Қазис Тоғызбаев. Мәңгі есте қалатын полковник еді

Қазис Тоғызбаев.

Азаттық радиосының редакциясы үшін орны толмас қаза. Қыстың соңғы күні сайтымыздың ең үздік авторларының бірі Қазис Тоғызбаев өмірден өтті. Таныстары оны нағыз полковник дейтін, себебі ол журналистикаға Қорғаныс министрлігінен кеткен соң келген еді. Әріптесіміз өз ісінің маманы болды, келелі мәселелер мен қиын тақырыптарды қозғады. Әріптестері мен таныстары Қазис Тоғызбаевты қағілез және парасатты адам ретінде білетін.

Ол Қорғаныс министрлігінің кадрлік офицері болды және өмірінің талай жылын отанына арнады. Басқалардың тағдырына бей-жай қарамайтын полковник отставкаға шыққан соң журналистикаға бет бұрды. Әр жайтты тез қағып алатын, әр детальға мән беретін жауаптылығы мен әскери адамға тән қасиетінің арқасында ол өзіне мүлде таныс емес мамандықта да танымал болды. Оның өткір тақырыптардағы мақалалары, репортаждары, сұхбаттары оқырманды бей-жай қалдырмайтын. Әріптесіміздің мақаласы сайтымызда көп оқылып, көп пікір тудыратын.

Қазис Тоғызбаев Азаттықта 2008 жылдан бастап жұмыс істеді. 13 жылдай қызметінде жүздеген мақала жазды, әртүрлі адамдармен – саясаткерлермен, құқық қорғаушылармен, белсенділермен, саяси тұтқындардың жақындарымен, сарапшылармен жолығып, сұхбаттасты. Қарапайым адамдардың мәселелерін тыңдап, оқырманмен бөлісті. Оларға көмек қолын да созды. Әріптесіміздің мақалаларының кейіпкерлері оған кез келген уақытта хабарласатын. Ол кейіпкерлерін кез келген уақытта тыңдауға дайын еді. Бұл – ешқандай да әсіре сөз емес.

Редакция Қазекеге, Қазис ағаға (әріптестері оны осылай атайтын) қиын тақырыптарды тапсыратын және ол кісі редакцияны ешқашан жерге қаратпаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Дариға Назарбаеваның "оралуы", Тоқаевтың "опа-далабы", сұрқай науқан. Виктор Ковтуновский саясат пен сайлау жайлы"Бүкіл күш белсенділерді басып-жаншуға жұмсалды". Евгений Жовтиспен адам құқығының ахуалы жайлы сұхбат"Жаңаөзен қырғынын сырттан ұйымдастырған. Бірақ бәрі билік айтқандай емес"Заманбек Нұрқаділовтің өлімі. Үш рет атылған оқ және режимді сақтап қалу жолыСовет кезінде қуғындалып, Назарбаев тұсында диссидентке айналған Кәрішал АсановДариға Назарбаева биліктің ұшар басына бір қадам жетпей тұрНұрсұлтан Назарбаев. Компартия хатшысынан "елбасына" дейінгі жолы

Қазис Тоғызбаев – 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуілінен соң осы қалаға алғаш барған журналистің бірі.

2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзендегі мұнайшылар ереуілінде полиция наразыларға оқ атып, ресми дерек бойынша 17 адам қайтыс болды. Қазис аға Маңғыстау облысынан объективті репортаждар таратып, Жаңаөзенде не болып жатқанын дер кезінде хабарлап отырды. Кейін Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының жақындарымен де байланысып, олардың тағдыры туралы жазып жүрді.

Ол 2013 жылы редакция тапсырмасымен Алматы облысындағы Шеңгелді ауылына барып, жастар арасындағы ұлтаралық жанжал сипаты бар оқиғадан хабар таратты.

Қазис аға белсенділерге қарсы істерді, діни ұстанымы үшін сотталғандардың ісін де қадағалады. Фотоаппаратын, ноутбугін арқалап, сот залынан шықпай, "сөйлеп тұрған" фотолар мен жаңалық жолдайтын. Әріптесіміз түрмедегі азаптау, саяси тұтқындар туралы да жиі жазды.

"Біз нағыз қаһарман, аңыз тұлға, жаны жайсаң адамнан айрылдық. Қазис Тоғызбаев ақтық демі таусылғанша қоғамға айтары бар өзгелердің үнін көпшілікке жеткізіп келген еді. Оның өмір жолы, журналист міндетіне адалдығы бәрімізге бағыт сілтейтін темірқазық болып қалады" деді Азат Еуропа - Азаттық радиосы Қазақ қызметінің директоры Торокул Дооров.

Азаттық редакциясы Қазекені кәсібилігімен қатар мейірімділігі және қайырымдылығы үшін қатты сыйлайтын. Онымен тілдескен кез келген адам Қазис ағаға бауыр басып, сөйлескісі келіп тұратын.

Алматыдағы шағын ауданның біріндегі көпқабатты үйде тұратын журналист көршілер арасында жергілікті белсенді әрі үстел теннисі турнирін ұйымдастырушы ретінде сыйлы еді. Ол үстел теннисін жақсы ойнап, жастардың көбіне дес бермейтін. Ауланы тазалау, орындықтарды сырлау ма? Қазис аға әрқашан сенбілікке шығуға дайын еді. Пандемия мен карантин кезінде Қазис аға үйінен көп шықпайтын. Бірақ ол осы қиын кезде де көршілеріне көмектесіп жүрді. Төсек тартып жатқан зейнеткер көршісін жедел жәрдемге жеткізіп тастау керек пе? Қазеке бас тартпайтын. Ауырып жатқан көршісіне дәрі-дәрмек қажет пе? Қазис аға қолындағы барын беретін.

Қазекеден коронавирус 25 қаңтарда анықталды. Төрт апта ауруханада жатты. Еңсесі түспей, күліп, қалжыңдап жүрді. Палатадағы жұртқа көмектесті. 23 ақпанда ол ауруханадан шықты. Дертті жеңді деп ойлағанбыз. 26 ақпанда кеудесі ауырып, қайта жедел жәрдем шақырған. 28 ақпанда дәрігерлер Қазис ағаның жүрегі тоқтағанын хабарлады...

Қазеке басқа салаларда да танымал болды. Ол 2007 жылы қаңтарда Қазақстандағы демократиялық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін "Азаттық" сыйлығымен марапатталды.

Әскери тәртіп пен тік мінезі, шыншылдығы, сенімділігі және жайсаңдығы әріптесіміздің рухты адам екенін айқындап тұратын. Биыл сәуірде Қазис аға 73 жасқа толар еді... Бұл ауыр қаза туралы құқық қорғаушылар, саясаткерлер, белсенділер жазып жатыр.

Андрей Чеботарев: Қашан да оптимизм мен мықты рухы арқылы басқалардан өзгешеленіп жүретін. Қазекемен бірнеше рет тілдескен едім. Көңілсіз я ашуланып жүрген кезін көрмеппін. Қолым босамай жатса да, ол ісі хабарласқанда сұхбат беруден қашпайтынмын. Мұндай адамдармен бір дәуір кетіп жатыр. Қош болыңыз, Нағыз Полковник. Менің өмірімде және қоғамда болғаныңыз үшін алғыс айтамын. Жарқын бейнеңіз есімізде…

Роза Ақылбекова: Қандай орны толмас қаза, арамыздан нағыз Қазис Тоғызбаев, полковник кетті. Оның күлкісі мен кәсіби жазылған мақаласы енді бізге жетіспей тұрады. Коронавирус аямады. Туыстарына, жақындарына, бәрімізге қайғыра көңіл айтамын.

Алматыда тұратын журналист, conomist, Eurasianet, Guardian басылымдарының тілшісі Джоанна Лиллис Twitter парақшасында Қазақстан журналистикасында орны толмас қаза деп жазды: "Оның ақжарқын бейнесі, ерекше қарым-қатынасы мен күлкісі жетпейтін болады".

Қазис Тоғызбаевтың қазасына байланысты көңіл айтқандардың бірі – Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттман "Қазақстанда құқық қорғау тақырыбын ол сияқты қозғайтын журналист кемде кем" деп жазды.