Accessibility links

«Хан» ұнамайды, «президент» cөзі ұнайды


Татарстан президенті Рустам Минниханов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.
Татарстан президенті Рустам Минниханов (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин.

Шілденің 24-і күні федералдық орталық пен Татарстан арасындағы өкілеттіліктерді бөлісу туралы келісімшарт күшін жояды. Ресей президентінің әкімшілігінде істейтін жоғары лауазымды шенеунік маусым айының соңында «Коммерсант» газетінің «Жаңа келісімшарттың мәтіні Кремльмен келісілді ме?» деген сұраққа «ешқандай жаңа шарт жоқ» деп жауап берді. Содан бері шарт тағдыры туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады.

Республика басшысының лауазымына қатысты мәселе бар – Татарстанда президент лауазымы сақталып тұр, алайда өткен жылдың қаңтарында аймақ басшыларының мансабы біркелкі болуы керек: өз лауазымдарын айтқанда «президент» сөзін қолданбауы керек деген шешім қабылданған еді.

«Коммерсант» дерегі бойынша, Ресей Татарстанның қазіргі президенті Рустам Миннихановтың өкілеттігі аяқталғанша, яғни 2020 жылға дейін Татарстандағы президент лауазымын қалдыруға әзір. Шілденің 12-сі күні Татарстанның мемлекеттік кеңесі Ресей президентіне өтініш білдіріп, республиканың қазіргі жоғарғы лауазым өкілінің атауын сақтауды сұрағаны туралы хабарланды.

Татарстанның Ғылым академиясының Маржани атындағы тарих институты директоры Рафаэль Хакимов «Ресей мен Татарстан арасында өкілеттіліктерді бөлісу туралы жаңа шарттың қабылдануы әбден мүмкін» деп санайды.

- Өткен ғасырдың 90-жылдары Борис Ельцин Федерация субъектілеріне шамалары келгенше егемендік алуға ұсыныс жасағанын білеміз, сол кезде жасалған шарт бойынша Татарстанның жеке қазыналық саясатын жүргізуге дейін құқығы бар. Сол кезде мемлекет ішінен мемлекет құрылатындай әсер қалдырды. Қазір 2007 жылы жасалған, бұрынғысынан әлдеқайда формальды шарттың мерзімі бітіп келеді. Кремль оны неліктен созғысы келмейді деп ойлайсыз?

- Бәрі бірдей болуы керек деген таза менталды түсінік қой. Бірақ шартпен реттеуді талап ететін ерекшеліктер бар – ол Ресейдегі татарларға қатысты. Ресейде татарлар көп, олардың бәрі Татарстанда емес, одан тыс жерлерде де тұрады. Тілге, төлқұжат пен бюджет аралық қарым-қатынасқа қатысты мәселелер бар. 1994 жылы Ресейдің бағыт-бағдары мүлдем түсініксіз еді. Сондықтан аталған шарт өз міндетін жақсы атқарды. Кейін федералдық заңдар, ортақ құқықтық алаңдар пайда болды, оның да өз артықшылығы мен кемшілігі бар.

Рафаэль Хакимов.
Рафаэль Хакимов.

​– Дегенмен шарттың мерзімі созылмайтынына Татарстанның саяси истеблишменті қалай қарайды? Олар Кремль сәл де болса сөзімізге көнер деп үміттене ме?

– Мәселе әлі анықталмады. Мәскеу оны қаламайды – ол бір мәселе, бірақ 1990, 2000 жылдары да солай болған. Процесс аяқталған жоқ, шарт жасалмайды деп айтуға әлі ерте.

– Демек қазіргі шарттың мерзімі бітсе де (жақында бітеді) жаңа құжат жасау туралы келіссөздер бола ма?

– Болады деп ойлаймын. Әрине жаңа мәтіні бар жаңа шарт жасау әркез қиын. Екі тараптың да шағымы болады, ананы қамтып, мынаны алып тастау керек, т.б. дегендей. Ол үшін өткеннің тәжірибесін ескерсек... үш жыл керек. Ресей конституциясында мұндай құқық болғандықтан, Татарстан келіссөз жүргізіп, жаңа шарт жасауға тырысатын болар.

– 1994 жылғы шарт мерзімінің бітуі мен 2007 жылы шарт жасасудың арасында уақыт болды ма?

– Иә, болды. Татарстан тағы бір шарт жасағысы келетінін айтты, әрине, ондай ауқымды, көлемді емес. Бірақ ескеретін жайт - 1994 жылы Ресейде аласапыран кез болды, сондықтан шарт көптеген мәселелерді реттеді, заңгерлердің айтуынша тіпті кейбір жаңалықтар федералдық заңға кірген. 2007 жылы тыныштау болды, алайда республиканың ерекшелігіне қатысты мәселелер қалды, олардың бәрі объективті, оны саясаткерлер ойлап тапқан жоқ. Бұл ерекшеліктер қазір де бар, сондықтан оған қатысты мәселелерді шартпен немесе федералдық заңмен реттеу керек. Бұл барынша ұзақ уақыт алады. Мәскеу оны тездету керек деп ойлаймын, Путиннің сайлауы жақындап қалды ғой.

