Ғылыми зертханасы, кітапханасы және компьютер сыныбы бар Абдул Хай Хабиби мектебі Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы қазіргі заманғы және беделді мемлекеттік мектептердің бірі болатын.
Бірақ 2021 жылғы тамызда "Талибан" қозғалысы билікке келген соң Хост қаласындағы бұл мектеп медресеге, яғни, діни семинарияға айналды. Содан кейін алты мыңнан астам оқушы мен 130 мұғалім мектептен кетуге мәжбүр болды.
"Бұл адамдардың көңілін түсірді, – деді осы мектептің түлегі Сайнулла Сиал Азаттықтың Ауған қызметіне. – Зайырлы мектептерді медресеге айналдыру дұрыс емес".
Тәліптер Абдул Хай Хабиби мектебінен бөлек ондаған мемлекеттік мектепті, университет пен кәсіби білім беретін орталықтарды ислам семинариясына айналдырды.
Сарапшылар содырлар қазіргі заманғы зайырлы білім беру жүйесін жоюды мақсат тұтады дейді. 2001 жылы Ауғанстанға тәліптердің бірінші режимін құлатқан АҚШ әскері кірген соң мұндай жүйе біршама дамып келе жатқан еді.
Ауғанстанда билікке қайта келген тәліптердің ең басты мақсатының бірі – білім беру жүйесін өзгерту болды.
Тәліптер қыздардың орта мектепке баруына тыйым салды, мемлекеттік университеттерде арнайы киім үлгісін енгізді. Ұлттық білім беру бағдарламасын қайта қарайтынын мәлімдеп, елдегі 34 уәлаятта медресе салу жоспарын жариялады.
Тәліптердің дүниетанымында медресенің орны зор. "Талибан" сөзі медресе оқушысы (тәліп, тәлім алушы) деген мағына білдіреді. 1990 жылдары алғаш пайда болған "Талибан" тобы мүшелерінің көбі Ауғанстанмен көрші Пәкістандағы радикалды ислам семинарияларында оқыған.
1996-2001 жылдары билікте болған "Талибан" қозғалысы зайырлы мектептерге тыйым салып, діни білім берді. Қыздардың мектепте, әйелдердің университетте оқуына тыйым салды. Тәліптер басқаратын медреселер содырлар идеологиясын насихаттап, ұлдарға Құранды жаттататын.
Жиырма жылға созылған қарсылық кезінде тәліптер негізінен өз бақылауындағы ауылды жерлерде медреселерді қалпына келтірді. Сонымен қатар үкімет бақылауындағы жерлерде мектептерге бомба тастап, шабуыл жасап, өртеді.
"ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ"
Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосы Ауғанстанның шығысында тұратын мұғаліммен сөйлесті. Ол тәліптер ұстаздарға арналған оқу орталықтарын медресеге айналдырып жатыр дейді.
Қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды сұраған ұстаз бұрынғы билік кезінде жасалған оқу бағдарламасын ұстанатын орталықтар жаңа мұғалімдерді дайындап жатқанын айтады. Әр уәлаятта мұғалімдерге арналған кемінде осындай бір орталық бар.
"Кей уәлаятта [Талибан] білім министрлігі оқу орталықтарын медресеге айналдыру үшін жиһадшылардың қолына берген" деді ол.
Ол тәліптер солтүстіктегі Бағлан мен шығыстағы Құнар уәлаятындағы оқу орталықтарын медресеге айналдырды дейді.
"Бұл үлкен қасірет. Білімге қарсы соғыспен пара-пар, – деді Азади радиосына Ауғанстанның шығысында тұратын мұғалім. Ол да қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін атамауды өтінді. – Тәліптердің білім беруге деген көзқарасы өте нашар".
Ал тәліптер бұл саясатынан бас тартатынға ұқсамайды.
Маусымның басында тәліптер Ауғанстанның солтүстігіндегі Мазари-Шариф қаласындағы "Метра" телестанциясы кеңсесін медресеге айналдырды.
Тәліптердің білім министрі Нурулла Мунир қозғалыс үшін діни білім берудің басым тұрғанын айтады.
"Ауғанстан бойынша 20 мың [зайырлы] мектеп бар. Бірақ Ислам әмірлігінде тіркелген семинария саны мыңнан аспайды" деген оның сөзін келтірді Tolo News телеарнасы.
Маусымның басында министрлік әр уәлаятта мың оқушыға арналған мемлекеттік медресе салу жоспарын жариялады.
"Мектептерді медресеге айналдырып жатқанымыз жайлы мәлімдеме өтірік, – деді Азади радиосына тәліптердің білім министрлігінің өкілі Азад Ахмад Райан. – Зайырлы мектептер маңызды".
Райан жоспардың мақсаты ауған студенттерінің шетелден білім алуын тыю екенін айтады. Біршама жыл бойы "Талибан" тобы мүшелерінің көбі Пәкістанда діни білім алған.
Бірақ азаматтар бұған сенбейді. Ислам ғалымы Мохаммад Мохик тәліптерді "әлеуметтік инженерияға" жүгінді деп айыптады.
Ол тәліптер зайырлы мектептерді жою арқылы ендігі ұрпақтың "миын улауды" жоспарлап отыр деді.
"Осылайша олар [медресе] студенттерін қозғалыс құрамына тартып, орта ғасырлық теократиялық жүйе құруды көздейді" деді ол.
Азаттықтың Ауған қызметі – Азади радиосының материалдары бойынша жазылды
ПІКІРЛЕР