Ауғанстан бірінші вице-президенті, генерал Абдул Рашид Дустум қараша айында елдің солтүстігіндегі Джаузджан уәлаятының бұрынғы әкімі Ахмад Эсшиді азаптап, зорлық жасаған деген мәселеге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Дустумға қарсылар оны айыптап, заң алдында жауап беруін талап етсе, генералдың жақтастары Эсши «бүлік тудырмақ болды» дейді. Жұма күні Фарьяб уәлаятында генерал Дустумның жақтастары көшеге шығып, оны айыптайтындарға наразылық білдірген. Парламент өкілдері соңғы екі айда Дустумның үкіметтің маңызды жиындарына қатыспауын сынап, оны міндетіне «салғырт қарайды» деп сөкті. Генерал Дустумның өзі Эсши ісіне қатысты әзірге ештеңе айтпай отыр. Тек оның кеңсесі генералдың бұрынғы әкімді азаптағаны жайлы мәліметті жоққа шығарды. Тергеуге Дустум да шақыртылғанымен, ол тергеуді елемеген. Бас прокуратура енді Дустумның тоғыз оққағарын қамауға санкция берген.
АҚШ пен Еуропа Одағы Ауғанстандағы адам құқығын аяқасты ететін бұл мәселенің мұқият тергелуіне мүделілік білдірген.
Абдул Рашид Дустум себепші болған дау туралы Ауғанстан мәселесі бойынша түркиялық сарапшы Эседолла Огуз Азаттық радиосына сұхбат берді.
Азаттық: - Сіздің ойыңызша, бұл мәселенің астарында не жатыр? Оның саяси қыры болуы мүмкін бе?
Эседулла Огуз: - 2016 жылдың қараша айында Шибаргандағы бузкaши (көкпар – Азаттық) жарысында Ахмад Эсшиді сәлемдесіп, тағзым қылмағаны үшін ғана Дустум ұстатып, жыныстық зорлауға салып азаптаған делінеді. Генерал Дустумның мұндай әрекеті бір бұл емес. Оның Ахмад Эсшиден де бұрын үш қарсыласын осылай ұрып, азаптап, зорлағаны жайлы айтылады. Алайда ол Ауғанстан солтүстігіндегі өзбектер, түркімендер, жалпы түркітектес тұрғындар арасында үлкен беделге ие. Жергілікті өзбектер мен түркімендер оны Талибанға қарсы өздерінің күшті жетекшісі ретінде таниды. Қазіргі жағдайға қарасақ, Дустумның оққағарлары ұсталады дегенмен, оның өзін ешкім де биліктен кетіре алмайды. Дустумды кетіру үшін Ауғанстан парламентінен пәрмен болуы керек. Бірақ елдегі тұрақсыз жағдай мен биліктің әлсіздігі Дустумға қатысты қандай да бір әрекеттердің қозғалуына мұрша бермейді деп ойлаймын.
Генерал Дустум - қырық жылдан бері майданда жүрген, көптеген жеңілістерге ұшыраса да, көбін тойтарып әлі де беріспей келе жатқан әскербасы. Бұл жерде президент Ғани бастаған пуштундар қолдауындағы топ Эсши ісін желеу етіп, түріктектестер позициясын әлсіретуді көздейді. Эсшиден басқа Акбарбай тәрізді өзбек жетекшісін де президент Ғани билігі қолдап отыр. Бұл екеуін билік Дустумға қарсы пайдаланғысы келеді. Әлбетте, өзбектер мен түркімендер Дустумның жолсыз істеріне де көзжұмбайлықпен қарап, оны қолдауға тырысады. Өзбектер, жалпы түркітектестер өз жағдайларын Дустумсыз елестете алмайды. Дустум кетсе, елдің солтүстіктегі уәлаяттары, жалпы түркітестектер қоныстанған аймақ қамқоршыларынан айрылады деп түсінеді. Және Дустум болмаса, бұл аймақтың есігі Талибан мен ДАИШ-қа ашылады деп есептейді. Олардың Дустумға қолдау көрсетіп жатқан себебі де сондықтан.
