Covid-пен күрес, күшейген авторитаризм және пандемиядан кейінгі әлем

Алматыдағы наразылық кезінде полицей көшедегі азаматты ұстап алып барады. 6 маусым, 2020 жыл.

Covid-ке қарсы қатаң шаралар кейбір елдер, оның ішінде Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанда үкіметтің билігін күшейтуге мүмкіндік берді. Құқық қорғаушылар пандемиядан соң құқықтарды шектеген ережелер түбегейлі жойылуы тиіс дейді.

Covid-ке қарсы вакцинаның қолданысқа енгізіле бастауы 2021 жылы пандемиядан кейінгі әлемде "жаңа нормалар" пайда болады деген үмітті арттыра түсті.

Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары мемлекеттік биліктің шектен тыс күшейіп кетуіне жол бермеу үшін азаматтық қоғам пандемияға дейінгі "қалыпты" міндетіне қайта орала алуы тиіс деп санайды.

Олар 2020 жылы уақытша енгізіліп, кейде теріс мақсатта пайдаланылған, халық денсаулығын сақтаудың төтенше шаралары алынып тасталуы үшін азаматтық қоғам тежеу және теңгеру міндетін атқаруы керек дейді.

Transparency International ұйымы "пандемиядан соң авторитаризм күшейіп, заң үстемдігі әлсіреуінің қауіпті белгілері бары" жөнінде біраздан бері ескертіп келеді.

"Covid дағдарысы сыбайлас жемқорлыққа шатылған және авторитар басшыларға қоғам назарын басқа жаққа аударып, бақылауды әлсіретуге мүмкіндік тудырды" деп мәлімдеді Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйым.

"Баспасөз еркіндігі және тәуелсіз сот жүйесі сияқты демократиялық институттарға нұқсан келгенде, азаматтардың наразылық білдіру, ұйымдарға қосылу немесе мемлекеттің шығындарын бақылауға араласу құқықтары шектелгенде сыбайлас жемқорлық тамыр жаяды" дейді Transparency International.

Вашингтондағы Брукингс институтының Таяу Шығысқа қатысты сыртқы саясат сарапшысы Шади Хамид авторитаризм мен авторитарлық режимдер іс жүзінде пандемияға дейін-ақ "күш алып алғанын" айтады.

Хамид пандемиядан кейінгі кезеңнің кейбір тұстары, мысалы, Covid-ті қадағалау және бақылау схемалары билікте отырғандарды "авторитар болуға еліктіруі" мүмкін екенін айтады.

"Пандемия кезінде және одан кейін үкіметтер ұзаққа созылған дағдарысты пайдаланып, ел ішіндегі оппозицияны жойып, азаматтық еркіндікті шектеуі мүмкін" деп жазады Шади Хамид Брукингс институтының "Әлемді қайта ашу" деп аталатын есебінде.

Грузиядағы карантин кезіндегі шектеу белгілері.

Бірақ Хамид осы қауіпке қарамастан, пандемиядан кейінгі әлемде саяси еркіндік қалпына келе бастайды деген үміті әлі үзілмегенін айтады.

Оның сөзінше, пандемия кезінде енгізілген шектеулерді алып тастау "саяси партияларға, наразылық танытушыларға және бұқаралық қозғалыстарға өз платформалары мен наразылығын барынша кеңінен таратуға көмектеседі".

"Демократияшыл үкіметтер Трамп әкімшілігі сияқты ақпаратты тұншықтырып, дағдарысты әсірелеп көрсетуге тырысуы мүмкін, бірақ олардың мұны мінсіз атқарып шығуы қиын" дейді Хамид.

"Қалай болғанда да, үкіметтің басып-жаныштау пиғылы баспасөз, заң шығарушы билік және азаматтық қоғамның оның (биліктің – Ред.) қателіктерін әшкерелеуге деген ерекше ынтызарлығын тудырады" дейді ол.

Ресейден бастап Түркіменстанға дейінгі елдерде пандемиямен күрес аясында медициналық шектеу шараларын оппозицияшыл саяси тұлғаларды басып-жаныштауға және баспасөз еркіндігін шектеуге пайдалану сияқты астыртын авторитарлық тенденциялар байқалды.

Бұл тенденциялар арасында биліктің қоғамдық ұйымдардың атқарушы билік құзыретінің кеңеюін қадағалап, оны тежеу мүмкіндіктерін шектеу әрекеті де бар.

БАКУДЕГІ НАРАЗЫЛАРДЫ ҚУЫП ТАРАТУ

Авторитаризмге бой ұру тенденцияларына Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің үкіметі қабылдаған шаралар мысал бола алады.

