ИНТЕРНЕТ АВТОРИТАРИЗМ ҚЫЗМЕТІНДЕ
Австралияның Conversation жаңалықтар сайтындағы «Әлеуметтік желілер дәуіріндегі саясат» деген мақалалар топтамасында КИМЭП (Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты. - Ред.) ассистент-профессоры Нұрсейіт Ниязбековтің «Қазақстан билігі әлеуметтік желілерді наразылықты басып-жаншу үшін пайдаланады» деген мақаласы шықты. Қазақстанда интернет-технологиялардың дамуын талдаған Алматыдағы беделді институт – КИМЭП-тің қызметкері 2000 жылдардың басынан бері олардың қарқынды дамып келе жатқаны, мемлекеттік органдарда «Электронды үкімет» жүйесі енгізілгені және ресми тұлғалардың блогтары ашылғаны жайлы жазған. Сонымен қатар «Қазақстан билігінің сол кезеңдегі интернетпен қарым-қатынас эволюциясы [интернеттің] ұлттық деңгейде дамуы билікті халыққа жақындатумен қатар демократиялық емес режимдерге төнетін қатерге айнала алатынын көрсетті».
«2012 жылға қарай азаматтардың «электронды қатысуы» әлемдік рейтингінде Қазақстан екінші орынды (Сингарпурмен бірге) бөлісті. Бірақ Украинадағы 2005 жылғы Қызылт-сары революция, одан кейін 2011-2012 жылғы «Араб көктемі» толқулары посткоммунистік дикататорларға Facebook және Twitter тәрізді әлеуметтік желілерден сақтану қажеттігі туралы белгі берді. Әлеуметтік желілер диссиденттерді жұмылдыру үшін және авторитарлы режимдерді құлатуды көздейтін қозғалыстарды ұйымдастыру үшін тиімді құрал бола алатыны белгілі болды» деп жазады Conversation.
Қазақстанда тәуелсіз баспасөз бен виртуалды қоғамдық кеңістікті бақылау 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін тіпті күшейе түсті. Ол кезде Жаңаөзен мұнайшыларының көп айға созылған ереуілін бейбіт шерушілерге қарсы қару қолданып тоқтатқан әрі ресми дерекке сәйкес, 16 адам мерт болған. Бірақ Conversation сайтындағы мақала авторының жазуынша, Қазақстанда «интернетке мемлекеттік монополия орнату биліктің әлеуметтік желілерді белсенді пайдалануына ұласты», мысалы Facebook желісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әкімшілігінің парағы, Twitter және Instagram желілерінде Алматы әкімдігінің парақшасы ашылды.
«Әлдебір елеулі қоғамдық оппозицияның жоқтығы, тәуелсіз баспасөзді шектеу жұрттың кейбірі әлгі шараларды Қазақстанда бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау үшін қажет деп мәлімдейтін мемлекеттік насихатқа «алданатынын» көрсетеді. […] Осылайша Қазақстанда интернет авторитаризмді сақтап қалуды қамтамасыз ете алды» делінген мақалада.
ҚАЗАҚСТАНМЕН ШЕКАРАДА
Пәкістандық Nation газеті Пекин «Бір белдеу – бір жол» деп атайтын стратегияны қолдау үшін Frontier Services Group (FSG) компаниясының Шыңжаңдағы жаңа оқу орталығы сияқты Қытайда жаңа базалар ашу жоспарлары жайлы жазған. Компания өкілдері стратегияның Қазақстан, Өзбекстан, Пәкістан және Ауғанстан сынды елдерді қамтитын Солтүстік-Батыс дәлізін дамыту жұмыстарын бастайтынын мәлімдеген.
FSG қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын елдерде жұмыс жасайтын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, қазір көбінесе Африка елдерінде жұмыс істейді. Қытайдың көбінесе ұйғырлар тұратын тынышсыз әрі Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан және Тәжікстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы – Азия мен одан тысқары елдерде сауда-саттық пен көлік байланысын дамытуды көздейтін «Бір белдеу – бір жол» стратегиясының негізгі бөлігі. Провинцияда Пекиннің авторитарлы басқаруына қарсы үнемі көтеріліс болады. Жуырда Қытай баспасөзі Шыңжаң аймағы басшысының террорлық қатерді азайту мақсатында шекараға жақын аудандарда қауіпсіздік шараларын күшейту жоспарлары жайлы мәлімдемелер жасағанын хабарлаған.
АЛМАТЫДАҒЫ НАН МЕН ШАРАП БАҒАСЫ
Америкалық Los Angeles Times газетінде «Алмас картелі» қазақстандық атыс-шабыс фильмі – баяғыда ұмытылған қоймалжың» деген мақалада қазақстандық режиссер Саламат Мұхаммедәли, Магамет Бачаев және Дәурен Мұса үшеуі бірлесіп түсірген фильмді сынаған. Фильмді «осы жарайды» сарынындағы әуендер аясында өтетін визуальды стильдердің талғамсыз қоспасы» деп атаған.
«Сірә, ең сорақысы, «Алмас картелі» қисынсыз қоймалжыңы - Питер О’Тулдың экранға соңғы рет шығуымен [тарихта қалатын фильм ретінде] танылатындығы» деп жазады Los Angeles Times.
Оңтүстік Африкадағы Eyewitnes News газетінде Economist Intelligence Unit агенттігі жылына екі мәрте жариялайтын әлемнің ең қымбат қалалары рейтингіне қатысты комментарий жазған. Газеттің бағалауынша, «Арзан болғанымен, кейде көңілсіз қала» бөлімінің төменгі орынына іліккен Алматы өмір сүру үшін ең арзан қала ретінде аталған. Ең арзан қалалар қатарында Алматыдан бөлек, Нигериядағы Лагос, Үндістандағы Бангалор, Пәкістандағы Карачи және Алжирдегі Алжир қалалары аталған. Әлгі рейтингте әлемнің ең қымбат бес қаласының төртеуі - Сингапур, Гонконг, Токио және Осака - Азияда орналасқан қалалар. Швейцарияның Цюрих қаласы үшінші орында тұр.
Рейтингке енген қалалар тамақ өнімдері, киім-кешек, тұрмыс заттары тәрізді 160-қа жуық тауар мен қызмет түрлерінің бағасы сияқты параметрлер бойынша бағаланған.