Әзірге президент Ғанидан бастап Ауғанстанның билік өкілдері бірінші вице-президентке қатысты дауға пікірлерін білдірмеді. Олар Дустумның беделінен де сескенетін сияқты. Өйткені Дустумды Ауғанстанның бірнеше провинциясы толықтай қолдайды. Дустумға қарсы қандай да бір әрекеттер өзбектер қоныстанған солтүстік провинцияларда толқу тудыруы мүмкін.
Елдегі өзбектің оқыған адамдары Дустумның бұл әрекетіне жиіркенішпен қарап отыр. Сондықтан да оның төңірегіндегі сауатты адамдардың өзі одан аулақ болғанды қалайды. Бірақ соның бәрін ресми билік өз пайдасына шешіп қалғысы келеді. Мәселен, елдегі бұрынғы президент (Хамид Қарзай – Азаттық) кезінде Акбарбайды Дустумға қарсы пайдаланғысы келді. Ал Дустум он шақты жыл бұрын Кабулда оны да ұстап алып, азаптаған болатын.
Азаттық: - Ауғанстанның ресми билігі үшін бірінші вице-президентке қатысты даудың зардаптары қандай болмақ?
Эседулла Огуз: - Кезінде Дустум мен президент Ғанидің арасында біршама мүшкіл жайлар туындаған. 2014 жылы Дустумның бірінші вице-президент ретіндегі кейбір өкілеттіктерін Ғани шектеп тастаған. Генерал Дустум Талибанға қарсы әскери жорыққа шыққан кезде Ауғанстан үкіметі оны толықтай қолдай қоймады. Осындай жағдайлар қайталана берсе, Дустумның биліктен бөлінуіне себеп болуы мүмкін. Ондайда ол Ауғанстанның солтүстігінде жеке дара билік құруы ықтимал деп есептеймін.
Азаттық: - Президент Ашраф Ғани Талибанмен келіссөзді жақтаушы ретінде көрінді. Ал Дустум Талибанға қарсы көзқарасымен танымал. Бұл мәселе де олардың арасында келіспеушілік тудырмай ма?
Эседулла Огуз: - Дустумды Талибанмен келіссөзге қарсы еді деуге болмайды. Ол да Талибанмен келіссөзге келіп, елде бейбітшілік орнауын қалайды. Бірақ Ғани да, Дустум де осы келіссөзді жақтағанымен, оның түбі жемісті боларына екеуі де сенбейді.
Азаттық: - Фарьябта Дустумды қолдаушылар шеруге шығып жатыр. Ахмад Эсши кім болған, оның қолдаушылар көп пе?
Эседулла Огуз: - Ахмад Эсши де өзбек. Бірақ шағын деңгейдегі хан есебіндегі тұлға. Ол елдің солтүстігінде Дустум тәрізді беделге ие емес. Ахмад Эсши әуелде генерал Дустумның жақын серіктерінің бірі болған еді. Кейін аралары ашылып, ол Дустумнан бөлініп кетті. Әлбетте, Дустумнан бөлінген бір Эсши ғана емес. Бір кезде Джаузджан әкімі болған Алимзай да басында Дустумның серігі болып, соңынан одан іргесін аулаққа салған. Эсши Дустумға қарсы әрқандай бір белсенділігімен көрінген емес.
Азаттық: - Дегенмен Ахмад Эсшидің «бүлік», «қастандық» жасамақ болған талпынысы жайлы да айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Сіздің бұл туралы қандай мәліметіңіз бар?
Эседулла Огуз: - Ахмад Эсши ондайға баратын адам емес. Дустум өзін-өзі ақтау үшін осындай даулы мәлімет таратып жатқан болуы мүмкін. Билік осы екеуін де бір-біріне айдап салып отырған сыңайлы. Ахмад Эсши – Дустум мен оған қарсылар арасындағы құрбандық. Ол қазір әрқандай бір ресми қызмет атқарып отырған жоқ. Эсши қазір ықпалды саяси, мәдени қайраткер деп есептеледі.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.