Ресей әскері Украинаның шығысындағы шабуылын күшейте бастаған шақта, Батыс елдері Киевті қуатты қару-жарақпен қамтамасыз етуге тырысып жатыр.
Украина бұл соғыста табандылықпен қарсылық танытып, Ресей әскері елдің солтүстігінен кетті. Бірақ сарапшылар соғыстың ендігі кезеңі Батыстың әскери көмегі қандай болатынына байланысты өрбиді дейді.
Жуырда АҚШ Украинаға қауіпсіздігін нығайтуға 800 млн доллардың көмегін беруді мақұлдаған. Словакия, Балтық елдері, Канада секілді басқа мемлекеттер де қуатты қару мен алыстан қолдануға болатын қару-жарақ жібере бастады. Атап айтқанда, гаубица, зенит жүйесі, кемеге қарсы зымырандар, ұшқышсыз ұшатын әскери дрондар, беренді техника мен танкілер берді.
Шамамен екі айға жалғасып жатқан соғыстың келесі кезеңіне өтер шақта жаңа көмектің берілуі Батыстың Украинаға қолдауы жылдам өзгергенін көрсеткендей болды. 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға шабуыл бастағанда Батыс билігі соғыс ұзаққа бармайды деп болжап, Киевке жеңіл қару-жарақ пен техника берген. Атап айтқанда, винтовка, шлем, байланыс құралдары мен иыққа сүйеп ататын зымырандар беріп көмектескен.
Бірақ Украинаның соғыстағы жетістіктерінен кейін бұл тізім өзгерді. Батыс шенеуніктері енді Украинаны тек Донбасс аймағындағы шешуші шайқасқа ғана қажет қарумен емес, жалпы, Ресей күштеріне қарсы ұзақ әрі қатыгез соғысқа қажет қару-жарақпен қамтамасыз етуге тырысып жатыр.
Осы жайлы толық білу үшін Азаттық Ұлыбритания Консервативтік партиясының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі бұрынғы кеңесшісі, Article 7 тобының бас директоры Гарван Уолштан сұхбат алды.
Азаттық: Украинаның шығысында соғыстың жаңа кезеңі басталып жатыр, сонымен қатар логистикалық шайқас та жүріп жатқандай. Танк пен зеңбіректер маңызды рөл атқаруы мүмкін шайқастарға дайындалып жатқан Украинаға Батыс елдерінің қару-жарақ жіберіп жатқанын көріп отырмыз. Батыстың Украинаға көмегін қалай бағалар едіңіз? Киев өзіне керегін алып жатыр ма?
Гарван Уолш: Украина өзіне қанша қажет етсе, сонша [көлемде] алып жатқан жоқ. Бұл жеткілікті болуы да мүмкін, себебі Украина әскері техниканы өте тиімді пайдаланып жатыр. Олардың моральдық рухы өте жоғары, әскері жақсы жаттыққан [және] олар Ресейдің біршама техникасын қолға түсіріп, оны да пайдалана алады. Бірақ, шын мәнінде, Батыстың көмегі баяу болды. Қажет мөлшерде болған жоқ деуге де болады.
Олар Украинаның шамасы жетпейді деп ойлап, көп уақыт жоғалтып алғанға ұқсайды. Сондықтан да олар ештеңе жібермей отырды. Олар "орыстар мұны арандату деп ойламайды" деген сенімнен аттаған соң, енді ғана [қуатты қару-жарақ] жіберуге мүмкіндігі пайда болды.
[Батыс] Ресейдің тактикасы мен ынтасын дұрыс бағамдай алмады. Ресей түбегейлі басқыншылық соғысқа ұмтылып отыр. Бұған [Украинаның солтүстігіндегі] Буча қаласындағы және басқа жерлердегі адамдарды жаппай қырып-жою оқиғалары дәлел бола алады. [Батыс] расымен Украинаға [қолында барын] беруі керек. Сол кезде Украина оккупацияланған аудандарды орыс әскерінен құтқару үшін пәрменді әскери операция жүргізе алады.
