28 қазанда Қырғызстан премьер-министрі, президент қызметін уақытша атқарушы Садыр Жапаров бастаған жаңа үкімет ант қабылдады. Жапаров "қырғыз халқының, Жогорку кеңештің және президенттің алдында Қырғызстан Конституциясы мен заңдарын сақтауға" ант берді. Ол бұған дейін уақытша президент қызметінен кетіп, алдағы президент сайлауына қатысатынын да мәлімдеп қойған.
28 қазанда алтыншы шақырылымдағы Жогорку кеңеш өз жұмысын аяқтау керек болған. Алайда даулы парламент өз өкілетін алдағы жылдың ортасына дейін созып алды. Оның себебі қазіргі қалыптасқан саяси, экономикалық ахуалмен түсіндірілді. Осы күні алтыншы шақырылымдағы парламент өзі сайланғаннан бергі алтыншы үкіметтің антын қабылдады.
Қырғызстан – тәуелсіздік алғалы Орталық Азияда премьер-министрі жиі ауысқан мемлекет. Бұл аралықта Қазақстанда – 11 премьер, Өзбекстанда – 5, Тәжікстанда 8 үкімет басшысы ауысты. Түркіменстанда министрлер кабинетін президент басқарады. Қырғызстанда осы аптада 31-үкімет іске кірісті.
Жалпы Қырғызстанда премьерлердің көбі үкімет басына келуімен емес, кетуімен есте қалған. Премьер-министрлер дау шыққанда отставкаға кетіп, кейбіреуінің үстінен қызметтен кеткенде іс қозғалып жатады. Олардың кейбірі премьерлікке дейін де істі болғанымен, ақталып шыққан.
ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ЖЕТКЕНДЕР
Қырғызстан премьер-министрлерінен төрт адам кейін президенттікке жетті. Оның бірі елден кетсе, тағы бірі ел ішінде қамауда отыр.
Кезінде Құрманбек Бакиев екі рет үкімет басшысы қызметін атқарды. Алғаш Асқар Ақаевтың президенттігі тұсында 1 жыл 5 ай үкімет басқарған ол кейін 2005 жылғы "Қызғалдақ революциясынан" соң тағы 5 ай премьер-министр болған. Үшінші шақырылымдағы парламент оны премьер және президент қызметін атқарушы етіп бекіткен. Кейін президент болып сайланған ол 2010 жылғы Сәуір революциясында Ақаевтың кебін құшып, елден кетті. Бакиевтің үстінен бірнеше іс қозғалып, сырттай 30 жылға сотталды.
Бакиев биліктен кеткен соң Роза Отунбаева 8 ай премьер-министр қызметін атқарып, кейін уақытша президент болды. Сәуір революциясынан кейін Қырғызстан парламенттік басқаруға көшті. Отунбаевадан соң Алмазбек Атамбаев премьер қызметін атқарды. Ол алғаш рет Бакиевтің президенттігі тұсында – 8 айдай, Отунбаеваның тұсында 10 ай шамасында үкімет басқарды. 2011 жылғы сайлау Атамбаевтың президенттікке өтуіне жол ашты. 2017 жылы Атамбаев билігін табыстап, Ақ үйден кеткен соң, экс-президент мәртебесінен айрылып, кейін бірнеше іс бойынша кінәлі деп табылып, 11 жылға сотталды. Оған "қылмыстық топ жетекші Батукаевты мерзімінен бұрын заңсыз босатты", "Бішкек жылу-электр станциясы модернизациялаудағы жемқорлық", "қызмет бабын теріс пайдаланды", "заңсыз байыды" деген және Қой-Таштағы оқиғалар бойынша айыптар тағылды. Биылғы қазан айындағы толқу кезінде жақтастары оны қамаудан шығарып алғанымен, кейін қайтадан ұсталды.
Атамбаевтың президенттігі тұсында премьер-министр болған Сооранбай Жээнбеков биылғы қазан айындағы наразылықтан кейін президенттіктен кетуге мәжбүр болды. Садыр Жапаровты премьер ретінде бекіткен Сооронбай Жээнбеков тура өзі президент болып сайланған 15 қазан күні Ақ үйден кетті. Үш жылға таяу президент болған оның тағы да үш жылдан аса мерзімі қалған еді.
ҚҰМТӨР ДАУЫ ЖӘНЕ РЕСЕЙГЕ КЕТКЕНДЕР
Ақаевтың президенттігі тұсында премьер болған, елдің үшінші премьері Турсунбек Чынгышев елдегі алғашқы жемқорлық дауына байланысты қызметтен кетті. Ол 1 жыл 10 ай үкіметті басқарды. Ол Құмтөр алтын кенішін бірігіп игеру үшін канадалық Cameco компаниясымен келісім-шартқа қол қойғанымен, бұл құжатты парламент бекітпей тастады. Соңынан Чынгышев қызметтен кетіп тынды. Құмтөр дауы кейін басқа да премьерлер мен шенеуніктер ісінде жиі аталатын дерекке айналды.