Биыл наурызда Баку "санитарлық-эпидемиялық талаптарды немесе карантинде үйде отыру ережелерін бұзды" деп айыпталғандарға жаңадан қатаң жаза енгізді.

Жаңа заңда қоғамдық орында бетперде кимеу сияқты заңбұзушылық үшін 3 мың доллар көлемінде айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицей көшедегі әйелдің құжатын тексеріп жатыр, қасында әскери қызметкер бақылап тұр. Баку, Әзербайжан, 3 шілде, 2020 жыл.

Вирус таратты деп айыпталғандар бес жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Бакудің Covid таратқандарға қолданатын қылмыстық жаза "вирустан төнетін қауіп-қатерге барабар жауап емес" деп ескертті.

АҚШ-та орналасқан құқық қорғау ұйымы аталмыш заңдарды "халықтың маргиналданған тобына, азшылық өкілдері немесе диссиденттерге қарсы теріс мақсатта қолдану тым оңай екенін" айтады.

Биыл жазда Әзербайжанда көршілес Армениямен арадағы Таулы Қарабақ жанжалының реттелмеуіне байланысты қоғамда наразылық туындаған. Президент Әлиев сонымен қатар дендеп кеткен сыбайлас жемқорлық, экономиканы тиімсіз басқару және пандемияны ауыздықтай алмау сияқты проблемаларға тап болған.

Әлиев бұған жауап ретінде шілдеде қуғын-сүргін науқанын бастады, бұл науқан оның саяси қарсыластары мен демократияны жақтаушыларды біржолата жою әрекеті деп қабылданды.

Washington Post жариялаған мақалада Әлиевтің "ашудан жарыла жаздап", "Әзербайжандағы тәуелсіз саяси күштердің сарқыншақтарын жер бетінен жоқ қыламын" деп дөңайбат көрсеткені жазылады.

Шілдеде Әлиевтің қауіпсіздік күштері 120-дан астам оппозиционер мен олардың жақтастарын тұтқындады. Олардың көбі – оппозицияшыл "Әзербайжан халық майданы" партиясының (AXFP) өкілдері.

Тұтқындалған екі оппозиционер – AXFP төрағасы орынбасарының ұлы Мехди Ибрагимов және партия мүшесі Махаммад Иманлиге Covid-ке қарсы енгізілген ережелерді бұзды деген айып тағылды.

HRW сот материалдарына талдау жасай келе, Иманлыға тағылған "көпшілік орында бетперде тақпай, Covid таратты және адамдардың өміріне қауіп төндірді" деген айып "жалған" деген қорытынды жасайды.

Ибрагимов полицияның "коронавирус жұқтырып алып, рұқсат етілмеген көше митингісіне қатысты" деген арызы бойынша тұтқындалған.

Бірақ Ибрагимовтің адвокаты шілдеде оппозиционер тұтқындалғаннан кейін тапсырылған Covid тестері оның вирус жұқтырмағанын көрсетеді дейді.

Адвокаттың айтуынша, шын мәнінде Ибрагимов тұтқындалып, билік оның әйгілі оппозиция жетекшісінің ұлы екенін білгеннен кейін ғана оған коронавирустан сақтану ережелерін бұзды деген айып тағылған.

БЕЛАРУСЬТЕГІ ШЕКТЕУЛЕР

Сыншылар Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконы өз режиміне қарсы наразылық шерулерін басу үшін Covid-ке қарсы шектеулерді пайдаланды деп айыптайды.

Саяси мақсатта енгізілген Covid-ке қарсы шараларды пайдалану Минскінің толқуды полиция арқылы басып-жаншымақ болған кең ауқымды стратегиясының бір тетігі деп қабылданатыны сөзсіз.

Беларусь астанасы Минскідегі билікке қарсы шеру. 22 қараша, 2020 жыл.

"Весна" құқық қорғау ұйымы былтыр Беларусьтегі оппозициялық кандидаттар мен олардың командасының және демонстранттардың үстінен саяси астары бар 900-ден астам қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Беларусьті 26 жыл басқарып келе жатқан Лукашенко режиміне күн сайын өтіп жатқан демонстрациялар үлкен қауіп төндіріп тұр. Лукашенко 9 тамызда өткен даулы президент сайлауында жеңімпаз деп жарияланған соң наразылық танытушылар оны дауыс беру нәтижелерін бұрмалады деп айыптады. Бұл сайлауда ол алтыншы мерзімге президент болып сайланды.

Ресми Минск бірнеше ай бойы Covid қаупін азайтып көрсетті, ал Лукашенко оппозиция мен көшеге шыққан жүздеген мың демонстрантты шетелдердің қолдауына сүйенген арандатушы деп талай мәрте айыптады.

