тапқан ақшасын заңдастыру үшін алынған. Агенттік мүліктердің тіркелген қожайындарына қарсы ордер берген, ал олар Жоғарғы сотқа шағымданған. Олардың айтуынша, үш мүліктің де Әлиевке және ол жасады деген қылмыстық іске қатысы жоқ, ол ешқашан бұл мүліктердің соңғы бенефициары болған емес" деп жазады басылым.

Дариға Назарбаева (сол жақта) және Ұлыбритания ханшайымы Элибазета ІІ Лондонда, 2015 жылдың қарашасы.
Дариға Назарбаева (сол жақта) және Ұлыбритания ханшайымы Элибазета ІІ Лондонда, 2015 жылдың қарашасы.

Рахат Әлиев Қазақстанның Австриядағы елшісі болған. Ол 2015 жылы Вена түрмесінде асылып тұрған жерінен табылған. Рахат Әлиев түрмеде қазақстандық екі банкирдің өлімі бойынша сотты күтіп отырған.

Сайттың жазуынша, Аппеляциялық сот судьясы Карр жоғарғы соттың Назарбаева мен ұлының пайдасына шығарған шешімдерді бұзуға еш негіз жоқ екенін, жоғарғы сот судьясы Лэнгтің барлық ұйғарымы заңға сай екенін айтқан. Карр "шығу төркіні белгісіз байлық ордерінің" соттағы жаңа құрал екенін, оны сотта талқылау арқылы болашақта пайдасын көруге болатынын" жеткізген.

Заңгерлік фирманың жазуынша, әдетте бұл елде апелляциялық соттар төменгі деңгейдегі соттардың шешімдерін қайта қарауға құлықсыз. Корпоративтік қылмыстық істер жөніндегі сарапшы, Pinsent Masons заңгері Фиона Камеронның айтуынша, мұндай іс бойынша Қылмыспен күрес агенттігінің жоғарғы сот шешімін өзгертуі өте қиын.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.

"Дегенмен Қылмыспен күрес агенттігінің (NCA) жемқорлыққа қарсы күресінде "Шығу төркіні белгісіз байлық ордерінің" кәдеге асатынына күмәнданбау керек. Бұл істің фактілері тым ерекше болды, сондықтан Аппеляциялық сот оларды анықтауға күш салды" деді Камерон.

Камеронның сөзінше, бұл шешім Қылмыспен күрес агенттігінің (NCA) болашақта "Шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін қолдануына кедергі болмауы керек.

"Қылмыспен күрес агенттігі (NCA) басқа да "Шығу төркіні белгісіз байлық ордерлері" кезек күтіп тұрғанын, күдікке ілінген заңсыз қаржыны анықтау үшін қолда бар құқықтық мүмкіндікті толық пайдаланатынын айтқан. Салыстырмалы түрде жаңа құрал болғандықтан, бұл сияқты прецеденттік құқық істері біраз қиындық туғызады, себебі соттар мен құқық қорғау органдары "Шығу төркіні белгісіз байлық" ордерін іс жүзінде қолдануып көруі керек" деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG