"ОРЫСТАРДЫҢ ҮДЕРЕ КӨШУІ" ЖӘНЕ "ТІЛ ПАТРУЛЬДАРЫ"
Қазақ ұлтшылдығы күшейіп, Қазақстан Ресейден алшақтап барады. Орыстардың үдере көшуі Мәскеудің Нұр-Сұлтанға ықпал ету тетіктерін азайтып жіберді. Есесіне Қытай бұл елге ықпалын арттырып жатыр. Бұл Кремль мен оның маңайындағыларды қатты толғандырады. АҚШ-тағы Jamestown foundation қоры сайтындағы мақалада Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасына осындай баға берген.
"[Қазақстанда] ұлтшылдық өршіп, орыстар кетіп, Қытай дендеп енген соң Қазақстан-Ресей байланысы қожырап барады" деген тақырып қойылған мақала авторы - Еуразиядағы этнос және дін мәселелері жөніндегі сарапшы Пол Гобл. Оның жазуынша, совет заманында бұл аймақ "Орта Азия және Қазақстан" деп аталатын, сол арқылы Қазақстанның Ресейге жақындығы баса көрсетілетін. Оның үстіне, ел халқының басым бөлігі орыстар болды және оның басшылары да "анағұрлым орыстанған" адамдар еді.
"Постсоветтік кезеңде Ресей сарапшылары бұл тіркестен бас тартты, бірақ бәрібір Қазақстанды басқа аймақтан бөлек қарастырды. Оның үстіне ол Мәскеудің ескі одақтастары Армения, Беларусь сияқты елдермен салыстырғанда онымен арада шешілмеген мәселесі ең аз республика саналды".
Автордың айтуынша, қазір жағдай жылдам өзгеріп жатыр. Оған себеп – "ел халқының басым көпшілігіне айналған қазақтар арасында ұлтшылдықтың өршуі". "Орыстардың кетуі Мәскеуді бұрыннан қолданып келген ықпал ету тетігінен айырды".
Пол Гоблдың жазуынша, кейінгі кезде Ресей мемлекеттік думасы депутаттары мен "Кремльге жақын сарапшылар" арасында "Қазақстан кезекті Украинаға айналуға бет алды" деген идея тарай бастаған. "Екінші Украинаны" автор "этносына тартатын ұлтшылдық бөлшектеген, Мәскеуге қас және Ресейдің Орталық Азия мен Оңтүстік Азияға ықпалын таратуда көпір емес, керісінше кедергі рөлін атқаратын ел" деп түсіндіреді.
"Олар оңтүстік көрші елдегі жағдай бақылаудан шығып кетпей тұрғанда батыл да жылдам әрекет етуді талап етеді" деген автор ресейлік сарапшылардың Қазақстандағы ұлтшылдық туралы риторикасына назар аударады.
"Қазақстанда қазақ тілінде сөйлеуді талап етіп, "тіл патрульдерін" құрған соңғы оқиғалар Ресей бақылаушыларын қатты толғандырады" дейді Пол Гобл. Мұнда ол Ресейге кіру құқығынан айрылып, Қазақстанда істі болған соң шетелге кеткен "Тіл майданы" YouТube-арнасының авторы Қуат Ахметовтің оқиғасын меңзеп тұрса керек.
Елден қуылған радикал ұлтшылдардың кейбірі Грузия мен Украинадан әрекет ете бастады деген Ресей басылымының ақпаратына сүйенген автор мұның "Мәскеуді қатты ашуландыратынын" айтады.
Оның жазуынша, Ресей сарапшылары арасында орыстар Қазақстанда "екінші сортты ұлт болып қалады" деген де қауіп бар.
"Қазақстанның солтүстігінен орыстардың үдере көшуі жеделдей түсті. Бұл тенденция осы қалпы сақталса, таяу арада орыстар ел халқының 10 пайызы болып қалуы мүмкін" деп жазады Пол Гобл.
Сарапшының ойынша, Ресейдің Қазақстанға қатысты саясаты мен көзқарасын қайта қарауға мәжбүрлейтін тағы екі мәселе бар. Оның бірі – Қытай мемлекеттік "Жэньмин жибао" ("Халық газеті") басылымы онлайн нұсқасын қазақ тілінде шығара бастады, бұл "Қазақстандағы ұлтшыл қазақтардың үлкен қолдауына ие болды", себебі олар мұны "Пекин Қазақстанды орысша емес, қазақша сөйлетін ел деп қарастыра бастады деп түсінген". "Бұл ишара постсоветтік кеңістікте орыс тілін барынша тықпалап кете жатқан Ресеймен салыстырғанда Қытайға ерекше басымдық береді" дейді Jamestown сарапшысы.
Ресейді толғандыруы тиіс екінші мәселе – Ауғанстанда билікке тәліптердің келуі. Ресей Ауғанстаннан қашқан босқындар өз ішіндегі исламшыл топтармен ауыз жаласып кете ме деп қауіптенеді, сондықтан олар шекара бақылауын күшейту үшін Нұр-Сұлтанмен келіссөзді жандандыра түскен. "Бірақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы кез-келген келісімнің ауылын алыстатып жіберетін тәрізді" дейді автор.
"Осы себептерге байланысты Мәскеу көп жылдан бері қауіпсіз айлақ санап келген Қазақстан алдағы айларда мүлде ол ойлағандай емес екенін дәлелдейтін сияқты" деп қорытады Пол Гобл.
ӨЗБЕКСТАН ОН ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАНДЫ БАСЫП ОЗА МА?
Билікке Шавкат Мирзияев келгелі бері болып жатқан өзгерістер арқасында Өзбекстанның экономикасы ерекше қарқынмен дамып барады, соның арқасында ол он жылда Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстанды басып озып, аймақтағы ең қуатты елге айналуы ықтимал. Британдық Financial Times басылымы осындай болжам жасайды.
Газеттің жазуынша, бес жыл бұрын ғана Өзбекстан инвестиция қабылдауға дәрменсіз еді. Қазір ол "экономикалық өсімімен күллі әлем инвесторларын өзіне қаратып отыр".
Автордың жазуынша, "елдің қаржысын құпия ұстаған" авторитар президент Ислам Каримов 2016 жылы көз жұмған соң билікке келген Мирзияев валютаны либералдандырып, "жаңа реформаға жол ашқан".
Өзбекстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2015 жылы 141-орында болса, былтыр 69-орынға көтерілген.
Осы аралықта мемлекет салықты азайтып, бюджет мәліметтерін жариялауға көшті, көршілермен сауданы жандандырды, ипотека несиесін бере бастады.
Еуропа қайта құру және даму банкі бұл елге жалпы 2,6 млрд еуро инвестиция құйған, соның жартысынан астамы – қазір жүріп жатқан жобалар.
2015 жылдан бері тікелей инвестиция көлемі үш есе ұлғайып, 1,7 млрд долларға жеткен, оның көбі жасыл экономикаға салынып жатыр. Ел астанасы – Ташкентте элиталық үй-жай, қымбат көлік көбейген, арасында электр көліктері де бар.
Дегенмен шешілмеген мәселе де көп дейді автор. Соның бірі – халықтың кедейлігі. Елдегі орташа айлық жалақы – 160 доллар.
"Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімнің төмендігі – Өзбекстан экономикасы үшін ең көкейкесті мәселенің бірі" дейді автор. Ресми болжам бойынша, елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ биыл 1900 доллар, ал 2026 жылы 2800 доллар болмақ. Сарапшылар қарқынды дамып жатқан елде табыс көлемі де жылдам артады деп болжайды.
Автордың жазуынша, қаржы саласындағы шенеуніктерді ең қатты толғандыратын нәрсе – елдегі екі таңбалы инфляция. Бірақ ол да жыл өткен сайын баяулайды деген болжам бар.
"Кейбір халықаралық болжамдарға қарағанда, халық санының өсуі мен экономиканы әртараптандыру арқасында Өзбекстан Қазақстанды басып озып, он жыл ішінде Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналуы мүмкін. Өзбекстан постсоветтік елдердің көбін біріктіретін Тәуелсіз мемлекеттер достастығында Ресейден кейінгі екінші орынды алуға ұмтылады" деп жазады Financial Times.
ПІКІРЛЕР