Полиция қатаң шара қолданса да, билікке қарсы демонстрацияларды тоқтата алмаған соң, 1 қарашада Беларусь елге шетелдіктердің келуіне тыйым салып, шекарасын жапты.

Мемлекеттік шекара комитеті шектеулер "Covid вирусы таралуының алдын алу" үшін енгізіліп жатқанын мәлімдеді.

Желтоқсанда билік "пандемияға байланысты" Беларусь азаматтары мен тұрақты тұратын адамдардың ел аумағынан шығуына тыйым салып, одан ары шектеу енгізді.

Лукашенконың Covid-ке қатысты саясаты "елдегі оппозицияны тыю мақсатында саяси себептермен шекараны жауып отыр" деген күдікті күшейте түсті.

Қарашаның соңында Лукашенко Covid жұқтырғандар емделіп жатқан ауруханаға барған кезінде вирустан сақтық шараларын мүлдем елемеді. Я қолғап, я бетперде кимеген ол үстінде қорғаныш киімі бар дәрігермен қол алысты.

Сайлауға оппозиция атынан түскен кандидат Светлана Тихановская шекарада шектеу шараларының енгізілуі Лукашенконың "үрейленіп отырғанын" көрсетеді дейді. Тихановская сайлаудың нәтижесіне ресми түрде шағым түсірмек болған соң қысым көріп, Беларусьтен кетуге мәжбүр болды.

РЕСЕЙДЕГІ "МЕМЛЕКЕТТІК АҢДУ"

Мәскеулік сарапшылардың айтуынша, пандемияда Ресейдегі мемлекеттік аңду жүйесінің мүмкіндіктері "сынақтан өткенін" айтады.

Ресей Мемлекеттік думасы наурыздың соңында премьер-министр Михаил Мишустинге бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жариялап, денсаулық сақтауға қатысты міндетті ережелерді енгізуге рұқсат ететін заңды мақұлдаған.

Дума сонымен қатар "табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде" жалған ақпаратты "саналы түрде" таратқандарды бес жыл мерзімге дейін бостандығынан айыру жазасын да мақұлдаған.

Заң бойынша, Covid-ке қарсы шараларды бұзғандар жеті жылға дейін бостандығынан айырылады.

Сәуірде президент Владимир Путин жергілікті билікке Covid-ке қарсы шаралар қабылдауды тапсырды.

Сарапшылар бұл Ресейдің кейбір аймақтарын ресейліктердің аңду мен бақылаудың күшеюіне қаншалықты төзе алатынын сынайтын алаңға айналдырды дейді.

Ол сонымен қатар Кремльді үкіметтің Covid-ті қадағалаудағы кеңейген құзыреті пандемиядан кейінгі кезеңде де сақталып қала береді деген қауіпке қатысты саяси реакциядан қорғап қалды.

Ал бұл арада Мәскеу Ресейдің пандемияға қарсы шаралары туралы ақпараттардың еркін таралуына бақылау орната бастады.

Медицина қызметкерлері кәсіподағын басқаратын ресейлік дәрігер Анастасия Васильева елдің денсаулық сақтау жүйесінің Covid-пен күреске дайындығында кемшіліктер барын анықтаған соң қамауға алынды.

Халықаралық Amnesty International ұйымының Ресейдегі өкілдігінің директоры Наталья Звягина "Ресей билігінің қатерлі Covid-тен гөрі сыннан көбірек қорқатыны таңқалдыратынын" айтады.

"Олар Анастасия Васильеваны жүріп-тұру шектеулерін бұзғаны үшін тұтқындап, қамауға алдық деп ақталады. Шын мәнінде, олар жергілікті ауруханадағы дәрігерлерге ең қажетті қорғаныш құралдарын жеткізбек болған" дейді Звягина.

Звягина Ресей билігі Васильеваны түрмеге жабу арқылы "өздерінің шынайы мотивін" көрсетіп отыр деп санайды.

"Олар Ресей билігі айтатын ресми нұсқаға қарсы шығып, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі кемшіліктерді анықтауға батылы жеткен медицина қызметкерлерін жазалауға дайын" дейді ол.

Биыл Мемлекеттік дума сонымен қатар шетелдік ақпарат құралдарын, оның ішінде Азат Еуропа/ Азаттық Радиосын Ресейдегі Covid-пен күрес жөніндегі хабарларына қатысты тексеріп, қуғындауға кірісті.

Шілдеде Мәскеуде полиция Ресейдегі баспасөз бостандығын, сөз еркіндігін шектеудің күшейіп бара жатқанына қарсылық акциясы кезінде ондаған журналисті ұстады.

