Осы айдың басында New York Times басылымы Әзербайжанның Америкадағы Бакуге қатысты қоғамдық пікірді өзгертіп, «Әзербайжан біздің қауіпсіздік саласындағы маңызды әріптесіміз» дегенді түсіндіру мақсатында АҚШ-тағы зерттеу орталықтарымен байланысты күшейтіп жатқанын дәлелдейтін құжаттарды жариялаған. «Бұл науқанның нақты нәтижелері де бар» деп жазған еді қыркүйектің 6-сындағы санында америкалық басылым.
Арада үш күн өткен соң дәл сол газетте Әзербайжан мен Армения арасындағы кикілжіңге қатысты сараптама басылды. Алайда басылым Бакудің ресми ұстанымын қолдаған мақала авторының Әзербайжан басшылығына қаншалық жақын екендігін ескертуді ұмытып кеткен.
«КӨЗСІЗ ҚОЛДАУҒА БОЛМАЙДЫ»
Мақалада Қырымды аннексиялаған Ресей енді Әзербайжанның бөлініп кеткен аймағы – Таулы Қарабаққа көз салуы мүмкін деген болжам айтылған.
Материалдың авторы – Израильдің Хайфа университетінің професоры Бренда Шаффер. Қазіргі уақытта ол АҚШ-тың Джорджтаун университетіне қарасты Еуропа, Ресей және Шығыс Еуропа мәселелері орталығында зерттеу жүргізіп жүр.
Алайда газет автордың бұрынғы «қызмет орнын» айтуды естен шығарыпты. Шаффер бір кездері Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR энергетика алпауытының басшысы Ровнаг Абдуллаевтың «стратегиялық мәселелер жөніндегі» кеңесшісі қызметін атқарған.
SOCAR компаниясы мен Әзербайжан үкіметі елдегі адам құқықтары мәселесін ысырып қойып, Вашингтон мен ЕО-ны өздерімен энергетика бойынша әріптестікке тартумен келеді.
17 қыркүйектегі санында New York Times басылымы автордың «Әзербайжанның мемлекеттік мұнай компаниясында кеңесші болып қызмет атқарғанын хабарлаған жоқ» деген ескерту жариялады. Шаффердің өзі автор ретінде «мүдделер қақтығысы тудыратын фактілерді жариялауға міндеттейтін» келісімге қол қойған.
Берлиндегі «Еуропадағы тұрақтылық бастамасы» зерттеу орталығының төрағасы Геральд Кнаустың айтуынша, Шаффердің бұл мақаласы Ресейдің көршілерінің барлығы Мәскеудің Украинадағы агрессивті саясатынан секем алып отырғанын айғақтайды. Дегенмен соған бола Батыс Әзербайжанның істеп жатқанының бәрін көзсіз қолдай бермеуі керек дейді сарапшы.
98 САЯСИ ТҰТҚЫН
Бұрын Бакудегі АҚШ елшілігінде дипломатиялық қызметте болған, осы күні адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Ребекка Винсенттің айтуынша, «Әзербайжан басшылығы [Украина дағдарысын] және аймақтағы басқа оқиғаларды пайдаланып, елдегі адам құқықтарын таптау фактілерінен жұрттың назарын басқа жаққа аударғысы келеді. Ал бұл елдегі адам құқықтарының ахуалы қазір өте нашар».
«Ақпарат құралдардың деректері бойынша, қазір бұл елде жалпы саны 98 саяси тұтқын бар» дейді Винсент.
Әзербайжан басшылығы мұндай мәлімдемелерді «шындыққа жанаспайтын, біржақты ақпарат» деп Батыс ұйымдарының елдегі адам құқықтары жөніндегі есептерін жоққа шығарып келеді.
Саясаттанушы Шаффер де, Джорджтаун университетіндегі зерттеу орталығының директоры Анджела Стент те осы оқиға жөнінде пікір айту жөніндегі өтінішімізге жауап бермеді.
Ал SOCAR компаниясының баспасөз хатшысы Низамеддин Гулиев Азаттық радиосына берген сұхбатында Шаффердің SOCAR компаниясында ешқашан жұмыс істемегенін айтты.
«Мен өзім SOCAR-да жеті жыл жұмыс істеп келеді. Содан бері бірде-бір ондай адамның бұл компанияда қызмет істегені туралы естімеппін» деді ол.
