Accessibility links

Қытай мен Үндістан Гималайда не үшін қақтығысып жатыр? 300 сөзбен түсіндіреміз


Ладакх аймағындағы Галван аңғарында тұрған үндістандық әскери. 17 маусым 2020 жыл.
Ладакх аймағындағы Галван аңғарында тұрған үндістандық әскери. 17 маусым 2020 жыл.

15 маусымда Үндістан билігі елдің 20 солдаты шекарада Қытай әскерилерінің қолынан қаза тапқанын мәлімдеді. Пекин өз тарапынан қайтыс болғандар жайлы еш дерек айтпады.

ҚАҚТЫҒЫС ҚАЙДА БОЛДЫ?

Қақтығыс Гималайдың батыс жағындағы Ладакх аймағындағы Галван аңғарында, Қытай мен Үндістан шекарасында болған. Әскерлер оқ атпаған, бірақ тас лақтырып, өткір заттар қолданған және таяқ жұмсаған. Екі елдің әскері мамырдан бері осы маңға орналасып, ара-тұра жанжалдасып тұрады.

Қытай Үндістанның біраз аумағын өзіне алғысы келеді. Ал Дели Пекин Үндістанға тиесілі жерді заңсыз ұстап отыр деп айыптайды. Екі ел Үндістанның солтүстігінде, Қытайдың Ақсай Чин шоқысындағы таулы жерді бөлісе алмай келеді. Даулы аймақ 4250 метр биікте жатыр және ол жерде температурасы нөл градусқа дейін жиі түседі.

Бұл – Planet Labs 16 маусымда спутниктен түсірген Галван аңғарының суреті. Аңғар Қытайдың Тибеті мен Үндістанның Ладакх аймағының ортасында жатыр.
Бұл – Planet Labs 16 маусымда спутниктен түсірген Галван аңғарының суреті. Аңғар Қытайдың Тибеті мен Үндістанның Ладакх аймағының ортасында жатыр.

1993 жылы екі ел бұл аймақта бір-біріне оқ атпауға келісіп, әскерді тек "бақылау аймағында" ұстауға келіскен. Бірақ бұл келісім жиі бұзылады.

ҚАҚТЫҒЫСҚА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

16 маусымдағы қақтығысқа Қытай Үндістанды айыптайды. Пекин "үндістандық әскерилер шекараны бұзып, Қытай жаққа өтіп кетті" деді.

Ал жалпы Қытай мен Үндістан Гималай тауындағы шекара маңындағы жерге біраз уақыттан бері таласып жатыр. Екі елдің Гималай тауындағы шекарасы 4056 км құрайды. Ресми Дели "Үндістан бұрын Ұлыбританияның отары болып тұрған тұста Қытаймен шекара дұрыс бөлінбеген" деп есептейді.

Әскери сарапшылар "Үндістан даулы аймақта жол, аэродром салған соң жағдай ушықты. Ал Дели транспорт инфраструктурасын салып, Қытаймен күш теңестіргісі келеді" деп санайды.

Үндістан былтыр қазанда Қытайдың қарсылығына қарамастан Ладакхтағы Галван аңғарында аэродромға апаратын жолды салып бітірген. Дели жолды Галвандағы өзіне тиесілі "бақылау аймағында" салғанын айтады.

БҰРЫНДАРЫ НЕ БОЛЫП ЕДІ?

1967 жылы ядролық қаруы бар екі ел шекарада қақтығысып, жүздеген адам қаза тапқан. Ал биыл арада ондаған жыл өткен соң алғаш рет адам шығыны болды.

Екі ел 1962 жылы Ладакх аймағында және Үндістаның солтүстік-шығысында соғысқан. Кейін екі ел келісімге келіп, даулы шекарада "бақылау аймағын" құрған. Бірақ екі ел "бақылау аймағының" орналасқан жері бойынша да жиі келіспей қалады. Даулы шекара маңындағы кез келген құрылыс жұмысы қақтығысқа әкеледі.

Екі ел арасындағы кейінгі ең ірі қақтығыс 2017 жылы Үндістан, Қытай және Бутан шекарасындағы Доклам аңғарында болған. Кейін жанжалдан соң екі елдің билігі әскерлерін тарату туралы келіскен.

Reuters ақпарат агенттігінің мақаласы негізінде дайындалды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG