Accessibility links

Шіркеудің мигрантқа кеңесі: «Айғайлама, итерме, құймақ же»


Орыс православ шіркеуінің баспасөз хатшысы Всеволод Чаплин.
Орыс православ шіркеуінің баспасөз хатшысы Всеволод Чаплин.

Бұдан былай Ресейге барған еңбек мигранттары орыс тілі мен тарихынан және Ресей заңдарынан емтихан тапсырады. Ал орыс православ шіркеуі оларға дұрыс жүріп-тұруды үйрете бастады.

Қоғамдық ортада айғайлап сөйлеме, қоғамдық көлікте қолыңды сермеме, ешкімді итерме.

Көрші елдің баспасөз ақпаратына қарағанда, орыс православ шіркеуінің басшылығы шетелден келген еңбек мигранттарына осыған ұқсас түрлі ақыл-кеңестер айта бастаған.

Көбінесе Орталық Азия және Оңтүстік Кавказдағы бұрынғы совет республикаларынан келетін жұмысшыларға арнап шіркеу шығарған арнайы оқулықта осындай кеңестер жазылған. 2015 жылы қаңтардың 1-інен бастап күшіне енетін жаңа заң бойынша Ресейге жұмыс істеуге барған еңбек мигранттары орыс тілі, тарихы және Ресей заңдары бойынша емтихан тапсыруға міндетті.

«ҚАТТЫ СӨЙЛЕМЕ»

Кремльге жақын «Известия» басылымы: «Орыс тілі, тарихы және Ресей заңнамасының негіздері» деп аталған оқулықта қоғамдық ортада өзін ұстаудың тәртібі және жергілікті тұрғындармен арада туатын кикілжіңдерді шешу жолдары түсіндірілген» деп жазады.

Ресей федералдық миграциялық қызметі ұстаған мигранттар. Мәскеу, 8 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей федералдық миграциялық қызметі ұстаған мигранттар. Мәскеу, 8 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

«Известия» газеті оқулықтан «Қоғамдық көліктегі басты қағида - қатты сөйлемеу, қолыңды сермемеу және ешкімді итермеу. Кикілжің бола қалған жағдайда күш қолдануға не қорқытуға болмайды. Оның орнына кикілжіңді диалог арқылы бейбіт жолмен шешу керек. Өйтпеген жағдайда басқа жұрт сізді тек төбелесті ұғатын жау деп қабылдауы мүмкін» деген үзінділер берген.

Оқулықта музыканың дауысын қатты қоюға болмайтыны да жазылған. Басылым кітаптың «Музыканы қатты қою, у-шу отырыстар өткізу дұрыс емес, себебі бұл халықтың жұмыс істеуіне және демалуына кедергі келтіреді» деген жолдарын жарияланған.

«РЕСЕЙДЕ БАҚЫТСЫЗ ОТБАСЫЛАР КӨП»

Кітапта жоғарыдағы «кеңестерден» басқа әйелдермен сыпайы сөйлесу керек екені айтылған. «Ресейде ерлердің көбі ерте, соғыс пен қақтығыстардан қайтыс болады. Сондықтан бақытсыз отбасылар, жалғызілікті әйелдер көп. Бірақ орыс әйелдері тәкаппар, өздерін сыйлап-құрметтегенді талап етеді. Біреу ренжітсе, ер туыстары немесе үкімет оларды қорғайды» деп жазылған оқулықта.

Кітаптың редакторы - орыс православ шіркеуінің баспасөз хатшысы Всеволод Чаплин. Ол «Хоббит» фильмін сынап, жақында мұқым жұртқа танылды. Фильмнің жарнамасындағы Сауронның көзін жақтырмаған ол бұл фильмді «Ібілістің символы» деп атаған.

«Известияға» берген сұхбатында Чаплин бұл оқулықтың өте қажет екенін, себебі ол шетелдіктердің орыстарды түсінуіне жәрдемдесетінін айтты.

ОРЫСТЫҢ АСЫ

«Әдеп» пен «этикет» нормаларымен қоса, бұл кітапта орыстардың ұлттық тағамдарын дайындау әдістері де айтылады. Кітап авторлары мигранттарға Ресейде жүрген кездерінде «ет, қаймақ, тосап, уылдырық және тұздалған балықпен құймақ жеу керек» деген кеңес береді. Оқулықта «окрошка», «щи», «борщ», «квас», «самогон» және «ботқа» орыстардың ұлттық тағамдары ретінде аталады.

Ресей шекарасынан өтуге кезекке тұрған Өзбекстан мигранттары. (Көрнекі сурет)
Ресей шекарасынан өтуге кезекке тұрған Өзбекстан мигранттары. (Көрнекі сурет)

Кітаптың алғашқы 1 мың 700 данасы мигранттармен жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға, оларды тіл, тарих және құқық бойынша емтиханға дайындайтын орталықтарға таратылған.

Бұл емтиханнан өткен мигранттар ғана Ресейде тұрып, жұмыс істеуге рұқсат беретін сертификатқа ие болады.

2010 жылы Мәскеу басшылығы «Мәскеуліктер жадынамасы» деген кітапша шығарған. Онда мигранттарға Ресей астанасында қалай жүріп-тұруы керек екені түсіндірілген. Шіркеудің бұл оқулығы қала басшылығының сол жобасын еске түсіреді.

Ресей федералдық миграция қызметінің мәліметтері бойынша, 2013 жылы бұл елге 12 миллион 400 мыңдай адам жұмыс істеуге келген.

(Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

XS
SM
MD
LG