– Қарапайым халықты алсақ, олар жаңа шартты жасамауға қаншалықты теріс немесе енжар қарайды? Бұл сайлау алдында Кремль үшін теріс фактор емес пе?

Бәрі тең құқықты, сондықтан шарт жасай берсін, РФ конституциясы бойынша солай істеуге болады.

- Біріншіден, жалпы Ресей Федерациясы аумағында енжарлық бар, бірақ «ерекше» аумақ ретінде Татарстанға бәрі үйренген, Қазан – үшінші астана деген түсінік бар. Татарлардың бүкіл Ресейде тұратынын, Татарстанда олардың саны 25 пайыз ғана екенін де біледі. Сонымен қоса, бәрі тең болуы керек деген ресейлік түсінік бар, бірақ тең болу мен тең құқықты болу – бір нәрсе емес. Бәрі тең құқықты, сондықтан шарт жасай берсін, РФ конституциясы бойынша солай істеуге болады. Біз шарт жасасу керек дедік, басқа субъекьтілер керек емес деді. Ал Татарстанның ішінде елдің бәрі республика басшылығы осындай шартқа отырғанын күтеді деп ойлаймын, себебі қарым-қатынасымыз жақсы, республиканың экономикасы – Мәскеуге салық жинап беретін жақсы донор. Расын айтқанда, ешкімге зияны жоқ болса, неліктен ондай шартқа отырмасқа? Әрине, бүкіл Ресейдегі, Ресей ғана емес, Орталық Азиядағы татарлар осындай шарт жасалады деп күтіп жүр. Себебі Татарстан конституциясының 14-бабында Татарстан әлемнің барлық татарларының мәдени дамуына көмектесуі керек деп жазылған, ол өте маңызды. Республикада ол ерекше байқалады: татарлар бізге мектеп керек, оқулықтар керек, телеарна нашар жұмыс істейді, т.б. деп айтарлықтай қысым жасайды.

– РФ басқа субъектілерінің арасында Татарстан федералдық заңға қарамастан республика президенті лауазымын сақтап қалуымен ерекшеленеді. Жақында «Коммерсант» газеті Ресей қазіргі Татарстан басшысы Рустам Миннихановтың мерзімі біткенше, яғни 2020 жылға дейін президент лауазымын сақтауға дайын деп жазды. Татарстан үшін ол неге соншалықты маңызды? Федералдық заң бойынша өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап субъектілерде «президент» деген лауазым иесі болмауы керек еді ғой?

Бізге «президент» сөзі ұнайды, «хан», «райыс» немесе басқа сөздер ұнамайды.

– Иә, бірақ федералдық заңнан бөлек Ресей конституциясы бар, онда осының бәрін республика өзі анықтайды деп жазылған. Егер федералдық заң конституцияға қайшы келсе, не федералдық заңды өзгерту керек, не конституцияны қайта қарау керек. Аталған жағдайда президент сөзі бізге ұнаса және ешкімге кедергі келтірмесе, оны неге қалдырмасқа деп санаймыз. Ол кімге кедергі келтірді? Әрине, конституциялық сот өз өкілеттігі аясынан асып, заңдық емес, саяси сипаттағы шешім қабылдады. Ол федералдық заңның РФ конституциясына сай болуын қадағалауы керек, бірақ бұл сот әлгі принципті бірнеше рет бұзып тұр. Латын әліпбиі де солай. Біз латынға өттік, бірақ оны тоқтатты, қандай ұстанымға негіздегені түсініксіз. Ол біздің құқығымыз болса, неге оны қолданбасқа? Бізге «президент» сөзі ұнайды, «хан», «райыс» немесе басқа сөздер ұнамайды.

– Татарстан президенті өз орнына лайық болуы үшін екі тілді болуы – орыс және татар тілін білуі керек деген рас па?

– Иә, шартта солай көрсетілген. 2007 жылғы шартта да екі тілді білуі тиіс лауазымдар тізімін жасадық, мысалы білім министрі, мәдениет министрі, т.б. министрлер білуі керек. Экономика министрі үшін ол маңызды емес. Бірақ президент үшін негізгі шарт.

– Бұл тармақ Татарстанға жаңа кандидатты Кремль тағайындайды дегеннен қорғай ма?

– Олай болуы заңдық тұрғы түгілі, іс жүзінде де екіталай. Ондай адам мұнда келсе де жұмыс істей алмайды, - деді Рафаэль Хакимов.

XS
SM
MD
LG