Accessibility links

"Санкция соққысы". Ресей экономикасына төнген түнек


Ресейде шығатын Lada маркалы автокөлік құрастырып жатқан жұмысшылар. Көрнекі сурет.
Ресейде шығатын Lada маркалы автокөлік құрастырып жатқан жұмысшылар. Көрнекі сурет.

Батыс елдері Ресейге Украинаға басқыншылық жасағаны үшін бірнеше бөліктен тұратын санкция салды. Кремль оған төтеп беретініне сенімді. Кей сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.

Ресейдегі ең ірі көлік өндірушілердің бірі АвтоВАЗ компаниясы жаңа көлік моделін таныстырды. Құны 678300 рубль ($12500) бағаланған Lada Granta Classic көлігі жұртты дүрліктіріп қойды. Бұған себеп – онда қауіпсіздік жастығы, тежегіштің бұғатталуға қарсы жүйесі, тұрақтандырғыш электрон жүйесі, қауіпсіздік белдігі кергіші, GPS жоқ. Ал қозғалтқышы 26 жыл бұрынғы стандартқа сай келеді.

Көлікті бұлай шығаруға не себеп?

Батыс елдерінің Украинаға басқыншылық жасаған Ресейге салған санкциялары импортқа кедергі келтіріп, шетелден қажет құрал-сайман мен тауарлардың жеткізілуін қиындатып жіберді.

Ресейда құрастырылған Lada көлігін сататын автосалон. Химки, Мәскеу облысы, 16 наурыз 2022 жыл.
Ресейда құрастырылған Lada көлігін сататын автосалон. Химки, Мәскеу облысы, 16 наурыз 2022 жыл.

"Лада" көлігінің жаңа моделі жай ғана мазаққа айналған жоқ. Ол Ресей экономикасы қандай күйге түскенін көрсетіп тұрғандай.

Бұдан бөлек Ресейде смартфондар да дұрыс жұмыс істемейді. Азық-түлік қаптамасы жазусыз, тап-таза күйінде шығып жатыр. Ал киім фабрикалары түйме таппай әлек.

Кремль бұл қиындыққа төтеп беруге алым-салық және өндіріс саясаты көмектесетінін айтып, осылайша шеттен алып келген тауарларды отандық өнімдермен алмастыруға болады деп болжап отыр.

Президент Владимир Путин өткен аптада бұл жайлы Ресей инвесторларына арналған жыл сайынғы жиында да айтты. Сөйте тұра, билік санкция салдарын жеңілдету ісінде біршама алға басқанын да мәлімдеді.

"Ресейге қарсы басталған экономикалық блицкриг күйреді" деді Путин Санкт-Петербургта өткен халықаралық экономика форумында. Биыл бұл шараға бұрынғыдан әлдеқайда аз адам қатысты.

Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономика форумында отыр. 17 маусым 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Санкт-Петербург халықаралық экономика форумында отыр. 17 маусым 2022 жыл.

Ресей саясаткерлері ұлтшылдық ұранын көтеріп, халыққа қиындық болатыны ескертілгендіктен, жұрт соғысқа қарсы шықпай, соған дайын болады деп үмітті. Жуырда Украинадағы соғыстың басталғанына бес ай толады.

2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялаған кезде Батыс санкцияларына төтеп бере алған еді. Кей сарапшылар осы жолы ондай жетістікке жету мүмкін емес екенін айтады.

"Бәрін алмастырудың мәні жоқ. Бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз және мүмкін де емес" дейді "Ростех" корпорациясының директоры, бұрын Путиннің сенімді өкілі болған Сергей Чемезов.

"Әлемдегі ешбір дамыған ел бұлай істемейді. Оқшаулану, оның ішінде технологиялық оқшаулану, бәрін өзің істеуге тырысудан түк шықпайды" деп жазды ол 15 маусымда.

Біз қазір модернизация тоқтап қалған Брежнев дәуіріне түскендейміз. Мұндай жағдайда жұртта таңдау да аз.
Крис Уифер

Чемезов саясаткерлерді айыптап, қазір ел экономикасын әртараптандырып, дамытуға жұмылу керек деп мәлімдеді.

"Ресей соған ұқсас жағдай болады деп ойлап, көбіне дайындалып үлгерді" деп жазды ол. "Әрине, мұндай иллюзияның болуы мүмкін емес. Біз бәрін істеп үлгерген жоқпыз. Уақыт тығыз болды. Ал Батыс елдері бұл жолдан ондаған жылда өткен".

Ресей сарапшылары экономика 1991 жылы Совет одағы құлаған кездегідей күйреу алдында тұрмағанын айтады.

"Бірақ біз қазір модернизация тоқтап қалған Брежнев дәуіріне түскендейміз. Мұндай жағдайда жұртта таңдау да аз" дейді Macro-Advisory консалтинг тобының негізін қалаған Крис Уифер. Ол Совет экономикасы дамымай қалған 1970 жылдардағы Брежнев дәуірін айтып отыр.

"Экономикаға қазір түнек төніп келе жатыр" деді ол.

