Accessibility links

Иран министрінің ташкенттік «намазы»


Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.
Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.

Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы жиынында Үндістан мен Пәкістанның ұйымға мүшелікке өтетіні жарияланды. Бірінші басшылар деңгейінде өткен жиынға Иран сыртқы істер министрін жіберген.

23-24 маусым күндері Өзбекстан астанасында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдер басшыларының саммиті өтті. Ұйымның құрылғанына биыл 15 жыл толған. Өзбекстан жиын өтер қарсаңда көрші елдермен шекарасын уақытша жапты. Ташкент саммиті қарапайым адамдарға ыңғайсыздық тудыратын қатаң қауіпсіздік шарасы аясында өтті.

Ұйым бұл жолы 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітіп, Үндістан мен Пәкістанды ұйымға 2017 жылы толыққанды мүше ретінде қабылдайтын болып келісті. Бұл екі ел осыған қатысты ШЫҰ алдындағы міндеттері белгіленген меморандумға қол қойды.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.

Осылайша ШЫҰ әлемдегі ең саны көп екі ел (Қытай, Үндістан) және ядролық қаруға ие төрт бірдей мемлекет (Қытай, Ресей, Үндістан, Пәкістан) мүше болатын ірі аймақтық ұйымға айнала бастады. Ал ядролық бағдарламасы дау тудырған, биыл ғана халықаралық санкциядан шыққан Иранның мүшелігі тек мәлімдеме деңгейінде қуатталды.

ИРАН МИНИСТРІ НЕГЕ ШЫҒЫП КЕТТІ?

ШЫҰ-ның бұл жиынына ұйымға мүше елдер басшыларына қоса Пәкістан, Ауғанстан, Моңғолия, Түркіменстан мен Беларусь президенттері және Үндістан премьер-министрі қатысты. Иран саммитке тек сыртқы істер министрін жіберді.

Жиын қарсаңында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымға алдымен Үндістан мен Пәкістан кіретінін, кейінірек Иранды қабылдау мәселесі қарастырылатынын мәлімдеген.

23-24 маусым күндері Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатысқан делегация басшылары.
23-24 маусым күндері Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатысқан делегация басшылары.

24 маусым, саммиттің екінші күні Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зарифтің жиын ортасында сыртқа шығып кетуін Иран ақпарат құралдары әуелде наразылық көрінісі ретінде хабарлады. Бірақ бұл мәліметті Зарифтің қасында болған екі орынбасары Жабери Ансари мен Ибрагим Рахимпур бірден жоққа шығарды. Рахимпурдың айтуынша, министрдің жиын ортасында шығып кету себебі «намазын өтеумен» байланысты болған. Бұл туралы IRNA ресми ақпарат агенттігі де мәлімет таратты.

– Наразылық туралы сөз болған жоқ. Оған дәлел де жоқ еді. Зариф тек намазын өтеу үшін жиыннан шығып кеткен. Қытай, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Үндістан мен Пәкістан басшылары Иранның ресми мүшелігін қолдады, - деді Ибрагим Рахимпур.

Ол Иранның мүшелігін қолдады деген елдердің ішінде ШЫҰ-ға мүше Өзбекстан мен Тәжікстанның аты аталмайды.

Иран ақпарат құралдарының мәліметінше, жиын тәртібі бойынша әуелі ұйымға мүше елдер, сосын бақылаушы елдер, одан кейін ұйымның бас хатшысы сөйлеген. Алайда Өзбекстан мен Тәжікстан өкілдері және ШЫҰ бас хатшысы – Тәжікстан өкілі Иранды атамағаннан кейін Иран сыртқы істер министрі отырыс ортасында сыртқа шығып кеткен. Иран министрі жиыннан шығып кеткен сәтте ұйым бас хатшысы Рашид Алимов сөйлеп жатқан.

Халықаралық санкциядан шыққан Иранның мүшелігі тек мәлімдеме деңгейінде қуатталды.

Көршілес елдермен болған форумда Иран өкілінің орнынан тұрып шығып кетуі бірінші рет емес. 2002 жылы Ашғабатта өткен Каспий жағалауы елдерінің алғашқы саммитінде де Иранның сол кездегі президенті Сеид Мұхаммад Хатами жиыннан шығып кеткен еді. Одан кейін Тегеранда өтеді деп жоспарланған екінші Каспий саммиті бірнеше мәрте кері шегеріліп, тек 2007 жылы ғана өткен.

Қазақстандық шығыстанушы Жомарт Жеңістің Азаттыққа айтуынша, халықаралық кездесулерде Иранның дипломатиялық хаттамаға сәйкес келе бермейтін әрекеттері жиі ұшырасады.

– Исламда намазды кейін қалдырып оқуға да болады. Бірақ ирандықтар намазды да өзінің орнын, маңыздылығын көрсетудің әдісі ретінде қолдануы мүмкін, - дейді шығыстанушы Иранның діни сипатына меңзеп.

ШЫҰ-ИРАН ҚАТЫНАСЫ НЕ БЕРЕДІ?

Шығыстанушы Жомарт Жеңіс Үндістан мен Пәкістан тәрізді екі елдің бір демде ШЫҰ-ға мүшелікке өтуі болашақта Иранның да ұйымға қабылдануын жеделдетеді деп есептейді.

– Иранның ШЫҰ-ға мүшелігі ұйымға мүше елдерге де, Иранға да пайдалы. ШЫҰ – Иран үшін экономикалық мүдделерге жауап беретін аймақ бола алады. Мұндайда Иранның Ауғанстан тәрізді елдермен салыстырғанда экономикалық өсуі, айтарлықтай инфрақұрылым мен логистикаға ие болуы ШЫҰ назарын аудартады, - дейді ол.

Шығыстанушы Жомарт Жеңіс.
Шығыстанушы Жомарт Жеңіс.

​Жомарт Жеңістің айтуынша, халықаралық санкцияға дейін де Иран өзіндегі ең ірі энергия көздерін игеруде Қытаймен ұзақмерзімді келісім-шарттарға қол қойып үлгерген. «Иран да ШЫҰ елдеріне рынок бола алады» деген шығыстанушы Ирандағы климаттық өзгерістер осы елді ұйымдағы аграрлық индустриялы елдерге жақындата түседі деп санайды.

– ШЫҰ күреседі деген сепаратизм, терроризм, есірткі тасымалы мәселелері Иранның өзіне де тән. Қытайда «ұйғыр мәселесі» бар. Бірақ Иран қанша ислам республикасы болғанымен, қауіпсіздік мәселесінде діни факторды екінші қатарға ысырып қоя алады. ШЫҰ Иранның ішкі-сыртқы саясатындағы параметрлерге толық сәйкес келеді. Ұйымға әртүрлі мәдениет, әртүрлі дінді ұстанатын елдер кіргенімен ортақ мүдде Иранды да қызықтырады, - дейді шығыстанушы Жомарт Жеңіс Азаттыққа.

ШЫҰ-ның келесі саммиті 2017 жылы Астанада өтеді. Онда Үндістан мен Пәкістан ұйымның толыққанды мүшелігіне қабылданады деп хабарланды. Үндістан және Пәкістанмен бірге 2005 жылы ұйымның бақылаушы мүшесі болған Иран 2008 жылы ұйымның толыққанды мүшелігіне өтуге өтініш берген. Бірақ оған халықаралық санкциялар кедергі келтіргені белгілі.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

XS
SM
MD
LG