Accessibility links

"Болотный" мен "Бирюлевке" Кремль екі түрлі қарайды


Бирюлевтегі толқу. Мәскеу, 13 қазан 2013 жыл.
Бирюлевтегі толқу. Мәскеу, 13 қазан 2013 жыл.

Мәскеу тұрғындары орыс ұлтшылдарының соңғы жылдардағы ең бір қатыгез әрекетіне куә болды. Бірақ билік өкілдері бұл бүлікке "түсіністікпен" қарайтын тәрізді.

Мәскеудің Бирюлев ауданындағы тәртіпсіздікті басуға келген полиция басқа қырынан көрінді. 2012 жылы мамырдың 6-сы күні Болотный алаңында Кремльге наразылық танытқандарды таратқанда полиция өзгеше әрекет еткен еді.

ЕКІ ТҮРЛІ РЕАКЦИЯ

Ресейде барлық бүлікке бірдей қарамайтын сияқты. Ұлтшылдар қазанның 13-і күні полициямен қақтығысты, терезелерді сындырып, көліктерді төңкерді. Олар "Орыс азаматын өлтірген адамды табамыз" деп, мигранттар паналаған көкөніс қоймаларын тінтті. Тергеушілер олардың әрекетін "бұзақылық" деп атады.

Полиция тәртіпсіздіке қатысқан адамды тұтқындап жатыр. Мәскеу, Бирюлев ауданы, 13 қазан 2013 жыл.
Полиция тәртіпсіздіке қатысқан адамды тұтқындап жатыр. Мәскеу, Бирюлев ауданы, 13 қазан 2013 жыл.
2012 жылы мамырдың 6-сы күні, Владимир Путинді ұлықтау қарсаңында Кремльге қарсы шеру өткізгендерге «бүлікке қатысты», «бұқаралық тәртіпсіздік ұйымдастырды», «полицияға шабуыл жасады» деген айыптар тағылған еді.

Қазанның 13-і күні Бирюлев ауданында бүлік шығарған ұлтшылдардың үшеуі ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар 7 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Болотный алаңына, Путинге қарсы шеруге шыққандардың 28-і жауапкершілікке тартылып, олардың кейбірі 13 жылға дейін сотталды. Билік бір айыпталушыны психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызған.

Бирюлев ауданында бүлік шығарғандар полицияның қысымы туралы шағым жазды. Осы арыз бойынша екі офицер жұмыстан шығарылды. Ал Болотный ісіне қатысы барлар сондай шағым түсіргенде, билік бірнеше офицерге пәтер беріп, марапаттаған еді.

«БИЛІК ӘСІРЕҰЛТШЫЛДАРДАН ҚОРҚАДЫ»

Кремль осылайша екі маңызды саяси қарсылыққа екі түрлі қарады.

Болотный алаңындағы оппозиция шеруі. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл.
Болотный алаңындағы оппозиция шеруі. Мәскеу, 6 мамыр 2012 жыл.
Сарапшылардың айтуынша, «Бирюлев бүлікшілеріне» жұмсақ қарауы үкіметтің ұлтшылдар қозғалысынан қорқатынын байқатады. Билік олардан гөрі «хипстерлер» деп аталған жас мәскеуліктердің оппозициялық қозғалысын қатты қысты.

Мәскеудегі саяси сарапшы Павел Салин:

- Билікті келеке еткен Болотный алаңындағы хипстерлер полициямен қақтығысқа дайын болмады. Олар тек наразылықтарын әжуамен білдірді. Бирюлев ауданында тәртіпсіздік жасағандар құқық қорғаушылармен күш сынасуға әзір еді. Соны сезген билік олардан сескенді, - дейді.

Өткен аптада орыс жігіті Егор Щербаков кісі қолынан қаза тапты. Бұдан соң Ресей астанасында тәртіпсіздік басталды. Билік қылмысқа күдікті ретінде Орхан Зейналов атты әзербайжан азаматын ұстады. Қазанның 13-і күні болған тәртіпсіздіктерден кейін орыс ұлтшылдарының көңілін орнықтыру үшін полиция 1 мың 200-ден астам еңбек мигрантын қамады. Куәгерлердің айтуынша, полиция қаладағы Орталық Азиядан келген азаматтардың көбін ұстап алып кеткен.

Қазанның 15-і күні полиция қылмысқа күдікті деп іздеу салынған Орхан Зейналовты тұтқындады. Оны ұстауға тіпті ОМОН-ның арнайы бөлімшесі қатысты.

ВИДЕО: Зейналовтың ұсталған сәті



Мәскеу облысында тұтқындалған Зейналовты ел астанасына тікұшақпен апарды. Биліктің бұл әрекеттері шоуға ұқсайды.

Бірақ бүлікшілер тоқтайтын емес. Қазанның 15-і күні Бирюлев ауданында біреулер Өзбекстан азаматын пышақтап кетті. Сол түні полиция наразылық акциясына шыққан жүздеген орыс ұлтшылын (кейбіреулер олардың қолынан электр тапаншасын көрген) тұтқындады. Бұл оқиғалар ұлтшылдардың қарашаның 4-і күні өтетін «Орыс маршы» шеруі қарсаңында болып жатыр

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG