Accessibility links

 
"Тек славяндарды аламыз". Ресейде нәсілдік кемсіту қалай жүріп жатыр?

"Тек славяндарды аламыз". Ресейде нәсілдік кемсіту қалай жүріп жатыр?


Мәскеудегі националистер маршына қатысушылар. 2019 жыл, қараша.
Мәскеудегі националистер маршына қатысушылар. 2019 жыл, қараша.

2024 жылғы мамырда Мәскеу соты "түр-әлпеті славяндарды ғана жұмысқа аламыз" деген бос жұмыс орны туралы бірнеше онлайн хабарландыруды Ресейдің дискриминацияға қарсы заңына қайшы деп танып, оларға тыйым салған. Сот бұл хабарландырулар "заңсыз және қылмыстық жазаға лайық" деген ұйғарым жасаған.

Мұның алдында Мәскеудің басқа бір соты "тек славяндарды ғана жұмысқа аламыз" деген хабарландыруды да заңға қайшы деп тапқан. Жұмысқа алу ғана емес, Мәскеуде жалға пәтер беретін риэлторлар арасында пәтер жалдаушыларға да осындай талап жиі қойылады.

Ресейдегі мемлекеттік мекемелер де тендер ойнатқанда мұндай дискриминация әдісін жиі қолдана бастады. Азаттықтың "Система" зерттеу тобы мемлекеттік мекемелердің құжаттарын зерттей келе осындай қорытынды жасады.

Дзержинск қалалық әкімшілігі клининг қызметіне жариялаған тендерде "түр-әлпеті славяндар ғана тапсырад" деп жазған.
Дзержинск қалалық әкімшілігі клининг қызметіне жариялаған тендерде "түр-әлпеті славяндар ғана тапсырад" деп жазған.

"Славян емес ұлттарға қысым күшейіп жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет ксенофобиямен күресу орнына нәсілшіл сөздер айтады. Ресми адамдар мен қауіпсіздік күштері мәлімдемелер жасау арқылы осындай жаушылдықты одан сайын қоздырып отыр" деді "Мемориал" құқық қорғау ұйымының өкілі Стефания Кулаева.

Ресей орталығындағы Нижний Новгород облысына қарасты Дзержинск қаласында клининг қызметіне қатысты тендерлердің кемі төртеуінде "бет-әлпеті славян" адамдар қызмет көрсетуі керек деген талап қойылған. Хабарландырулардың бірі өткен айда ғана жарияланған.

Федералдық гигиена және эпидемиология орталығының Мәскеу бөлімшесі қарашада жарияланған тендерде де "түр-әлпеті славян қызметкерлерді" қабылдайтынын ескерткен.

Дзержинск қалалық әкімшілігі де, федералдық гигиена және эпидемиология орталығының Мәскеу бөлімшесі де Азаттықтың осыған қатысты сұрақтарына жауап бермеді.

"НӘСІЛДІК КЕМСІТУ ӨРШІП БАРАДЫ"

Ресей заңдары адамды ұлтына не этносына қарап алалауға, соның ішінде жұмысқа алу кезінде кемсітуге тыйым салады. Ал Конституцияда адамдарға ұлтына не шығу тегіне қарамастан бірдей құқықтар мен бостандықтар беріледі деп жазылған.

Президент Владимир Путин де "Ресей – көпұлтты, көпдінді ел" дегенді жиі айтады. Дегенмен ол бұл топтар арасында "орыс мәдениеті басым болуы керек" деген ұстанымды қолдайды, ал билікке наразылар болса саяси мақсаттар үшін әсіреоңшыл топтармен ауыз жаласты деп үкіметті сынайды.

Ресейде 2021 жылы жүргізілген халық санағына сәйкес, халықтың 72 пайызы орыс ұлтының өкілі. Бұл санақтың объективтілігіне күмәнмен қарайтын әлеуметтанушылар да бар. Славян емес жергілікті ұлттар қатарында татар, қалмақ, бурят, шешен сияқты халықтар бар. Бұған қоса Ресейде Орталық Азия елдерінен шыққан 10 миллиондай адам тұрып жатыр.

Экстремизмді бақылайтын "Сова" зерттеу орталығының өткен айда жариялаған есебіне қарағанда, Ресейде 2023 жылдың көктемінен бері "нәсілдік зорлық күрт артқан".

Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы осы аптадағы есебінде 2024 жылғы 22 наурызда Мәскеу түбіндегі "Крокус сити холл" концерт залына жасалған қанды шабуылдан бері Ресейде Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарына қатысты "ксенофобиялық харассмент, хейт спич және зорлық-зомбылық көбейгенін" айтты.

Ресейдің мемлекеттік мекемелері жұмысқа адам алуда дискрминацияға алғаш рет жол беріп тұрған жоқ.

2018 жылы Мәскеу қалалық үкіметінің жерлеуді ұйымдастырумен айналысатын монополиялық мекемесі кондиционер орнату бойынша мердігер болғысы келген адамға "тек славяндар ғана" өтініш бере алады деп жауап қайтарған.

Сол жылы Ресей ұлттық гвардиясына қарасты мекеме тендер туралы хабарландыруда өз ғимаратына шетелдіктер мен "кавказ этносының өкілдеріне" кіруге тыйым салынады деп жазған. "Кавказ ұлтының өкілі" деген ұғымға әдетте Кавказ аймағын мекендейтін халықтардың барлығы кіреді, оның ішінде Ресейдің өз азаматтары да бар.

"ЭТНОСҚА ҚАРАЙ БӨЛУ НОРМАҒА АЙНАЛДЫ"

"Мемориал" өкілі Кулаеваның айтуынша, Ресейде ұлтына қарай кемсіту нормаға айналып барады.

"Жалпы ахуалға қарасақ, мигранттардың жұмыс істеуіне тыйым көбейді, жұмыс берушілер арасында азаматтығына қарай дискриминация жасау жиі кездеседі. Кандидатқа мұндай талаптар қою заңсыз, сондықтан ұлтына бола қызметке алынбай қалған адам арыз беріп, оған қарсы шығуы керек" дейді ол.

Стефания Кулаеваның айтуынша, Ресейдегі нәсілшілдік тек жұмысқа алу кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де үнемі байқалады.

Былтыр Мәскеу облысы бойынша полиция подполковнигі жергілікті ресми тұлғалармен кездесу кезінде облыстың ішкі істер органының басшысы "басты міндет – аймақты шетел азаматтарынан тазарту" деген.

Ресейдің Украинамен соғысын және "ұлтшылдық өршігенін ескерсек, адамдарды этносына қарай бөліп нормаға айналғаны таңқалдырмайды" деді Кулаева.

XS
SM
MD
LG