Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ақпанның 7-сі күні Мәскеуде Ауғанстан сыртқы істер министрі Cалохиддин Раббанимен жүздескен соң осы айдың ортасында ауған мәселесін қарастыратын алтыжақты кездесу өтетіндігін мәлімдеді. Оған Ауғанстанмен қоса бес ел: Пәкістан, Үндістан, Иран, Қытай және Ресей өкілдері қатысады.
ДАУЛЫ БАСҚОСУ
Бұның алдында тек Ресей, Қытай және Пәкістанның қатысуымен үш рет ауған мәселесін қарастырған мәміле (консультация) өткен. Мұндай отырыстың соңғысы арада үш жыл үзілістен соң, былтыр 27 желтоқсанда болған. Оған Ауғанстан өкілі шақыртылмаған. Сонда Ауғанстан сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық білдіріп, кездесу өткізген тараптардың түсінік беруін сұраған. Ал Ауғанстан парламенті мұны «ашық түрде ішке араласу» деп танитындығып жариялап, Мәскеу отырысын айыптаған.
7 ақпанда Ауғанстан сыртқы істер министрі Салохиддин Раббанидің Мәскеуге жұмыс сапарында Кабул өкілі ендігі басқосуға қатысатын болып келісілді. Мұның алдындағы үшжақты кездесу сыртқы істер министрі орынбасарлары деңгейінде өткен болатын.
Ауғанстандық әріптесімен кездескеннен кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің Кабулға әскери техника жөндеуге, әскери және азаматтық саладағы ұлттық кадрлерді әзірлеуге жәрдемдесетінін айтты. Бұған қоса Ауғанстан инфрақұрылымын қалпына келтіруге Ресей компанияларының қатысуы талқыланған. Лавров алдағы Мәскеу кездесуіне тараптардың «жоғары деңгейде қатысуы» күтіліп отырғанын, сондайда Ауғанстанды Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында аймақтық антитеррорлық құрылымға іс жүзінде қатысуы талқыланғанын айтты.
Оның сөзінше, Ресей Ауғанстанға қару-жарақ беруін жалғастырып, осы елдегі «Ислам мемлекеті» ИМ) экстремистік ұйымымен күреске қатысады. Америка президенті Дональд Трамптың ИМ-ге қарсы саясатына орай Ресей АҚШ-пен Ауғанстанда тыныштық орнату мәселесі бойынша серіктесе алатындығын аңдатқан.
Алайда ақпанның 10-ында Вашингтонда АҚШ-тың Ауғанстандағы күштерінің қолбасшысы Джон Николсон Ресейдің былтырдан бастап ауған мәселесіне араласуы күшейіп келе жатқанына меңзеп, «Мәскеу Талибанды заңдастыруға тырысады» деді. Николсонның айтуынша, Ресей ИМ-мен Ауғанстан үкіметі емес, тәліптер күресіп жатыр деген тұжырымдама қалыптастырғысы келеді. «Бұл АҚШ пен НАТО-ның ұстанымына кесірін тигізеді» дейді Джон Николсон.
Ол Ауғанстандағы жағдайдың тығырыққа тірелгенін, ал ілгері қозғалу үшін әлі бірнеше мың әскер керегін айтқан. Николсон Пәкістан, Иран және Ресейдің ауған мәселесіне араласуы проблемаларды үстемелеп жібереді деп есептейді.
2001 жылы «11 қыркүйек оқиғасынан» кейін Ауғанстанға әскер енгізіп, әл-Қаида террорлық ұйымын ығыстырып шығарған АҚШ қазір ауған жерінде НАТО халықаралық коалициясы құрамында 8400 шамалы әскер ұстап отыр. Ресей Совет одағы кезеңінен кейін Ауғанстанға әскер жіберген емес.
«АЛТАУЫ АЛА» МӘМІЛЕ
2014 жылы Ауғанстанда НАТО коалициясы миссиясын ресми түрде аяқтағаннан кейін «Талибан» қозғалысы қайтадан бас көтере бастаған. Қазір Ауғанстанның 320 мыңнан астам қауіпсіздік күштері елде толықтай тыныштық орната алмай келеді. Бұл күндері үкімет күштері Ауғанстан территориясының үштен екісіне ғана бақылау жасайды. «Талибан» бұған дейін талай рет АҚШ пен оның одақтастарын Ауғанстаннан кетуге шақырып, Ауғанстаннан шетел әскері шығарылмайынша Кабулмен бейбіт келіссөз өткізбейтіндігін айтқан. АҚШ та, Ресей де талибаншылардың ауған үкіметімен келіссөзге келуін мақұлдайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ауғанстан сыртқы істер министрімен кездесуде «Талибанмен» «конструктивті диалог» орнату жайында айтқан.
Ал Мәскеуде бас қосып, мәміле өткізетін алты елдің өз арасында шешілмеген саяси мәселелері де жеткілікті. Мәселен, Үндістан мен Пәкістанның Кашмир мәселесіне қатысты келіспеушілігі мен қалыптасқан өзара бәсекелестігі, Ауғанстанның «Талибан» содырларын паналатып, қолдап отыр деп үнемі Пәкістанды айыптауы Мәскеуде нақты шешім қабылдауға кедергі болады.
Дегенмен алтыжақты кездесуде Қытай, Ресей және Иран ауған мәселесін реттеуде өз ықпалын көрсетіп қалуға тырысады. Азаттық радиосы Ауған қызметінің хабарлауынша, Қытай мен «Талибан» басшылары 2015 жылы кездескен. Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұқбатында Иран мәселесі бойынша сарапшы Хусейн Әлизаде Тегеранның Ауғанстан үкіметімен ғана емес, талибаншылармен де байланыс орнатқанына назар аудару керектігін баса айтқан. Пәкістанның Ауғанстандағы елшісі болған Рустамшах Мехманд Үндістанның Ауғанстанды қалпына келтіру шараларына көмек көрсетіп жатқан бесінші үлкен ел ретіндегі рөліне мән беру қажеттігіне тоқталған.
Кейбір сарапшылар болса, Пәкістанның АҚШ одақтасы екендігін ескеруге шақырады. Ал Ауғанстан ұлттық бірлік қозғалысының басшысы Сеид Гилани жергілікті Tolo арнасына берген сұхбатында Ресейдің ауған мәселесіне қызығушылық танытуын ИМ қаупінің Тәжікстан, Өзбекстан тәрізді Орталық Азия елдері шекарасына жақындауымен байланыстырады. ИМ-нің Бадахшанда жаттығу базалары бар екендігіне меңзеген ол Ресейдің Сирияны бомбалағаны тәрізді Ауғанстанды да төмпештеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал Ресей тәліптерді ИМ-ге қарсы пайдалануға тырысады.
Сайып келгенде, алдағы аптаға жоспарланған Мәскеу мәмілесі «Талибан» қозғалысын келіссөзге шақыруға бағытталған қадамдардың бірі болатын сыңайлы. Жалпы, Ауғанстандағы бітім мәселесін қарастырған басқосу бұған дейін де өткен. Ауғанстан, Пәкістан, Қытай және АҚШ өкілдері қатысқан төртжақты мәміле бес рет өткізіліп, Пәкістан «Талибанды» Ауғанстанның орталық үкіметімен келіссөзге бейімдейді деп келісілген болатын. Алайда Пәкістан «Талибанды» мәмілеге шақыра алмаған. Осы аралықта АҚШ-та мерзімі аяқталған Барак Обама әкімшілігі қызметтен кетіп, Дональд Трамптың билікке келуімен қарайлас Ресейдің де ауған мәселесіне назары арта түскені байқалады.