Заң жобасы 15 қарашада Мемлекеттік думада бірауыздан қабылданған. Бұдан соң Федерация кеңесі "шетел агенті" - БАҚ заңы жобасын мақұлдағанда бір депутат қалыс қалған.
Ілгеріде Ресей әділет министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиа-корпорациясының жобалары: «Свобода» радиосы мен "Настоящее время" телеканалдарына жұмысы шектелуі мүмкін екенін хабарлаған еді. Мұндай хатты корпорацияның Ресейдегі "Idel.Реалии" және "Сибирь.Реалии" жобалары да алған. Әділет министрлігінің хатында заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін қандай шаралар қабылданатыны нақты көрсетілмеген болатын.
Осыған орай АҚШ сыртқа хабар тарату (BBG) кеңесі басшысы Джон Лэнсинг Ресей аумағында хабар тарататын шетелдік БАҚ туралы заңның күшіне енуіне байланысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде Ресей ресми орындары заңның бұдан бұрын америкалық Азат Еуропа/Азаттық радиосы және «Америка даусы» радиосы жұмысын қатты шектейтінін бірнеше мәрте білдіргені айтылған.
«Біз өзіміздің жұмысымызға байланысты Ресей билігінен алуымыз мүмкін ресми хабарламаларды мұқият зерттейміз. Журналистік қызметке орай болуы мүмкін салдар туралы біз болжам жасамаймыз. Алайда мұны Құрама Штаттардың әрекетіне жауап қадам ретінде түсіндіретін шаралар шындықты айтарлықтай бұрмалау болып табылады. RT (Russia Today) және "Спутник" арналарын қоса алғанда, Ресей медиакомпаниялары Құрама Штаттағы жұмысын еркін жүргізеді және олардың өнімдері кабельді телевизиялық компаниялар және FM станциялары арқылы транслацияланып тарап жатыр. Алайда «Америка даусы», Азат Еуропа/Азаттық радиосын қоса алғанда, америкалық медиа Ресейде телевидение мен радиодан айрылды. Оған қоса кәсіптік қызметін атқару кезінде біздің журналистер Ресейде қуадаланады және өз жұмысында айтарлықтай кедергіге душар болады. Азат Еуропа/Азаттық радиосына мақала жазатын Николай Семенаны Ресей соты жазған мақаласы үшін соттады. Штаттан тыс тілші Станислав Асаевты Украинадағы ресейшіл сепаратистер қамауда ұстап отыр. Азат Еуропа/Азаттық радиосының журналистері биыл наурыз айында Ресей оңтүстігіндегі Краснодарға барған іссапарында шабуылға ұшырап, соққыға жығылды. Ал «Америка даусының» тілшісі Дэниэль Ширфке Ресейге қайтарда виза бермеген»,- деп атап көрсеткен Джон Лэнсинг.
Мәлімдемеде Ресейдің Америкадағы БАҚ-ына жасалғандай жағдай Ресейде де АҚШ БАҚ-ына жасалса, АҚШ сыртқа хабар тарату кеңесінің оны қуана қабылдайтыны айтылған.
Сыртқа хабар тарату кеңесі басшысының айуынша, Америка медиа-компаниялары Америка заңында бекітілгендей халықаралық аудиторияға, соның ішінде Ресейге де анық, объективті және толық ақпарат беретін өзінің миссиясына адал болып қалады.
Сенбі күні Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Том Кент те корпорацияның Ресейдегі жобалары қандай шектеулерге ұшырайтыны туралы нақты ақпарат алмайынша, жаңа заңның тиімділігін бағалау мүмкін емес екенін мәлімдеді.
"Біз өзіміздің орыстілді аудиторияға нақты және объективті ақпарат берудегі журналистік жұмысымызды жалғастыра береміз", - делінген Кенттің мәлімдемесінде.
Ресейдегі шетел БАҚ-ы жұмысын шектеу шешімі Ресей үкіметі қаржыландыратын RT телеарнасы АҚШ-тағы өз бөлімшесін Америка билігінің «шетел агенті» ретінде тіркелу талабын орындағанын хабарлаған соң қолға алынған. Вашингтон тарабы бірнеше мәрте өздерінің «шетел агенті» туралы заңы Ресейдің заңынан едәуір айырмашылыққа ие екенін және ақпарат еркіндігін шектемейтіндігін мәлімдеген.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының мәлімдемесінде Ресей журналисінің АҚШ-тағы және Америка журналисінің Ресейдегі жұмыс істеу ортасы үлкен айырмашылыққа ие екендігі айтылады. Корпорацияның Ресейдегі журналистері қысымға ұшырап, тіпті олардың шабуыл құрбандарына айналып жататыны да мәлімдемеде атап көрсетілген. Азат Еуропа/Азаттық радиосы Ресейде кабельді желіге ие емес, сондай жағдайда RT арнасы Америкаға еркін хабар таратып отыр. 2012 жылғы Ресей заңындағы өзгерістерге байланысты корпорация Мәскеудегі радиохабар таратуын тоқтатуға мәжбүр болған.
Ресейдің «шетелдік агент» - БАҚ заңын Еуропа қауіпсіздік жіне ынтымақтастық ұйымы, халықаралық құқық қорғау ұйымдары және Ресей президенті жанындағы адам құқығы және азаматтық қоғамды дамыту кеңесі де сынаған.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы да аталған заңның Ресейдегі БАҚ бостандығына айтарлықтай соққы болып тиетінін мәлімдеген. Ресей шенеуніктерің болса, осы заңның қабылдануын Америкадағы ресейлік БАҚ-тың "шетел агенті" ретінде тіркелуіне "симметриялық жауап" ретінде түсіндіреді.
14 қарашада АҚШ әділет министрлігі Ресейдің мемлекеттік RT арнасының елде көп жылдан бері келе жатқан Шетелдік агенттерді тіркеу актісіне сай тіркелуі туралы мәліметтерін жариялаған еді. Америка билігі мұндай шешімді ресейлік RT және "Спутник" агенттіктерінің АҚШ-тағы президент сайлауына Ресей үкіметінің ықпалы жайлы дезинформация таратқан соң қабылдаған болатын.