Ал Ақаев тұсындағы соңғы үкіметті басқарған Николай Танаев 2 жыл 10 ай премьер-министр болды. Ол 2005 жылғы наурыздағы "Қызғалдақ революциясының" бірінші күні отставкаға кеткен алғашқы шенеунік ретінде аталады. Кейін Ресейге кетіп, "Газпромнефть" компаниясында қызмет атқарған ол биыл қайтыс болды.
Қырғызстан прокуратурасы “Қызғалдақ революциясынан” кейін 2016 жылға дейін Танаевтың үстінен бірнеше іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған. Ресейден экстрадициялануын да сұраған. Оған тағылған айыптардың ішінде "жемқорлық", "өкілетін асыра пайдалану" және Құмтөр кенішін игеру дауына қатысты істері бар.
Ресейге кетіп тұрақтаған қырғыз лауазымды тұлғаларының ішінде Қырғызстанның үкімет басшысының бұрынғы орынбасары Борис Силаев та бар. Ол 1998 жылы бар болғаны 2 күн премьер қызметін атқарды. Силаев кейін Ресейге кетіп, Мәскеу мэриясында қызметке орналасты.
2005 жылғы Наурыз революциясынан кейін Ресейге қашқан бұрынғы президент Асқар Ақаев та кейін Мәскеу мемлекеттік университіне аға оқытушы болды. Қырғызстан прокуратурасы оны да кері қайтару үшін Ресейге сұрау салған.
АҚТАЛҒАНДАР
Ақаев тұсында бірнеше іс бойынша сотталған Феликс Кулов Құрманбек Бакиев кезінде 1 жыл 5 ай премьер-министр болды. Ол 2005 жылы 24 наурызда, революцияның алғашқы күні түрмеден босап, елде тәртіп орнатуды қолға алады. Парламент оны сол күні-ақ "күштік құрылымдардың үйлестірушісі" етіп бекітеді. Елде тәртіп орнатқан бір аптадан кейін ол өз еркімен өкілеттігінен бас тартады. Сол жылы сәуір айында Жоғарғы сот оны ақтайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкекте халық Ақаевтың сарайын басып алып, Құловты түрмеден шығардыСол кездегі оппозиция басшысы Құрманбек Бакиев президент болып сайланғанда, Кулов премьер болады. Алайда Бакиев-Кулов тандемі ұзаққа созылмай, кейіннен екеуінің арасы ашылады. Премьерліктен кеткен соң да оның үстінен бірнеше рет іс қозғалып, кінәлі адамдарды анықтау мүмкін болмағандықтан, іс тоқтатылған.
2010 жылғы Сәуір революциясы кезінде де ол Бішкекте тәртіп орнату үшін қоғамдық дружина құрып, қоғамдық қауіпсіздік кеңесін басқарды.
Бакиевтің президенттігі тұсында 2 жылдай премьер болған Игорь Чудиновқа да Атамбаевтың президенттігі тұсында бірнеше айып тағылып, іс қозғалады. Кейін тағылған айыптардың көбінен ақталып шығады, кейбір іс бойынша ол айыппұл төлеуге кесілген.
2018 жылы “адамды кепілге алды” деп 11 жарым жылға сотталып, биылғы қазандағы толқудан соң түрмеден босап, премьер болған Садыр Жапаровтың ісі бойынша да бұрынғы айыптар алынып тасталғаны белгілі.
БЕЛАРУСЬКЕ КЕТКЕНДЕР
Шетке кеткен премьерлердің ішінде Құрманбек Бакиевпен бірге Беларусьтен пана тапқан Данияр Үсенов те бар. Оның Минскіде аты-жөнін өзгертіп, Даниил Урицкий атымен қызмет атқарып жүргені хабарланған.
Тіпті кездесулердің бірінде Александр Лукашенко (Беларусьті 26 жылдай басқарып, биылғы президент сайлауында да жеңіске жетті деп танылған. Бірақ сайлау нәтижесімен халық және Батыс елдері келіспей, нәтижені мойындамады – Ред.) оны "Данияр" атымен атап, "сен – табанды да адал адамсың" деген видеосы да тараған. Онда Лукашенко беларусь халқын қырғыздармен салыстыра сөйлейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қашқын премьерге ұқсайтын Даниил Урицкий кім?Қырғызстан прокуратурасы Минскіден оны Бішкекке қайтаруды сұрағанымен, жауап болмаған. Мұндай өтініш Бакиевке де қатысты айтылған. Қырғызстанда Үсенов өмір бойғы түрме жазасына кесілген.
Қырғызстанның осындай өтініштерін Беларусь әзірге орындамай келеді. Соған қарамастан, қырғыз басшысы Жээнбеков Беларусьтағы биылғы даулы президент сайлауынан соң Александр Лукашенконы алғашқылардың бірі болып құттықтады.
ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІЛЕР ҺӘМ КУӘЛІК БЕРУШІЛЕР
Қырғызстанда Жанторо Сатыбалдиев пен Сапар Исаков жазасын түрмеде өтеп жатқан алғашқы премьерлер ретінде аталады. Олар да соңғы толқу кезінде қамаудан шыққанымен, кейін Исаковқа іздеу жарияланып, Сатыбалдиевтің денсаулығына байланысты ауруханаға түскені хабарланған.
2012-2014 жыл 1 жыл 6 ай премьер болған Жанторо Сатыбалдиев үкімет басшылығынан кеткен соң Бішкек жылу-электр станциясын модернизациялау дауындағы "жемқорлық" бабымен 7 жарым жылға сотталған. Ол – Бакиев тұсында да істі болған шенеуніктердің бірі.
Бішкек жылу-электр станциясына қатысты дау бойынша айып тағылғанғандардың бірі – бұрынғы премьер Сапар Исаков. Ол бірнеше іс бойынша 18 жыл түрме жазасына кесілген. Ең жас премьер Сапар Исаков – парламенттен алғаш сенім даусына ие бола алмаған үкімет басшысы ретінде танымал. Ол 2017-2018 жылдары 8 айдай премьер болды.
Тағы бір бұрынғы премьер Омурбек Бабанов 2012 жылы Атамбаев президент сайлауына түсіп жатқандықтан үкіметті 9 ай уақытша басқарды. Ол 2017 жылғы президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан. Кандидат кезінде Бабанов сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен. Бұл кездесуді Қырғызстан "ішкі іске араласуға тырысу" деп бағалап, Бішкек Қазақстанға наразылық нотасын жолдаған. Сол кездегі президент Атамбаев Назарбаевты айыптап мәлімдеме жасаған. Мұның соңы екі ел шекарасындағы тексерістің күшейіп, даудың Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразия экономикалық одақтың комиссиясына дейін жетуіне себеп болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғалдыАл Бабановтың сайлау алдында Қырғызстан оңтүстігінде өткізген кездесулеріне орай кейін іс қозғалған.
Депутаттық мандаттан бас тартқан ол сайлаудан кейін Ресейге кетіп, былтыр қайта оралды. Қырғызстан заң орындары одан куә ретінде сегіз іс бойынша бірнеше мәрте жауап алған. Бабанов саясаттан кететінін екі мәрте жарияласа да, биылғы қазан айындағы толқудан соң премьерлікке ұсынылды. Алайда кандидатурасы қарастырылмаған.
Қазір заң орындары куә ретінде жауап алып жатқан бұрынғы премьердің бірі – Мұхаммедкалый Абылгазиев. Ол телеарналар жиілігін сатудағы дауға орай биылғы маусымда отставкаға кеткен. Абылгазиев 2 жыл 2 айдай премьер-министр болды. Бұл – Қырғызстан премьері үшін айтарлықтай уақыт.
Қаржы полициясы оның елден сыртқа шығуына тыйым салған. Кейінгі айда тағы бір бұрынғы премьер Кубанычбек Жумалиевке де елден шығуға тыйым салынғаны белгілі болды. Кейіннен депутат болған оның қандай мәселе бойынша айыпталғаны немесе куә болғаны әзірге хабарланбаған. Жумалиев 1998 жылы 9 ай премьер-министр болған.
"ПРЕМЬЕРДІ АЛМАСТЫРУ САЯСИ ҚЫЗУДЫ БАСАДЫ"
Елде премьер-министрдің жиі ауысуын қырғызстандық сарапшы Эмилбек Жороев үкімет басшысының президент пен парламентке тәуелділігімен байланыстырады.
Премьерді алмастыру арқылы саяси температураны түсіру және жағдайды реттеу үйреншікті құбылысқа айналып кеткен.
- Қандай да бір проблема немесе ел ішінде наразылық болса, билік оның себебін көбінесе премьер-министрден іздестіреді. Премьерді алмастыру арқылы саяси температураны түсіру және жағдайды реттеу үйреншікті құбылысқа айналып кеткен. Конституция қанша өзгерсе де премьердің тәуелділігі өзгермей қалып қойды, - дейді сарапшы Азаттыққа.
Ал қазақстандық сарапшы Думан Қабдығалиев Қырғызстандағы премьер-министрдің жиі ауысуын экономикалық ахуалмен де байланыстырады.
- Жаңа тағайындалған үкімет басшысы алдыңғы премьерден кейінгі жағдайды оңалтып үлгермей сынға ұшырайды. Соңынан саяси партиялардың және қоғамның қысымымен премьер тағы да ауысады. Сол екі ортада үкімет басшылары жемқорлық дауына да ілігіп жатады, - дейді ол Азаттыққа.
Қырғызстанда алдағы жылдың 10 қаңтарына дейін конституциялық реформа мен президент сайлауы өтпек. Ал парламент сайлауы 1 маусымға дейін өтетін болады. Биыл 4 қазанда өткен Жогорку кеңеш сайлауының нәтижесі наразылық тудырып, оның соңы президент Сооронбай Жээнбеков пен үкіметтің отставкаға кетуіне әкеп соқтырған.