Ресейдің Ростов облысында Донецк қалалық сотының судьясы Леонид Степаненко украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға 22 жыл жаза мерзімін тағайындады.
Айыптау қорытындысын оқыған Степаненко «Савченко жек көру және жаулық ниетпен бір топ адаммен бірлесе отырып Корнелюк пен Волошинды өлтірген, Ресей шекарасын заңсыз кесіп өткен» деп мәлімдеді.
Ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің өліміне қатысы бар және телеоператор Виктор Денисовтің өміріне қауіп төндірген деп танылған Савченко 22 жылдық түрме жазасын жалпы режимдегі колонияда өтетін болды. Оған Ресей шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін 30 мың рубль айыппұл төлеуді де міндеттеді.
Судья Леонид Степаненко «Савченконы қоғамнан оқшауламаса, оның түзелуі мүмкін емес» екенін мәлімдеді. Өзіне қатысты үкімді естіген Надежда Савченко әндете бастады.
Сот үкімі 10 күннен кейін заңды күшіне енеді. «Савченко сот үкімі заңды күшіне енген күні аштық акциясын бастамақ» деп хабарлады оның адвокаттары. Адвокаттарының сөзінше, Савченко апелляциялық шағым бермейді.
Надежда Савченкоға үкім оқу екі күнге созылды. Бұған дейін прокуратура Савченконы 23 жылға соттауды, ал адвокаттар оны толық ақтауды сұраған. Сейсенбі күні сот Савченконың жазықсыз екенін дәлелдейтін барлық айғақтарды қанағаттанарлық емес деп таныды. Сот «Савченко Луганск облысының бейбіт тұрғындарының өміріне қастандық жасады» деген айыпты алып тастады.
Украиналық ұшқыш Надежда Савченкоға үкім оқылып жатқан Донецк қалалық сотына кеше украиналық делегацияны үзілістен кейін кіргізбей қойған. Оған дейін Савченконың сотына қатысуға бара жатқан украиналық депутат Ирина Геращенконы Ресейге өткізбей қойған.
Надежда Савченко 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ұсталып, Ресейге жіберілген. Оған ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошиннің қазасына қатысты айып тағылған. Ресей тарабы «Савченко журналистердің қай жерде екенін анықтап, артиллеристерге олардың тұрағын көрсеткен» дейді. Бірақ Савченко ол айыпты мойындамайды.