HRW мәліметі бойынша, полиция наразылық танытушылар Covid-пен байланысты шектеу ережелерін бұзды деп, бірнеше іске қатысты "жалған мәлімдеме" жасаған. Бірақ "ұсталған наразылық танытушылардың көбі адам лық толы, дұрыс желдетілмейтін, арақашықтықты сақтау мүмкін емес полиция көліктеріне тоғытылған".

HRW-тың Ресей бойынша зерттеушісі Дамеля Айтхожина бұл істер "қуғын-сүргінді жаңа деңгейге шығарғанын" айтады.

Айтхожина Мәскеу билігі "бейбіт демонстранттарды көпшілік жиын өткізуді шектейтін ережелер негізінде, халықтың денсаулығын қорғау деген сылтаумен ұстағанын" және "қамауда оларға вирус жұғу қаупі төнгенін" айтады.

Құқық қорғаушылар Ресейдің кейбір аймақтарында да жергілікті билік наразылық танытушыларды жазалауда коронавирусқа қарсы шараларды пайдаланғанын айтады.

Сәуірдің соңында Солтүстік Осетия билігі Владикавказда аймақ басшысы Вячеслав Битаровтың отставкаға кетуін талап етіп жиналған екі мыңдай адамның арасынан ондаған адамды тұтқындады.

Ресейдің Хабаровск қаласындағы наразылық шарасы. 15 тамыз, 2020 жыл.

13 адам Ресейдегі коронавирусқа қарсы шараларды елемеді және пандемия туралы "жалған ақпарат таратты" деп айыпталды.

Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында аймақтағы танымал басшының талай жыл бұрынғы кісі өліміне қатысы бар деген айыппен тұтқындалуына наразы шерулерде билік коронавирусқа қарсы шараларды пайдаланып, кедергі келтірмек болды.

Демонстранттар жергілікті саяси қарсыластары Кремльдің көмегімен губернаторға жалған айып таққызып отыр деп санайды.

Хабаровск қаласының билігі наразылық танытушыларға Covid жұқтыру қаупі туралы ескертсе, полиция дезинфекция жасаймыз деп халық жиналатын орындарды жапты.

Бірақ халық бәрібір жиналып, Путин билігіне наразылық білдірді және Мәскеу жергілікті тұрғындардың өз губернаторын таңдауына мүмкіндік бермей отыр деді.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕМОНСТРАЦИЯНЫ ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың соңында азаматтардың жиналып наразылық таныту еркіндігіне бақылауды күшейтетін заңға қол қойды.

Пандемия кезінде күшіне енген заң демонстрацияға қатысатын адам саны мен өтетін орнын белгілейді.

Сыншылар Қазақстандағы жаңа шектеулер мен бюрократиялық кедергілер қатарында наразылық акциясын өткізбес бұрын биліктен "рұқсат алу" ережесі барын, ал билік наразылыққа рұқсат бермеуге сылтау тауып алатынын айтады.

Қазақстан билігінің бейбіт жиын туралы жаңа заңды сынаған белсенділерді қудалауға коронавирусты сылтау қылғанын Азаттық та хабарлаған.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар аталмыш заң халықаралық талаптарға қайшы келетінін және бейбіт жиынға көп кедергі келтіретінін айтады.

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АҚПАРАТТЫ БАҚЫЛАУҒА АЛУ

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 2016 жылдың соңында билікке келгелі бері халықаралық құқық қорғау ұйымдары оны бұрынғы президент Ислам Каримовтің тұсында енгізілген авторитарлық шектеулерді аздап жеңілдете бастады деп мақтаған. Өзбекстанда ондаған жыл авторитарлық билік жүргізген Ислам Каримов 2016 жылы күзде қайтыс болған.

Бірақ коронавирус дағдарысы Өзбекстанда пайда болып келе жатқан тәуелсіз баспасөз бен елдегі БАҚ-ты қадағалайтын мемлекеттік орган – ақпарат және бұқаралық коммуникация агенттігі (АБКА) арасында тартыс тудырды.

Ресми Ташкент әуелде Өзбекстан коронавируспен тиімді күрес жүргізіп жатыр деп мәлімдеген.

Бірақ жазға салым ақпарат құралдары биліктің бұл мәлімдемелеріне күмән келтіре бастады.

БАҚ елде коронавирустың таралуы мен одан қанша адам өлгені туралы егжей-тегжейлі ақпарат тарата бастады.

АБКА директоры Асаджон Ходжаев қарашаның соңында мұндай ақпарат таратудың "құқықтық салдары ауыр болатынын" ескертті. Бұл коронавирус індеті Өзбекстанды Каримов тұсындағыдай баспасөзге бақылау орнатылған авторитарлық режимге көшіруі мүмкін деген қауіпті күшейтті.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ТӨҢКЕРІС

Парижде орналасқан "Шекарасыз тілшілер" (Reporters Without Borders) ұйымы пандемияға дейін Қырғызстанды Орталық Азиядағы БАҚ үшін ең ашық ел деп атаған.

Бірақ 22 наурызда төтенше жағдай жарияланған соң карантин және коменданттық сағаттың енгізілуі Қырғызстанның салыстырмалы түрде алғандағы ашықтығына нұқсан келтірді.

Тәуелсіз ақпарат құралдарының көбі журналистеріне Бішкекте немесе шектеу шаралары енгізілген басқа аудандарда еркін жүріп-тұруға рұқсат немес аккредитация алуда қиындықтарға тап болды.

Қырғызстанда 4 қазанда, пандемиядан жағдайдың қиындағанына қарамастан өткен парламент сайлауының соңы наразылыққа ұласты.

Саяси шиеленістен президент Сооронбай Жээнбеков биліктен кетіп, жаңа сайлау белгіленді. Бішкекте төтенше жағдай жарияланып, көпшілік жиынын өткізуге тыйым салынды.

Еуропадағы несиені сақтандыру жөніндегі Credendo компаниялар тобының сарапшысы Паскалин делла Файл елде түбегейлі саяси өзгерістерге түрткі болған әлеуметтік шиеленістерді пандемия ушықтырып жіберді деп санайды.

Оның сөзінше, қырғызстандықтар денсаулық сақтау жүйесі жағдайының нашарлығына, коронавирусты бақылауға алу шараларынан экономиканың қатты зардап шеккеніне және шетелде жұмыс істейтін Қырғызстан азаматтарының елге аударатын ақшасы күрт азайып кеткеніне шағымданады.

КҮЛКІГЕ ҚАЛҒАН ТҮРКІМЕНСТАН

Әлемдегі ең авторитар режимдердің бірі Түркіменстанның баспасөз еркіндігі немесе ашықтық жағынан жақсы аты ешқашан шыққан емес.

Сол себепті Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің елде бірде-бір адамның коронавирус жұқтыруына жол бермедім деген мәлімдемесі әлемде таңданыстан гөрі келемеж тудырды.

Ашғабадтың Түркіменстанда коронавирус жоқ деуден танбауы денсаулық сақтау саласындағы қандай да бір сенімнен шыққан саясаттан гөрі Бердімұхамедовтің авторитар билік орнатқанының белгісі деп саналады.

Тамыздың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Бердімұхамедовтің ДДСҰ сарапшыларына елде коронавирус жұқтырғандар жоқ деген тұжырымының рас-өтірігін тексеруге рұқсат еткенін хабарлаған.

ДДСҰ-ның Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша директоры Ханс Клюге Бердімұхамедовтің ұйым мамандарының Түркіменстанда азаматтардан "өз бетінше Covid тестін алып", өзге елдердегі зертханаларға тексеруге жіберуіне "келіскенін" жариялаған.

Бірақ содан бері төрт айдан астам уақыт өтсе де, Бердімұхамедов уәдесін орындаған жоқ.

Түркіменстанда коронавирустан қайтыс болғандар жерленген зират. Шілде, 2020 жыл.

Ал Түркіменстанның мемлекеттік телеарнасы болса Бердімұхамедовтің Ашғабад пен басқа да ірі қалаларда "заманауи" медициналық нысандардың ашылу салтанатында жүрген сәтін көрсетіп, жеке басқа табдынуды жалғастырып жатыр.

Бірақ Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарласқан түркіменстандықтар жаңа нысандар ашылып жатқанына сенбейтінін айтады.

Олар сырқаттанып қалса ауруханаға жоламауға тырысатынын, себебі кедей халыққа онда емделу тым қымбат екенін, ал мемлекетке қарасты ауруханаларда емделетіндей жағдай жоғын айтады.

Түркіменстанның бірнеше аймағында ауруханаларда емделіп жатқан науқастар ауруханаға тамағын, дәрі-дәрмегін, тіпті палаталарын жылыту үшін отынды өздері алып баруға мәжбүр болғанын Азаттыққа айтып берді.

Әйтсе де, билікті сынайтындар мен өзгеше ойлайтындарды қатаң басып-жаншумен аты шыққан Түркіменстанда ауруханалардың мүшкіл жайын айтып, елдің денсаулық сақтау саласы басшыларын ашық сынауға ешкімнің жүрегі дауаламайды.