АҚШ президенті қызметіне ресми кіріскеннен бері өткен алты айдың ішінде Дональд Трамп Америка үшін стратегиялық маңызы бар көптеген елдердің басшыларымен кездесті. Ол осыған дейін Оңтүстік Корея, Франция және Қытай басшыларымен жүздесті. Ақ үйде Украина президенті Петр Порошенконы қабылдады.
Сарапшылар АҚШ пен Ресей басшыларының Гамбургтегі алғашқы кездесуінде Украина мен Сириядағы жанжал, Солтүстік Кореяның зымыран сынақтары проблемаларын да талқылауы мүмкін дейді. Сонымен бірге америкалық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін Еуропаға орналастыру мәселесі де сөз болуы ықтимал.
Трамп пен Путиннің алғашқы кездесуі қалай өрбімек? Қандай маңызды тақырыптар қозғалады? АҚШ-тың Теннеси штаты университетінің саясаттану профессоры Андрей Коробков "Осы шақ" бағдарламасына сұхбатында екі президенттің кездесуі туралы ойымен бөлісті.
– Андрей Владимирович, Путин мен Трамптың келіссөзінің күн тәрітібі бұл екеуі бір-бірімен саяси салдары болмайтындай тұрғыда сөйлесе ала ма деген сауалға тірелетін тәрізді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл, әрине, алғашқы кездесу, танысу болмақ, оның үстіне олар туралы да, екеуінің тарапынан бір-бірі жайлы да айтылған сөз аз емес. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда жағдай әдеттегіден өзгеше екені рас.
– Трамп Путинмен кездескенге дейін не айтса да, тіпті осы жолы Варшавада қатқылдау мәлімдеме жасаса да, екеуара кездесудегі әңгіме ондай қатаң болмайтын тәрізді.
– Өз менталитеттері бойынша, олар тез ортақ тіл табысады деп ойлаймын. Путин ұсақ-түйекке үлкен мән беретін барлау қызметінен көтерілген, ал Трамп мүлде өзгеше – бизнестен гөрі, шоу-бизнес арқылы популистік стильдегі адам ретінде танылған. Алайда екеуіне ортақ нәрселер де бар. Дегенмен, меніңше, айталық, Обама мен Путинге қарағанда бұл екеуі жабық есік жағдайында тез тіл табысып кетеді деп ойлаймын.
– Ал Трампты елінде бұл кездесуге қалай шығарып салды? Мысалы, Путиннің Трамппен кездесетінін бақылап отырған Ресейдегідей оның да жүріс-тұрысына мән беріп, назар қойып отыр ма?
– Егер MSNBC, CNN тәрізді телеарналар президентті үнемі сынаумен келе жатса, Fox сияқты өзгелері оны барынша қорғап бағады. Соның нәтижесінде, Ақ үйде билікте болған алдыңғы президенттерге қарағанда бұл президентке айтарлықтай үлкен назар ауып отыр деуге болады.
– Айтпақшы, тағы бір республикашыл президент Рональд Рейганның Ресей жайлы, ол кезде СССР болатын, анекдоттар жинастырғаны есіме түсіп отыр.
– Ресми БАҚ Рейганды да ұзақ уақыт үнемі сынап-мінеп, ісін жетік білмейтін адам ретінде сипаттағанын ескерсек бұл өте қызық салыстыру. Және Рейганның басқаша ой қорытып, түбінде Горбачевпен өте тиімді жұмыс істей алғанын да баршамыз білеміз.
– Қазір Трамп сапармен болған Польшада ет туралы ешқандай қиындық жоқ. Ал ұлтшыл сайттар, тіпті кез-келген сайт кезекті мәрте бұғатталып жатқаны туралы жаңалықтарға қарағанда Ресейде сөз бостандығының жайы мәз емес сияқты. Сіздіңше, Трамп бұл туралы Путинмен сөйлесе ме, жоқ әлде бұл оның мүддесінен тым алшақ жатқан мәселе ме?
– Бұл оның мүддесінен алшақ жатыр деп ойлаймын. Көптің көзінше бірдеңе айтылар, бірақ Трамп, әрине, стратегиялық мәселелермен айналысады, бұл тұрғыда оны Рейганмен емес, Никсонмен салыстыру керек.
– Яғни ол шынымен Путинмен Солтүстік Корея жайлы сөйлесе ме?
– Солай деп ойлаймын. Трамп қазір өзі үшін үш, дәлірек айтсақ, екі жарым түйткілді мәселе бар деп санайды. Біріншісі – Солтүстік Корея, өйткені жалпы геосаяси қозғалыс Тынық мұхитқа қарай ауып барады деп санайды, екіншісі – Таяу Шығыс, онда жалғыз Сирия ғана емес, сонымен бірге Иран да бар, бұл мәселеде, әрине, Путинмен келісім өте қажет.
– Путин Украина жайлы да, Сирия мен Солтүстік Корея туралы да талқылайтыны шүбәсіз. Ол АҚШ тәрізді әлемдік держава лидерімен осыны талқылап, өзін Трамппен тең жетекші ретінде көрсетуге тырысар. Сосын Ресейде бұл туралы "байыпты адамдар әлемдік проблемалар жайын байсалды сөйлесті" деп жазар деп ойлаймын. Сіздіңше, Путин бұл кездесуді өз ыңғайына пайдаланып, ойынға айналдырып кетпей ме?
– Иә. Бірақ, шындығына келсек, америкалық элиталық баспасөз де Путиннің және Ресейдің әлемдік саясаттағы ролін күн сайын, минут сайын дерлік тым әсірелеп көрсетуді тоқтатпай отыр. Қазірдің өзінде әлемнің виртуалды картасы қалыптастырылған, онда жалпы ішкі өнімі АҚШ көрсеткішінің 10 пайызын құрайтын елді бұрынғысынша қолынан келмейтіні жоқ, соның ішінде америкалық президенттерді де тағайындай алатын алып держава етіп көрсеткен де Трамп емес қой. Сондықтан бұл тұрғыда Трамптың іс-әрекеті әлгіндей нәтижеге әкеледі, бірақ ондай жағдай қалыптасып қойған.