САНКЦИЯЛАР КЕРІ ӘСЕР ЕТКЕН САЛАЛАР

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялағанда, Батыс елдері Мәскеуді жазалауға тырысты. Олар негізгі компанияларға, биліктегі және оған жақын ықпалды адамдарға санкция салды.

Бұған жауап ретінде Путин Батыс елдерінің алма, сүт өнімдері және басқа да тауарларына шектеу енгізді. Ал үкімет импортқа тәуелділікті азайту үшін экономиканы жаппай қайта ұйымдастыруға тырысты. Ол салық саясатын қолдап, елдің ұлттық әл-ауқат қорын әлемдегі ең ірі қорлардың біріне айналдырды.

Сауда дүкені сөресіндегі ірімшікті таңдап тұрған тұтынушы. Көрнекі сурет.
Сауда дүкені сөресіндегі ірімшікті таңдап тұрған тұтынушы. Көрнекі сурет.

Мұндай қадам азық-түлік секілді тауар өндірісіне көмектесе алады. Мысалы, ірімшік шығаратындар Италияның пармезан ірімшігіне балама өнім жасап қана қоймай, сол сала мамандарынан өте жоғары баға алды.

Ал әскери және қорғаныс технологиясы секілді тауарлар үшін көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Ресей әскери өндіріс кешені совет дәуірінен келе жатыр. Ол ұшақ, танк, басқа да қару-жарақ шығарады. Оның көбі Украинада қолданылып жатыр. Ресейдің қорғаныс саласындағы зауыттары кей украин әскери кәсіпорындарына қол жеткізе алмады, бірақ бұл айтарлықтай әсер ете қойған жоқ.

Экономиканың басқа салалары үшін де өзгерген нәрсе аз: импорт та, сауда мен әлемдік экономикаға интеграция да бұрынғыдай жалғасып жатты.

Ресейде өндіріске қажет компьютер чиптері де жоқ. Бұл ІТ мен жоғары технологиялар саласына әсер етеді. Ресей Батыстың бағдарламалары мен кодтарына сүйенеді.

2015 жылы Ресей билігі мемлекеттік органдарға Microsoft Office секілді шетелдік бағдарламаларды қолдануға тыйым салды. Бірақ төрт жыл өткен соң да мемлекеттік органдарда пайдаланылатын ондай өнімдердің тоқсан пайызы шетелден алынып жүрді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Олар негізгі азық-түлік түрлерін шығарып, ғарышқа зымыран жібере алады. Бірақ автокөлік өндірісі секілді орта деңгейдегі салаларда ештеңе істемеген. Экономиканың мұндай салалары әлі де қолға алынбаған" деді Уифер.

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Батыс елдері Ресейге санкция салып, экономикасына айтарлықтай соққы жасады.

Биыл Ресей экономикасы 12-15 пайызға төмендеуі мүмкін деген болжам бар. Кейбірі 7-9 пайыз шамасында болуы мүмкін дейді. Бірақ Ресей экономистерінің өзі мұның өте ауыр тиетінін айтады.

"Осы жолы рецессия трансформациялық, құрылымдық сипатқа ие және қай жағынан алғанда да, көлемі мен ұзақтығы жағынан алғанда да бұрынғыларға қарағанда ауыр тиеді" делінген Ресей орталық банкінің сәуірде жариялаған есебінде. Олар коронавирус пандемиясы кезіндегі экономиканың жағдайын меңзеп отыр.

Содан кейін Батыс елдерінің ондаған компаниясы Ресейдегі қызметін доғарды. Кейбірі елден кетті. Бұл Ресейдің ішкі өндірісіне де, тауар тасымалдауына да кедергі келтірді.

Мысалы, қағаз өндірісі сұранысты қанағаттандыра алмады. Ал қаптама шығаратындар сия қат екенін айтып жүр. Ресейдегі McDonald's франшизасын алған компания Мәскеуде жаңа мейрамхана ашып, гамбургер мен фриді жазуы жоқ қаптамаға салып ұсынып жатыр.

Ресейде жұмысын тоқтатқан McDonald's ресторан желісі негізінде жаңадан ашылған "Вкусно и точка" дәмханасында қызмет көрсетіп жүрген даяшы. Мәскеу, 12 маусым 2022 жыл.
Ресейде жұмысын тоқтатқан McDonald's ресторан желісі негізінде жаңадан ашылған "Вкусно и точка" дәмханасында қызмет көрсетіп жүрген даяшы. Мәскеу, 12 маусым 2022 жыл.

"Сүректің бәрі Ресейдікі, бірақ ағартқыштар шеттен келеді. Қазір өндірушілер балама табуға тырысып, химиясын жасап жатыр. Бірақ оған уақыт керек. Тамақ өндірісінде шикізат отандық болғанымен, шетелден келетін қаптаманы алмастыру керек" деді орталық банк басшысы Эльвира Набиуллина.

"Мұның бәріне уақыт керек" деді ол.

