Accessibility links

Епископтің қымбат көлігінен дау шықты


Нектарий еспикоптың көлігі.
Нектарий еспикоптың көлігі.

Ресейдегі дін қызметкері қымбат көлік мінгені үшін сынға ұшырады. Аймақтық жаңалықтар сайты жол талғамайтын өте қымбат көлікпен жүретін епископ туралы жазған болатын. Епископ кейін оларға хат жазып, өзі туралы мақаланы алып тастауды талап еткен, талабы орындалмаса қылмыстық іс қозғаймын деп қорқытқан.

«ХРИСТОС ТА ҚЫМБАТ КИІМДЕР КИГЕН»

Ресей православ шіркеуінің Орел қаласындағы жергілікті епархиясы епископ Нектарийдің ашулы хатын «біреулер жазған фейк» деп мәлімдеді. Бірақ «Орловские новости» сайты хатты епископтың өзі жазғанын айтады.

Бұрынғы олигарх Михаил Ходорковский негізін қалаған құқық пен демократияны насихаттайтын «Открытая Россия» сияқты бірнеше ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары құны 5 миллион рубль тұратын Toyota Land Cruiser V8 көлігін мініп жүрген епископ туралы мәселе көтергенде бұл кісіге алғаш рет жұрт назары ауған еді.

Бұл сома Ресейдегі орташа жалақыдан 160 есе артық. Жергілікті епархия өкілі Евгений Борисов қымбат сыйлықты «христиан дәстүріне сай» деп атады, «Тіпті Иисус Христостың өзі шәкірттері сыйлаған қымбат киімдерді киген. Әулиелердің көбі солай жасаған» деп елді қайран қалдырды.

Епархия өкілінің айтуынша Нектарийге көлікті жергілікті ауыр шаруашылығы холдингі сыйлаған, холдинг басшылығы ондай тартуды «дін қызметкері нашар жолмен алыс ауылдарды аралаған кезде қиналмасын» деген мақсатпен жасаған-мыс.

Мамырдың 29-ы «Орловские новости» сайты Нектарийден сол күні алған хатын жариялап, оқиғаны одан әрі өрбітті. Нектарийдің қолы қойылып, кеңсесінің мөрі басылған хатта «редакцияның жалған әрі адамды қорлайтын ақпарат таратқанына» епископтың ашулы екені жазылған.

Хат иесі редакцияның өзі таратқан ақпараттардан бас тартуын талап етеді. «Иисус Христос иеміз жауларымызды кешіруге шақырған, сондықтан бәрін түзету үшін бір мүмкіндік беремін, маған қатысты арсыз ақпараттың өшірілуін талап етемін» дейді хат иесі.

Автор үзілді-кесілді талап қойып, «материалды алып тастамасаңыздар сайтқа қарсы шағым түсіріп, «діни сенімді қорлағаны үшін» айыпты деп тануды сұраймын» деген.

«ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТИМЕҢДЕР»

Екатеринбургте тұратын блогер Руслан Соколовский шіркеу ішінде Pokemon Go ойынын ойнағаны үшін аталған бап бойынша айыпты деп танылып, үш жарым жылға сотталған болатын. Мамырдың 30-ы күні «Эхо Москвы» радиостанциясына сұхбат берген епархияның баспасөз хатшысы «Александр әкей» ондай хатты ешкімнің жазбағанын айтты.

Ол «Епархиялық епископтің хатшысы ретінде епископ Нектарийдің «Орловские новости» сайтына ешқандай хат жазбағанын мәлімдеймін. Сайттағы хат жалған» дейді ол.

«Говорит Москва» радиостанциясына сұхбат берген «Орловские новости» сайтының бас редакторы Денис Волин «хатты кімнің жазғанын білмейтінін, бірақ оның түпнұсқа екеніне күмәнданбайтынын» айтты.

«Хаттың түпнұсқа екенін еш күмәніміз жоқ. Мамандарымыз оны тексерді, мөрі, қолы және сөздері қағаз үстіне жапсырылмаған» дейді ол.

Орлов облысының губернаторы Вадим Потомский мамырдың 30-ы күні «Говорит Москва» радиостанциясына айтқан пікірінде дін қызметкерін жақтап, «Орловские новости» сайтын қолдамайтынын білдірді.

Губернатор «Інжілді оқыңыздар: айып тақпа, өзің де айыбыңнан құтыласың» деген. Журналистер дін қызметкерлерін тексерген кезде «оларға мұндай құқықты кім берді?» деген ой келеді. Дін қызметкері біреуді тілдеді ме? Қате уағыз айтты ма? Нектарийді тұрғындар қатты құрметтейді. «Орловские новости» сайтының қожайыны Мазов мырзаның бұлай жазуға құқығы жоқ» деді.

XS
SM
MD
LG