Accessibility links

Гей екенін мәлімдеген адам мен оның отбасы жоғалып кетті


Түркімен ЛГБТ қауымы өкілдері арасынан гей екенін БАҚ-қа алғаш рет жария еткен кардиолог дәрігер Қасымберді Гараев. (Оның жеке архивіндегі сурет.)
Түркімен ЛГБТ қауымы өкілдері арасынан гей екенін БАҚ-қа алғаш рет жария еткен кардиолог дәрігер Қасымберді Гараев. (Оның жеке архивіндегі сурет.)

Түркіменстандағы азапқа толы өмірі туралы сұхбат берген гей жігіт полиция бөліміне шақырылғаннан кейін хабар-ошарсыз кетті. Гомосексуализм қылмыс саналатын елде оның отбасының да қайда кеткені белгісіз.

ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРҒАННАН КЕЙІН ХАБАРСЫЗ КЕТТІ

Түркіменстанда сексуалды азшылық өкілдері (ЛГБТ - лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) адам төзгісіз қиын жағдайда өмір сүріп жатқаны жайлы сұхбат берген жас жігіт полицияға шақырту бойынша барғаннан кейін отбасымен бірге жоғалып кетті. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық) хабарлады.

Ашғабаттағы белгілі емханалардың бірінде кардиолог болып жұмыс істеген 24 жастағы Қасымберді Гараевтың ата-анасы мен бауырлары да хабарсыз кеткен.

Гараев қазанның 21-і күні жарияланған мақалада Азаттықтың Түркімен қызметіне гомосексуализм қылмыс саналатын Түркіменстанда гей болғаны үшін қандай қиындықтарға тап болғаны туралы баяндаған еді.

Гараев гейлерді екі жыл түрме жазасына кесетін заңы бар елде билік өкілдері мен өз отбасы тарапынан қысымға ұшырағанын айтқан. Жігіттің сөзінше, оның гей екенін жақындары ғана білген. Олар Гараевты шындықты жұрттан жасырып өмір сүруге көндірмекші болған. Отбасы гей жігітке "көмектесу мақсатында" оны мәжбүрлеп үйлендіруге тырысқан, психологтар мен имамдарға апарған, "нағыз ер азаматқа айналуы үшін" жезөкшемен бірге төсектес болуды ұсынған.

Гараевты ұстаған полиция оны ұрып-соғып, мазақ қылған, электр тоғымен азаптаған. Ол Азаттықтың Түркімен қызметі арқылы жариялаған хикаясы Түркіменстанда өзі сияқты ауыр жағдайда жүрген басқа азаматтарға көмектесер деп үміттенетінін айтқан еді.

Гараевтың сұхбаты жарияланғаннан кейін Түркіменстан билігі қауіпсіздік қызметіне Ашғабаттағы емханалардан Кәміл деген лақап атпен сұхбат берген адамды табуды тапсырған. Полицияға шақыртылғандардың арасында Гараев та болған.

Қазанның 24-і күні Қасымберді Гараев шақырту бойынша полиция бөліміне барған. Содан бері одан хабар жоқ.

Азаттықтың Түркімен қызметі Гараев жұмыс істеп келген емханаға хабарласты. "Ол қазір мұнда жұмыс істемейді" деген жауап берді емхана өкілдері. Гараевтың отбасын табу да мүмкін болмады. Олар Ашғабатта бұрын тұрған үйінен көшіп кеткен, көршілері не болғанын білмейді.

ҚОШТАСУ ВИДЕОСЫ

Түркіменстанда бірінші президент Сапармұрат Ниязов пен 2006 жылы билікке келген қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің тұсында билік түркімен азаматының өзін ұстауы мен киім киюінен бастап, мемлекеттік қызметке тұруы үшін қажет жетістіктер мен жеке көлігінің түсіне дейін белгілі бір үлгі енгізіп, бәрінің соған сай болуын қадағалауға күш салды.

Бұл ережелерге бағынбаған азаматтар қиындықтарға кезікті. "Олардың тірі екенін дәлелде" атты халықаралық кампания Түркіменстанда түрмеге жабылғалы хабарсыз кеткен 121 адамның аты-жөнін тіркеген.

Қасымберді Гараев гей екенін жария етіп мәлімдеме жасағаннан кейін туған қиындықтар үшін отбасынан кешірім сұраған сөзін видеоға жазып қалдырған. Жігіт туыстарынан өзін қазіргі бар болмысымен қабылдауды өтінген.

Қасымберді Гараевтың жоғалар алдында отбасына арнап жазған видеосы:

Қасымберді Гараевтың жоғалар алдындағы сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00


"Әрекетімнің сіздерге зияны тигенін қалаған жоқпын. Кешірім сұраймын! Кетіп қалсам, кінәламаңыздар! Әке, қатты күйзелмеңіз, ауырып қаласыз. Анашым... уайымдамаңыз. Ковус, бәріне бас-көз бол. Мені кешіріңдер! Ковус, өзің абай бол, басқаларға да қарап жүр. Қияс, мұқият болып, кішкене ойлануды үйрен. Әр қадамыңды ойланып бас! Кішкентай қарындасым Акжа, сен бүгінге дейін көз жасынан басқа ештеңе көрген жоқсың. Сен де мені кешір!... Акжаханым, әдемі қыз болып өсесің деп үміттенем. Жақсы қыз бол! Сенің өскеніңді көре алмайтын сияқтымын. Кешір! Барлығың адал және бақытты болыңдар. Бақытты отбасында, бірақ менсіз тұрыңдар. Уайымдамаңдар. Тағы да жалынып кешірім сұраймын! Кешіріңдер! Бәріңді сүйдім. Қош!" дейді жасын тия алмай өкси сөйлеген Қасымберді Гараев.

ЛГБТ ӨКІЛДЕРІН ҚУДАЛАУ

Азаттық радиосына соңғы жылдары Түркіменстанда ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға ұшырап, зорлық-зомбылық көргені туралы бірнеше рет хабар түскен. Бірақ ықтимал құрбандармен байланысу мүмкін болмағандықтан Азаттық бұл ақпаратты не растап, не жоққа шығаратын материал жариялай алмаған. Қасымберді Гараев - Түркіменстандағы ЛГБТ өкілдері арасынан өз басындағы хикаяны баяндау үшін Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарласқан алғашқы адам.

Түркіменстан азаматтарды гомосексуализм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын әлемдегі 60 елдің қатарында қалып отыр. Постсоветтік мемлекеттер арасында мұндай заң Түркіменстаннан басқа көрші Өзбекстанда ғана бар.

Қазақстан 1997 жылы гомосексуализмді қылмыс деп қарастыратын бапты заңнан алып тастаған. Алайда құқық қорғаушылар Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің құқығы бұзылатынын жиі айтады. Биыл наурыз айында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы резолюция қабылдаған Еуропарламент елде "ЛГБТ өкілдеріне қысым көп, олар заң жағынан кедергіге жиі тап болады" деп бағалаған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі "Еуропарламенттің қарары заңды күші жоқ, тек ұсыныс сипатындағы құжат" деп мәлімдеген.

2017 жылы Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы Қазақстанда ЛГБТ өкілдеріне теріс көзқарас қалыптасқанын, "бір жынысты қарым-қатынас пен гендерлік жайсыздық бірден айыпталатынын" айтқан. Ұйым бұл елде ЛГБТ гомофобия мен кемсітушілікке ұшырайтынын мәлімдеген. AI Қазақстан билігін ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғап жүрген ұйымдардың алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, кедергі келтірмеуге шақырған. Ұйым биылғы есебінде де Нұр-Сұлтанды азаматтарды жыныстық ерекшелігіне бола кемсітуден қорғайтын дискриминацияға қарсы заң қабылдауға шақырды.

(Брюс Панниер мен Азаттықтың Түркімен қызметінің материалы негізінде әзірленді.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG