Киевтегі Тәуелсіздік алаңында тігілген көп шатырдың бірі – Грузия туы ілінген грузиндер шатыры.
«УКРАИН БАУЫРЛАРМЕН БІРГЕ КҮРЕСУГЕ ӘЗІРМІН»
Шатырдың ішінде иығына Грузия туын жапқан Георгий Жвания отырды.
Отандастарымен бірге ол «Еуромайдандағы» демонстранттарға азық-түлік және басқа да қажетті заттар жеткізуді ерікті түрде ұйымдастырып жүр. Олар үш сағат сайын алмасып жұмыс істейді. Қолдары бос кезде желтоқсанның 1-інен бері демонстранттардың бақылауында тұрған қалалық әкімшілік ғимаратына кіріп мызғып алады.
«Еркін аймақ» деп аталатын үкіметтік емес ұйымда жұмыс істейтін Жвания Киевке наразылық шаралары басталған бетте келіпті. «Аяғына дейін осында болатынын» айтты.
- «Еуромайданда» Грузиядан 10 адам жүрміз. Келгеніме екі апта болды, қарсылық шаралары басталғалы осындамыз. Жемқор үкіметті құлатып, Еуропа шаңырағының астындағы жарқын болашаққа жету жолында украин бауырларыммен иық тіресе күресуге әзірмін. Бұл – біздің бәріміздің ортақ қалауымыз, - дейді ол.
Жвания – Ресейдің ықпалына бірлесе қарсы тұру үшін көрші елдерден Украинаға ағылып келіп жатқан жүздеген еріктінің бірі.
Келгендер арасында грузиндер, беларусьтер және өзге де пост-советтік елдердің өкілдері бар. Тіпті есімдері көпке танымал саяси қайраткерлер, атап айтсақ, өз елдерін Мәскеу ықпалынан құтқаруды мұрат тұтып жүрген Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили мен Молдованың бұрынғы премьер-министрі Владимир Филат та келген.
«КИЕВ МАЙДАНЫНЫҢ АУҚЫМЫ ҮЛКЕН»
Украин шерушілерін қолдаушылар қатарында шетелдік студенттер, белсенділер мен қарапайым азаматтар бар. Олар өз елдерінде бола бермейтін жаппай наразылықты көзбен көруге келген.
Президент Виктор Янукович Ресей қысымының кесірінен Еуропа Одағымен (ЕО) серіктестік шартына қол қоюдан бас тартқан соң басталған «Еуромайданға» қатысуға әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Мәселен, 2004 жылы Украинада болған «қызғылт-сары төңкеріс» кезінде Виктор Ющенконы қолдаған ресейлік Борис Немцовқа желтоқсанның 12-сінен бастап Украина аумағына кіруге тыйым салынды.
Саяси белсенді, әрі Pussy Riot тобының бас бостандығынан айырылған мүшесі Наталья Толоконникованың зайыбы Петр Верзиловтың айтуынша, Ресейде 2011 жылғы парламент сайлауынан кейін болған наразылық шараларымен салыстырғанда Киевтегі демонстрация анағұрлым ауқымды:
- Майдандағы шараларға қатысып жатқан жүздеген мың украин 2004 жылдың желтоқсан айында болған аса ауқымды қарсылық әрекеттерін жақсы біледі. 2011 жылы Мәскеуде болған наразылықты азаматтық қоғамның 20 жылдық үнсіздіктен кейін бас көтеруі десек болады. Қатты үрейленген басшылық шалт қимылдады, ресейлік азаматтық қоғам 2012 жылғы президент сайлауынан кейін үлкен ауқымда күрес жүргізуге дәрменсіз болып қалды, - дейді ол.
«Еуромайдан» әсіресе, көршілес жатқан Беларусьтің демократияшыл тұрғындарына рух беріп жатыр. Мұнда 2010 жылдың желтоқсан айында болған наразылық шаралары күшпен басылып, артынан белсенділердің көбі тұтқындалған еді.
Жас беларусьтер «Еуромайданға» қатысу үшін Киевке келген, бір мәрте ел басшылығы тіпті олар мінген автобусты кері қайтармақ болған.
«МИНСКІДЕ МҰНДАЙДЫ ЕЛЕСТЕТУДІҢ ӨЗІ МҮМКІН ЕМЕС»
Беларусьтің «Жастар майданы» қозғалысының мүшесі Мария Квицинскаяның айтуынша, автократ басшы Александр Лукашенконың қатаң бақылауында тұрған Беларусьте мұндай наразылық өткізетіндей жағдайға жету үшін әлі көп жыл керек:
- Украинада беделді, ірі жоғары оқу орындарының ректорлары студенттерді наразылық шараларына қатысуға үгіттеп жатыр, олигархтар оларды қолдау үшін ақша бөлген, кейбір мекемелер демонстрацияға қатысқысы келетін қызметкерлерінің демалыс алуына мүмкіндік берген. Минскіде мұндайды көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Кейбір беларусьтер «Еуромайдандағы» жолдастық рухқа дән риза, - дейді ол.
Беларусьтегі оппозициялық партия жетекшісі Алексей Янукевич – Киевке Беларусь оппозициясының ақ-қызыл түсті жалауын көтере келгендердің бірі. Ол «Еуромайдандағы» демонстрацияның ауқымына таңғалғанын және өздеріне көрсетілген ізет пен құрметке риза болғанын айтып:
- «Қызғыл-сары төңкеріске» де қатысқам. Алғашқы әсерім - ол жолғымен салыстырғанда бәрі өте жақсы ұйымдастырылған. Халықтың тамақтанып, жылынып алуына мүмкіндік жасалған. «Қызғылт-сары төңкеріс» кезіндегідей, халық туды алыстан танып, қасымызға келеді және бізді «сиабры» (беларусь тілінен аударғанда «достар») деп жақын тартады. Кейбіреулері жалауымыз туралы сұрап алады да, сосын «Сиабры, бізбен бірге болғандарың үшін мың алғыс» дейді. Мұндай жылы сөзді естудің өзі бір ғанибет. Мінберге шығып, сөз сөйлеген басқа саясаткерлер өз елдеріндегі проблеманы Украинадағы жағдаймен салыстырып, дыбыс күшейткіш арқылы ойларын ашық айтып жатыр, - деді.
«БҰРЫНҒЫ СССР-ДІҢ ЕУРОПАЛЫҚ БӨЛІГІНІҢ ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛМЕК»
Мұнайға бай Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев қазан айындағы президент сайлауының қарсаңында жер-жерде бас көтерген наразылық шараларын ұрып-соғу, айыппұл салу, тұтқынға алу сияқты әдістермен басып-жаныштап отырды. Иса Гамбар – осы елдегі «Мусават» саяси партиясының басшысы.
Желтоқсанның 15-і күні Тәуелсіздік алаңында сөз сөйлеген Иса Гамбар Батыспен тығыз қарым-қатынас орнатуды жақтайтын Әзербайжан оппозициясының көрген құқайын айтқанда халық оны ерекше қошеметтеп жатты.
- Қазір мұнда тек Украинаның ғана емес, бұрынғы Совет Одағының еуропалық бөлігінің тағдыры шешіліп жатыр. Демек бұл – біздің барлығымыздың ортақ таңдауымыз. Қазір Бакуде демократияшыл күштердің осы сияқты демонстрациясы болып жатыр. Халық авторитарлық басшы Әлиевтің билігіне, жемқорлыққа, адам құқықтарының өрескел бұзылуына наразы. Украина халқы сияқты Әзербайжан халқы да елдің Еуропа Одағымен ынтымақтасуын қалайды, - деді ол.
Азаттық Украина астанасына барып, шеруге шыққандарға қолдау көрсеткен қазақстандық бірнеше белсенді туралы да жазған еді. Әлеуметтік желілерде бір қауым қазақстандықтың "Еуромайдандағы" демонстранттарға іш тартатыны байқалады.
Украинадағы жағдайды үнсіз бақылап отырған елдердің бірі – Армения. Бұл елдің басшылығы биыл қыркүйекте Еуропа Одағымен ынтымақтастық шартына қол қоюдан бас тартып, Ресейдің ықпалындағы Кеден Одағына кіруді қолдап шыққан.
- Олар дұрыс талап қойып жатыр, - дейді Киевтегі оқиғаларды жіті бақылап жүрген Ереван тұрғыны. «Мұндай наразылық шаралары Арменияда да болуы мүмкін бе?» деген сұраққа ол еріксіз бас шайқады.
- Бізде мұндай болмайды, себебі... қалай айтсам екен? Халық ұйықтап жатыр. Олар ненің жақсы, ненің жаман екенін түсінбейді. Мәселе сонда, - дейді Ереван тұрғыны.
Дейси Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.