Алайда 2013 жылғы наурызда ол Будапеште өткен энергетика саудасы жөніндегі семинарда Шаффер ханым өзін «әзербайжан компаниясы басшысының кеңесшімін» деп таныстырғаны аян. Аты-жөнін атамауды өтінген энергетика саласының өкілдері оның биыл да өзін осы компанияның қызметкерімін деп таныстырып, қызмет карточкасын көрсеткенін айтып отыр.
Басқа жерлерде Шаффер ханым Әзербайжанмен қатысы бар екенін мүлде айтпайды. Джоржтаун университетінің ресми сайтындағы өмірбаянында оның бір кездері Израиль үкіметіне кеңесші болғаны айтылған, ал әзербайжандық SOCAR туралы бір ауыз сөз жоқ.
Шаффер кейін Washington Post және Wall Street Journal басылымдарында мақала жариялап, онда өзін «Джорджтаун университетіне келген зерттеуші» деп қана таныстырған.
Анда-санда Reuters агенттігіне де мақала беріп тұратын Шаффер ханым Әзербайжанды Батыстың ең сенімді энергетика әріптесі етіп таныстыру жолында басқа ақпарат құралдарын да пайдаланып келеді.
«ҚЫРЫМҒА ҚАТЫСТЫ АҚШ-ты ҚОЛДАҒАН ЕЛ»
Platt телеарнасына мамыр айында берген сұхбатында ол Әзербайжанды «Еуропаны энергетика дағдарысынан құтқарушы» деп атайды. Ол Бакудің БҰҰ-да Ресейдің Қырымды аннексиялау әрекетін айыптаған қарарды қолдағанын «өте маңызды қадам» деп бағалайды.
«Ресеймен шекаралас аймақтардың ішінде АҚШ-тың ұстанымын қолдап дауыс берген елдер санаулы ғана. Солардың бірі – Әзербайжан, бұл оларға оңайға соқпағаны белгілі» деді Шаффер.
Ол АҚШ конгресінің екі палатасындағы комитеттерде де депутатардың сұрақтарына жауап берген. 11 маусымда ол АҚШ Хельсинки комиссиясының отырысында баяндама жасады.
Осы кездесулердің ешқайсысында ол Әзербайжан компаниясында қызмет істейтінін айтқан жоқ.
АҚШ әлемнің көп бөліктерінде азаматтық қоғам елде демократия мен тұрақтылық орнағанынқаламайтын сырт елдермен тығыз байланысқа түсіп жатқанын байқамайды.
«Соңғы 20 жылдың ішінде АҚШ Әзербайжанды өзінің қауіпсіздік жөніндегі бастамаларын қолдауға үндеп келді. Ресей мен Иранның қатаң жауабына, өз шешімінің үлкен зардабына қарамастан, Баку АҚШ-тың бастамаларын үнемі қолдап келді» деді ол сол сұхбаттардың бірінде.
«Әзербайжандағы адам құқықтары мәселесі неге жиі сынға ұшырайды?» деген сауалға ол: «Белсенді азаматтық қоғам тұрақтылыққа қол жеткізеді» деген көзқарас ұстанатын АҚШ әлемнің көп бөліктерінде азаматтық қоғам елде демократия мен тұрақтылық орнағанын қаламайтын сырт елдермен тығыз байланысқа түсіп жатқанын байқамайды» деп жауап берді.
Шаффердің бұл пікірлерін Әзербайжанның мемлекет бақылауындағы ақпарат құралдары жаппай мақтап жазды.
Шілде айында Шаффер АҚШ сенатының Еуропамен қарым-қатынас жөніндегі комитетінде «Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі» деген тақырыпта баяндама жасады. Онда да ол өзін Джорджтаун және Хайфа университеттерінің профессоры деп таныстырған. Ол бұл жолы да АҚШ-ты Әзербайжанның SOCAR компаниясы басшылық етіп отырған «Оңтүстік газ дәлізі» жобасын қолдауға шақырды.
Сәуір айында дәл осы тақырыптағы кездесу Конгрестің Капитолий сарайында өткен. Сол кездесуге SOCAR-дың АҚШ-тағы өкілі Рауф Маммадов та қатысқан. Осы кездесуде ол Әзербайжанды адам құқықтарын бұзғаны үшін сынай берудің орынсыз екенін айтқан.
Былтыр қазанда Әзербайжанда өткен президент сайлауына қатысты осы елдің Contact ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ол: «Әзербайжанды жұрт көп сынайды, дегенмен, нағыз мәселе басқа елдерде туып жатыр. Әзербайжан халқы Әлиевке сенеді, себебі ол елде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, дамуға жол ашты» деді.
Роберт Коалсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.