66 жастағы Фаина Таран ұлы Иванды соңғы рет 20 ақпанда теледидардан көрген. Басқа украиналықтар сияқты ол да сол күні Киевтің Тәуелсіздік алаңында болып жатқан қанды оқиғаларды бақылап отырған. Камера бір кезде оның 39 жастағы ұлы, «Еуромайдан» белсендісі Иванды көрсетті. Екі серігіне оқ тиген Иван «Беркут» жасағына қарай тұра ұмтылды. Бұдан әрі көрермен резеңке шоқпар мен қалқандардың арасына түсіп кеткен Иваннан көз жазып қалды.
Сол күннің ертеңінде Фаина Таранға Иванның досы қоңырау шалып, баласының жоғалып кеткенін, оны «Беркут» әкеткенін айтқан. Содан бері Иванды көрген ешкім жоқ.
183 АДАМ ЖОҒАЛҒАН
Виктор Янукович биліктен кеткелі бір ай өтсе де, «Еуромайдан» белсенділері қақтығыс кезінде із-түзсіз кеткен 183 азаматты таба алмай жүр.
Олардың табылмауы шеруде құрбан болғандар саны анағұрлым өсіп, осыншама адамның жоғалу себептері сол күйі құпия болып қалатынын аңғартқандай. Бірақ Фаина Таран әлі де үмітін үзбейді.
– Жерленген кісіні еске алғың келсе, бейітіне барып тұрасың. Ал баламның басына құлпытас та қоя алған жоқпыз. Оны қайдан іздерімді де, неден үміт етерімді де, не істерімді де білмеймін, – дейді Фаина Таран.
Киевтегі Тәуелсіздік алаңында шоқ-шоқ болып үйілген гүлдер, естелік хаттар, суреттер жатыр. Бұл ақпандағы ауыр күндердің жарасы әлі ұзақ уақыт жазылмайтынын аңғартады. Жоғалған кісілердің қабырғаға жапсырылып, желмен желбіреп тұрған суреттерінің арасында Иван Таранның да бейнесі көзге түседі. Қаза тапқандар мен із-түзсіз кеткендердің санын естігенде Януковичті биліктен кетіргендегі масаттанған көңіл пәс тартады.
Украинадағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандар мен жоғалғандар туралы жан- жақты мағлұмат жинау мақсатында халықтың бастамасымен құрылған Euromaidan SOS ұйымының 18 наурыздағы мәліметінше, қаза болғандар саны 119 адамға жеткен. Бұлардың 17-сі – полицей. Осы ұйымның ақпараттарына қарағанда, 700-дей адамның хабар-ошарсыз кеткені тіркелген. 183 адамның өлі я тірі екендігі белгісіз. Адам жоғалған оқиғалар әлі тіркеліп жатыр.
Бұл адамдардың нақты тағдырлары белгісіз, ал Майданның төңірегінде түрлі алып-қашпа әңгіме көп. Біреулер «жоғалды деп жүрген кісілердің барлығы Тәуелсіздік алаңындағы Кәсіподақтар ғимараты өртенгенде жанып кеткен» десе, енді біреулері «белсенді шерушілерді әлдекімдер ұрлап әкетіп, өлтіріп, сүйектерін өртеп жіберген» дейді.
ҚАУІП
Euromaidan SOS ұйымының өкілі Назарий Боярскийдің айтуынша, Кәсіподақтар ғимаратында бес адам қаза тапты делінеді. Ал «жүздеген адам өртенді» деген ақпаратты дәлелдейтіндей нақты айғақтар жоқ.
Боярский әлі де жақсы хабардан үмітті. Ол танымал белсенді Дмитрий Булатовтың басынан өткен жайтты мысалға келтірді. Булатов қаңтар айында жоғалып кетіп, елдің бәрі оны өлдіге санап жүргенде сегіз күннен кейін тірі табылған.
Елдің батысы мен шығысы арасындағы тірес күшейген сайын хабарсыз кететіндердің саны арта ма деген қауіп бар. 16 наурызда грек католик шіркеуі үш діни қызметкерінің жоғалғанын хабарлаған. Кейін ол адамдардың аман-есен табылғаны белгілі болды. Одан кейін бір қырым татары азаматының азапталып өлтірілген денесі табылды.
Назарий Боярский Киевте хабарсыз кеткендерді бірнеше категорияға бөліп қарастырады. Жоғалғандар арасында тұтқындалғандар, заңсыз медициналық мекемелерде емделіп жатқандар болуы мүмкін. Ал үйлеріне қайтып оралған кейбіреулер тіпті өздерінің «жоғалғандарын» білмеуі де ықтимал. Хабарсыз кеткендердің кейбірінің Майдандағы оқиғалармен еш байланысы болмауы да мүмкін.
Бірақ жоғалғандар тізіміндегілердің басым көпшілігі – Майданға қатысы бар адамдар. Елдің орталығындағы Умань қаласының тұрғыны Светлана Белоусованың айтуынша, оның мектепте мұғалім болып істейтін 52 жастағы немере ағасы Андрей Самойленко 25 қаңтарда Майдандағы көтеріліске қатысуға кеткеннен қайтып оралмаған.
Светлана Белоусованың сөзінше, төлқұжатын үйіне қалдырып кеткен Андрейдің ұялы телефоны өшіп тұр.
Ал Иван Таранның оқиғасы «Беркут» жасақтарының қатыгездігі жайлы ойға жетелейді.
Батыстағы Ровно облысының шеткері жақтағы Квитнев ауылында тұратын Фаина Таран мен оның 18 жасар немересі Наташа жергілікті телеарнаға сұхбат беру үшін орталыққа осымен үшінші рет келді. Олар теледидардан хабарлау арқылы Иванды табудан үміттенеді. Туыстары Киев көшелеріне Иванның фотосуреттерін де іліп тастады. Ұлының амандығын тілейтін Фаина әжей қазір Иванның үш баласына – 18 жастағы Натальяға, 15 жастағы Александрге, 12 жастағы Марияға – бас-көз болып отыр.
Азаттық тілшісі Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.