Санкт-Петербург халықаралық экономика форуымның жалпы отырысында модератор сия болмаған соң аппақ болып тұрған шырын қаптамасын көрсетті. Путин отандық қаптама өндірісі мәселесін көтеріп, проблеманың маңызын бәсеңдеткендей болды.

"Біз үшін не маңызды?" деді ол. "Тәуелсіз, егемен болу, болашақ ұрпақ үшін даму негізін қазір қалыптастыру ма? Әлде қаптаманың болуы ма?" деді Путин.

Набиуллина импортқа байланысты туындаған қиындықтарға қарапайым түйме де мысал бола алатынын айтты.

Смартфондар да солай. Apple компаниясы Ресейден кетіп қалды. Бұл осы компания өнімін ұстайтындарға операциялық жүйені жаңарту немесе қосымшалар сатып алу қиынға соғатынын білдіреді.

"Известия" газетінің дерегінше, Samsung смартфонын қолданушыларға компания өнімін ұстауға рұқсат етілген елдердің SIM-картасы қажет деген хабарлама келіп жатыр.

ИМПОРТТЫҢ ОРНЫН БАСУ

Қиындыққа тап болған салалар қатарында автокөлік өндірісі де бар. Ресейде бұл салада 600 мыңдай адам жұмыс істейді.

Осы уақытқа дейін француздардың Renault Group компаниясының бақылауында болған АвтоВАЗ кей жерлерде адамдарды жұмыстан шығарған.

Ресейлік Lada Granta жеңіл көлігінің дизайны да жаңа емес. Бұл модель 2011 жылы да шығарылған.
Ресейлік Lada Granta жеңіл көлігінің дизайны да жаңа емес. Бұл модель 2011 жылы да шығарылған.

Жақында таныстырылған Lada Granta көлігінің дизайны да жаңа емес. Мұндай модель 2011 жылы да шығарылған. Бірақ Батыс санкцияларынан кейін қауіпсіздік жастығының болмауы сарапшыларды таң қалдырса, интернет қолданушылардың әжуа-мысқылына айналды.

"Санкциялар осы күйінде қалса, Ресей экономикасы мен әлем арасындағы алшақтық ұлғая береді, – деді Уифер. – Ресей азаматтары "Ладамен" жүреді, ал Батыс [жұрты] өздігінен жүретін автокөлік мінеді".

Наурызда Volkswagen Group Ресейдегі екі құрастыру зауытындағы өндірісті тоқтататынын хабарлаған. Осы аптада компания Нижний Новгород қаласындағы жұмысшыларға өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынған.

ӨЗГЕ ӘЛЕМНЕН ОҚШАУЛАНҒАН РЕСЕЙ

Тіпті, Ресейдің қорғаныс саласындағы кей компаниялар да өндірісте қиындыққа тап болды. Әскери техника шығаратындар кей құрал-сайманды шетелден алдырады.

Танк шығарумен және жөндеумен айналысатын "Уралвагонзавод" пен Челябинск транктор зауыты шетелдік бөлшектер болмаған соң жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған.

Кей экономистер Путиннің өндіруші және балама нарық жайлы болжамына қосылады. Батыс санкцияларына қол қоюдан бас тартқан Қытай мен Үндістан секілді нарық аздап болсын көмек бола алады.

Депутаттар мен саясаткерлер қосымша шаралар қабылдап, дефицит тұрақты әрі ауқымы тым жайылмай тұрып тауар жеткізудің жаңа жолын табуға тырысып жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин мен "Яндекс" компаниясының бас директоры Аркадий Волож (оң жақ шетте) "Яндекстің" бас кеңсесінің алдында. Мәскеу, 21 қыркүйек 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен "Яндекс" компаниясының бас директоры Аркадий Волож (оң жақ шетте) "Яндекстің" бас кеңсесінің алдында. Мәскеу, 21 қыркүйек 2017 жыл.

"Яндекс", Wildberries, Ozon секілді ірі онлайн нарық алаңдары параллель импорт үшін жаңа жолдар табуға кірісті. Олар елден кетуге мәжбүр болған бөлшек сауда ойыншыларының орнын басты.

Маусымда Ресей парламентінің жоғары палатасы параллель импорт тауарын жеткізушілерді авторлық құқық немесе тауар белгісі құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартудан қорғауға бағытталған заң қабылдады.

Дегенмен, "Сбербанк" бас директоры Герман Греф секілді адамдар Ресей экономикасын толығымен қайта құрмаса, 2021 жылғы деңгейге жету үшін ондаған жыл қажет болатынын айтады.

Украинада соғыс тоқтаған күннің өзінде немесе тараптар бітімге келсе де, Ресей оқшау күйде қалады дейді экономист Евгений Гонтмахер.

"Бұл жағдайда жабайы экономика белең алады және тек әскери өндіріске назар аударады" деді ол 31 мамырдағы зерттеуінде.

"Сыртқы жағдай да ұзақ уақытқа, тіпті, мәңгіге өзгерді деуге болады" деді Санкт-Петербург форумында Набиуллина. "Енді ештеңе бұрынғыдай болмайтынын бәрі түсінеді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG