2001 жылғы 7 қазанда АҚШ "Талибан" (Қазақстанда және басқа да елдерде тыйым салынған) қозғалысы басқарып отырған Ауғанстанды бомбалай бастады. 3 мыңға жуық адамды мерт қылған 11 қыркүйектегі террор шабуылын ұйымдастырған "Әл-Қайда" тобына қарсы әскери операция осылай басталған.
Содан бері жиырма жыл, ал Вашингтонның Ауғанстаннан әскерін толық шығарып әкеткеніне екі айға жуық уақыт өткенде, "Әл-Қайда" әлсірегенімен, біржола жойылған жоқ.
"Талибан" сияқты етене жақын одақтасы қайтадан билікке оралғаннан кейін "Әл-Қайда" Ауғанстанда тағы да тамыр жайып, жылдам күш жинауы мүмкін. Әйткенмен, әлемдік деңгейдегі жихадты мақсат еткен террор тобы көксегеніне жетудің жаңа мүмкіндіктерін қарастырып жатқаны айтылып жүр.
– "Әл-Қайда" әдебиетінде 11 қыркүйектегі шабуыл АҚШ-ты жихадшыларға қарсы ауған жерінде ұзақ соғыс жүргізуге тарту және солайша жеңіске жету мақсатымен алдын ала әзірленген жоспар бойынша жасалғаны айтылған, – дейді Оңтүстік Азиядағы исламшыл радикал топтарды зерттейтін Абдул Саид.
Оның сөзінше, бұл стратегия тұрғысынан "Талибан", "Әл-Қайда" және басқа жихадшы топтардың АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуін неліктен жеңіс деп жариялағанын түсіну оңай.
Абдул Саид Вашингтонның триллиондаған доллар жұмсап жүргізген әскери операциясы тым ұзаққа созылып, негізгі мақсатына жете алмағанын айтады.
– АҚШ Ауғанстанда "Әл-Қайдаға" қарсы жиырма жыл бойы соғысты. Бірақ көзін құрта алмады. Ол топ Ауғанстанды елді паналап отыр, – деді сарапшы Азаттықтың Ауған қызметіне.
АҚШ қауіпсіздік қызметі басшылары енді "Әл-Қайда" Ауғанстанда жылдам ес жиып, жақын 1-3 жылдың ішінде АҚШ-қа шабуыл жасауы мүмкін деп ескертеді.
– Әрине, ["Әл-Қайда" тобының] ол жақты өзіне қауіпсіз баспанаға айналдыруына мүмкіндік пайда болғаны бізді алаңдатады. Мұндайды бұрын көрдік қой, – деді өткен айдың аяғында ФБР директоры Кристофер Рей АҚШ конгресіндегі жиында.
Ал "Талибан" аймақтағы немесе әлемдегі елдерге Ауғанстаннан қауіп төнуіне жол бермейтінін тағы да мәлімдеді.
– Ауғанстаннан ешбір елге ешқандай қауіп төнбейді деген сөзімізге берікпіз, – деді жуырда "Талибан" қозғалысының ресми өкілі Забиулла Мужахид.
Бірақ сарапшылар тәліптердің сөзіне сенбейді. 2020 жылғы ақпанда Доха келісіміне қол қойған кезде "Талибан" Ауғанстанды "Әл-Қайда" базасына айналдырмауға уәде еткен. Бірақ жеме-жемге келгенде тәліптердің шетелдік одақтасы көптің көзіне түспей, елеусіз әрекет жасауға көшті дейді Еуроодақ пен БҰҰ-ның Ауғанстандағы бұрынғы кеңесшісі Майкл Семпл.
1990-жылдары "Талибан" билігі кезінде Ауғанстанда жұмыс істеген Майкл Семпл тәліптердің іс-әрекеті басшыларының көпшілік алдында берген уәдесіне қарама-қайшы екеніне таңғалмайтынын айтады.
Инклюзивті және байсалды үкімет құруға уәдет еткен "Талибан" қозғалысы құрамына тек өз басшылары ғана енген үкімет құрды, сонымен бірге бұрынғы режимнің қатал саясатын қайта жаңғыртты. Майкл Семпл тәліптердің Доха келісімінде мойнына алған террорға қарсы міндеттерін орындауы екіталай дейді ол. Келісімде "Талибан" "Әл-Қайданың" Ауғанстаннан тыс жердегі іс-әрекетіне жол бермейтіні жазылған.