Азаттық: Батыс Украинаға қандай қаруды жылдам жеткізе алады?
Гарван Уолш: Америкалықтар бірнеше күн бұрын жариялаған [қару] түрлерін [жібергені] дұрыс, бірақ олардың масштабы дұрыс емес.
Жаңа артиллерия өте пайдалы. Адамдарды тез үйретуге болады. [Сондай-ақ] олар орыстарда жоқ, бірақ Батыста бар артиллерия снарядтарын ала алады. Бұл артиллерия мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. [Украина] қарсы шабуылға арналған радарларды ала алады, сол арқылы олар орыстардың қандай артиллериядан атқылап жатқанын анықтап, [оларды] жылдам жоя алады. Бірақ [бұл] оларға көп мөлшерде керек.
Өте қызу шайқас болғалы тұр. [Украинаға] аса көп мөлшерде оқ-дәрі қажет болады. Оларға совет дәуіріндегі артиллерияға, Батыс үлгісіндегі көлемі әртүрлі артиллерияға арналған оқ-дәрілер керек. (Ескерту: осы сұхбат алынғаннан кейін Вашингтон Украинаға тағы 800 млн доллардың әскери көмегін, соның ішінде ауыр қару-жарақ беруге уәде етті.)
Азаттық: Соғыстың бәсеңдейтін түрі көрінбейді, Украинаға НАТО елдері жіберетін жаңа құрал-жабдықты пайдалана бастауға тура келетін сияқты. Өзіндегі совет және Ресей техникасы азайды. Әскерилерге жаңа әскери техниканы үйрету қаншалық қиын?
Гарван Уолш: Жерүсті құрал-жабдықтарға келсек, оны үйрену оңай, [бірақ] әуе құралдарына келгенде өте қиынға соғады. Әскери ұшақ ұшқышына [америкалық] F-16 немесе F-15 [реактивті ұшақтарын] дұрыс меңгеру үшін өте көп уақыт керек. [Украина] материалдық-техникалық қолдауға да зәру. Олар әртүрлі жанармай, құрал-саймандар қолданады, сондықтан бұлардың бәрі орнатылуы керек. Алдағы бірнеше айда осыны істесе, мұны қалай жүзеге асыратынымызды қазірден ойлануымыз керек.
Мәселе тек [соғыста қолданылуы мүмкін] құрал-жабдықты жеткізуге ғана тіреліп отырған жоқ. Бұл жерде қару-жарақтың істен шықпайтынына, жөнделетініне, операторлар мен механиктердің оған қызмет көрсетуді үйрене алатынына да көз жеткізу керек.
Азаттық: Материалдық-техникалық жағына келсек, Батыста Украинаға керек қаруды уақытында жіберуге мүмкіндік бар ма? Украинаға және майданға құрал-жабдықты жеткізу жағы қалай болады?
Гарван Уолш: Қуатты қару бар, бірақ оны майданда пайдалану керек. Адамдарды үйрету керек, жаңа жанармай қоймалары мен жеткізу тетіктері құрылуы керек және бұған шамамыз жетеді де. Тек аздаған уақыт керек және [Батысқа] ойлау жүйесін өзгерту керек. Олар бұл соғыстың ұзаққа созылатынын, Ресейге [қарағанда] Батыс пен Украинаның өндіріс қуаты мен экономикалық мүмкіндіктері көп болғандықтан, жеңіске жетуге болатынын түсінуі керек.
Ұзақ мерзімде қарастырсақ, соғыс Украинаның пайдасына шешілетін сияқты. Бірақ [Батыс] олардың ұзақ мерзімге шамасы жетуі үшін [Киевті] қолдай алатын жағдайда болуы керек. Сонда біз олардың қарулы күштеріне ұзақ мерзімде көп мөлшерде [жеткізілетін] техникаға өтуіне көмектесе алатын жағдайда болуымыз керек.
Украинаның өз қорғаныс өндірісі де өте мықты. Осылайша бұл шаралар отандық қорғаныс өндірісін Батыс стандарттарына [және] НАТО-ның қару-жарағына бейімдеуге бағыттала алады. Бұл оларды маңызды рөлге ие болып, ақыр соңында Батысқа қару жеткізуіне дейін септесе алады.
Азаттық: Кейбір Батыс елдерінің, мысалы, Германияның Украинаға қуатты қару жібергісі келмейтінін көріп отырмыз. Сарапшылар мен шенеуніктер Украинаға мұндай қарудың өте қажет екенін айтады. Мәселе әлі талқыланып жатыр, бірақ сіз Берлиннің осы мәселеде көзқарасы өзгеріп жатыр деп ойлайсыз ба?
Гарван Уолш: Германия үкіметінде "Жасылдар партиясына" мүше сыртқы істер министрі Анналена Бербок, энергетика министрі Роберт Хабек пен Социал-демократиялық партия мүшесі, канцлер Олаф Шольц арасында тартыс жүріп жатыр.
[Социал-демократиялық партиядан шыққан] канцлер Герхард Шредер Ресейдегі "Роснефть" энергетика компаниясы басқармасында жұмыс істейді. Әлі күнге дейін отставкаға кетуге өтініш бермеген. [Социал-демократиялық партияға мүше] басқа да адамдар бар. Мысалы, Киев жылы қабақ танытпаған Франк Вальтер Штайнмайер бұрын ресейшіл болған. [Бұған дейін бірқатар БАҚ Украина билігі Штайнмайердің елге келгенін қаламады деген ақпарат таратқан, бірақ Киев оны жоққа шығарған – ред.] Бұл ойынды Шольц жүргізіп отыр. Ол жағдайды өзгертуге тырысып жатыр деп ойлаймын, бірақ ол ұстанымы берік қарсыластармен күресіп жатыр.
"Жасылдар" қатаң шаралар қабылдауды талап етіп отыр. Бұл саясат энергетикалық санкцияларға да, әскери қару-жарақ жеткізуге де қатысты. Осылайша, Германияда үміт бар, бірақ олар өзара тартысты жалғастырып, бұл "супертанкерді" кері бұруы керек. Бұған біршама уақыт керек.
Сонымен қатар немістердің өзінде мұнша әскери техника жоқ. Германия Ресей басқыншылығынан соң арнайы қор құрып, қорғанысқа жүз миллиард еуро бөлді. Бірақ оларда оқ-дәрі қоры өте аз. Әскери танктерінің қосалқы бөлшектері жоқ, бар болса, өте аз.
Немістердің қолынан келетін ең дұрыс жол – мұнай алуды тоқтату. Бербок 2022 жылдың аяғына дейін солай жасайтынын да мәлімдеді. [Бірақ] бұл тым ұзақ. Германия Ресей мұнайына сонша тәуелді емес. Бірақ Ресейге газға қарағанда, мұнай сатудан көп ақша түседі, себебі мұнай анағұрлым қымбат. Мұнай алуды доғарып, газ алуға көшуіне болар еді, бірақ оның қиынға соғары анық.
[Германияның] қолынан келетін тағы бір шешім – Украинаға басқа елдерден қару сатып алу үшін ақша беру.
Германия қару-жарақ экспортына рұқсат беру процесін де жылдамдата алады. Германияда көп құрылғы шығаруға қабілетті өндіріс бар. Бірақ оны сату процесін бекіту, әсіресе соғыс аймағына жіберу өте ұзақ және қиын. Ол үшін сол бюрократиядан өту керек. Қазір немістің бұл бюрократиясы Ресейге көмектесіп отыр.
Сұхбат ықшамдалып, өңделді.
ПІКІРЛЕР