Ақпанның 13-і - халықаралық радио күні.
Кейбір адамдар 21-ғасырда радио бірте-бірте тарихқа кетеді деп ойлайды. Бірақ әлемнің түкпір-түкпірінде радионы күнделікті тыңдайтын адам көп. Сондай аймақтың бірі – Орталық Азия (ОА). ОА елдері тұрғындары үшін радионың алатын орны қандай? Бұл мәселені Азаттық дөңгелек үстелде талқылады.
Талқылауды Азаттықтың БАҚ-пен байланыс менеджері Мұхаммад Тахир жүргізді. Оған Тәжікстанда Asia-Plus тәуелсіз ақпарат агенттігін құрған Умед Бабаханов, Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты, Бостон Солтүстік-шығыс университеті профессоры Бақыт Бешимов және осы мақаланың авторы Брюс Панниер қатысты.
Бабаханов "Совет Одағы кезінен ОА елдерінде радио маңызды ақпарат таратушы құрал болып келеді. Мен тіпті теледидардан да маңызды дер едім. Бабахановтың айтуынша, «ОА елдері аграрлық мемлекеттер болғандықтан, жұрт радионы алқаптарда, жайылымдарда алып жүріп тыңдаған».
Бешимов 2007 жылы парламент сайлауына түскенде ел аралағанын, Қырғызстан аймақтары халқымен кездескенде олардың сайлау науқаны туралы ақпараттары жеткілікті болғанын айтады. "Сіздер парламент сайлауы туралы ақпараттарды қайдан алып отырсыздар?" деген сұраққа жұрт "Азаттық радиосынан (Қырғыз редакциясын айтады- ред.) алып отырмыз" деген.
АҚПАРАТТЫҚ ШОК
Дөңгелек үстелге келген екі маман да Совет Одағы кезінде кейбір адамдардың шетел радиоларын тыңдағанын еске алды. Ол заманда мұндай әрекетке тыйым салынған, бірақ мыңдаған дамдар жасырынып шетел радиотолқындары ақпараттарын тыңдайтын болған.
Бешимов 1970 жылдары досының «Америка дауысы» радиосымен таныстырғанын айтады. «Бұл мен үшін ақпараттық шок болды. Мен Совет Одағындағы оқиғаларға қатысты мүлде басқа көзқарастарды естігенде таңғалдым» дейді ол.
Бабаханов 1986 жылы Совет армиясында Севастополь қаласында қызмет еткенін еске алды. Ол араб тілі аудармашысы, қасындағы украин жігіт ағылшын тілі тілмәші болған. «Бір күні, қателеспесем, сәуірдің 26-сы болуы керек, біз BBC радиосын тыңдап отырдық. Кенет Чернобыль атом электр станциясында апат болғанын естідік» дейді ол.
Совет Одағындағы БАҚ апат жайлы бірнеше күн бойы ешқандай ақпарат таратпаған. Бабахановтың қасындағы жігіт үйленген, екіқабат әйелі Киевте тұрып жатқан. Екеуі не істерлерін білмей әбігерге түскен. Өйткені, әскери қызметкерлерге BBC-ді тыңдауға болмайтын. Бірақ украин жігіт қол қусырып отыра алмайтынын айтқан. Екеуі әскери бөлімнің командиріне барып, ақпаратты жеткізген. «Командирлеріміз шетел ақпараттарына сенбеңдер, олар өтірік айтады деді» дейді Бабаханов.
Бірнеше күннен кейін Чернобыльде апат болғанын советтік БАҚ та хабарлай бастаған.
ОА елдерінің көбіндегі жағдай қазірдің өзінде осыған ұқсас. Мәселен Түркіменстанда табиғи апат ауқымы туралы, үкіметтің сәтсіз қадамдары жайында хабарланбайды. Тіпті Ауғанстанға АҚШ әскері кіргенде де шекаралас Түркіменстан жұрты естімеген. Бұл елде мемлекеттік ақпарат құралдары ондай хабар-ошарларды жасырып қалады.
Қырғызстандағы ақпараттық жағдай да Тәжікстандағыдан аса жақсарып кете қоймаған.
Бабахановтың айтуынша,«Тәжік билігі әлі күнге дейін радио мен телевизия ел қауіпсіздігі үшін стратегиялық нысандар деп санайды».
Бұрынғы элита сондай болды делік, бірақ қазіргі жас элита да түрлі ақпараттарды, оларды тарататын түрлі БАҚ-тардың үнін қалай тұншықтырсақ деп ойлайды.
Бешимов «Бұрынғы элита сондай болды делік, бірақ қазіргі жас элита да түрлі ақпараттарды, оларды тарататын түрлі БАҚ-тардың үнін қалай тұншықтырсақ деп ойлайды» дейді.
Қазір ОА елдерінің жетекшілері ақпарат таратудың жаңа тәсілдерімен ұшырасып жатыр. Белгілі бір оқиғалар кезінде олар веб-сайттарды жауып, мобильді байланысты үзіп тастап отырады.
Олар "ал радио толқындары әлі сол қалпы бөгеттерден өтіп кететінін" айтады. Бабаханов "Шетел радиохабарлары бүгін Совет кезіндегідей маңызды болып отыр. Жағдай нашар. Мәселен Тәжікстанда жүріп үкіметті сынайтын пікірлерді тарату мүмкін емес» дейді.
Бешимов «Радио - қазір де тиімді ақпарат көзі. Радио таратқан ақпараттар адамдарға жетеді, олардың ойын өзгертеді. Менің пікірімше, радио тиімді ақпарат көзі болып қала береді» дейді.
Дөңгелек үстелде ОА елдеріндегі радионың рөлі туралы басқа да пікірлер айтылды.
Талқылаудың [ағылшын тіліндегі] аудиосын тыңдаңыз:
Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.