– "Талибан" сауда министрлігі Ауғанстанды басқару министрлігінен ерекшеленеді. Бір министрлік қораптың сыртында әдемі суретті жасаумен айналысса, екіншісі қорапқа салынатын заттарға жауапты. Сайып келгенде, екеуінің бір-бірімен аса байланысы жоқ, – деді Семпл Азаттықтың Ауған қызметіне.
Белфасттағы король университетінің профессоры Майкл Семпл "Әл-Қайданың" Ауғанстанды паналауына еш кедергі болмайтынына дәлел ретінде "Талибан" үкіметінде Хаккани желісі мүшесінің маңызды қызметте отырғанын мысалға келтірді.
– Егер сіз "Әл-Қайда" мүшесі болсаңыз, жетекшіңіз бен өзге де негізгі содырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жергілікті билікпен ешқандай кикілжің тумауы үшін ішкі істер министрлігі басшылығында өз адамыңыз отырғаннан артық олжа бар ма? – дейді Семпл "Талибан" үкіметінде ішкі істер министрі міндетін Хаккани желісі басшысы Сиражуддин Хаккани атқарып отырғанын меңзеп.
Вашингтон Хакканиді әлем бойынша іздеу жарияланған террористер тізіміне енгізіп, оны ұстауға септесетін қандай да бір ақпаратқа 10 миллион доллар сыйлық тағайындаған. "Талибан" өткен айдың аяғында лауазымына кіріскен Хакканидің суретін еш жерде жарияламады. Азаттықтың Ауған қызметіне Кабулдағы көптеген дереккөз Вашингтонның дронның көмегімен ізіне түсуінен қауіптенген Хакканидің жиі орын ауыстыратынын, жүріп-тұрысын құпия ұстайтынын айтты.
Бірақ ауған жерінде құрып жатқан базасына немесе өзін паналатып отырған "Талибанға" жұрт назарын аудартпай-ақ, Ауғанстанда отырып сырт жақтағы шабуылдарды ұйымдастыруға ақыл-айласы жетеді дейді Семпл.
– Олар Батыс елдері үкіметіне қарсы күресіп жүрген, өзіне жақтас санайтын исламшыл топтардың қолтығына су бүркіп, кейін (оларға) кеңес беріп немесе өзгедей көмек көрсететін балама модельге көшуі мүмкін. Және бұл екі жыл уақыт алатындай нәрсе емес, қазірдің өзінде сонымен айналысып жатыр, – дейді ол.
Ауғанстанның көршісі Тәжікстан "Талибан" күштерінің билікті басып алуына қарсы шыққан. Олар тәліптерді "тәжік содырларын қаруландырып жатыр" деп шағымданған. Душанбе Тәжікстан үкіметін құлатуды мақсат тұтатын "Ансарулла жамағаты" тобына тыйым салған.
Мұндай топтардың пайда болуынан соң тәліптердің лаңкестікпен күресетіні жайлы уәдесіне сенім одан сайын азайды. Қозғалыс өкілдері АҚШ-тың қашықтан басқарылатын дрон шабуылына қарсы шықты. Вашингтондағы ресми адамдардың сөзінше, ол АҚШ-тың террористік топтарды "көкжиектен" ауыздықтайтын стратегиясының бөлігі.
– Көрші елмен келісіміміз жоқ. Көрші елдің ешқайсында емеспіз ғой, – деді АҚШ әскери орталығы басшысы генерал Фрэнк Маккензи. Ол жуырда конгресс мүшелерінен Ауғанстанда қайта топтасуы мүмкін лаңкестердің іс-қимылын бақылауға ұшақтарды пайдаланудың қиындығын түсіндіруін сұраған.
Майкл Семпл аймақтағы ірі ойыншылар Ресей мен Қытайдың "Талибанмен" қарым-қатынасында террорға қарсы күрес проблемалары басты назарда болатынын айтады. Оның сөзінше, бұл екі ел де тәліптер үкіметімен байланыста біршама алға жылжыған. Бірақ "Талибан" олардың Ауғанстаннан төнетін террор қаупіне алаң көңілін тыныштандыра алмаса, онда Мәскеу мен Пекиннің жоспары өзгеруі мүмкін.
– Ондай жағдайда Ресей мен Қытайды Ауғанстанда жауапкершілігі бұдан да жоғары әкімшілікті қолдаудың ауқымды халықаралық шарасына қатысып отыр деп елестіп көріңіз, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР