Тоқаевтың екі жылдағы "жартылай президенттігі" һәм Назарбаевтың элитаға ықпалы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болып отырғанына екі жыл толды. Ол жеке дара басшы бола алды ма? Коронавирус эпидемиясы және экономикалық дағдарыспен қалай күресті? Ішкі және сыртқы саясатта не істеді? Настоящее время бұл туралы қазақстандық саясаттанушы, "Қауіп-қатерді бағалау тобының" жетекшісі Досым Сәтпаевтан сұрады.

— Тоқаев екі жылдан бері президент болып отыр. Қазақстанда не өзгерді?

— Бұл екі жылды "Тоқаевтың басқару" деп айта алмас едім. Екі жылда көргеніміз "жартылай президенттік". Бұл президенттік қызмет басталғанда маңайына көптеген "қызыл тулар" қойылған еді. Мұны Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев қойған. Ал бірінші президент саяси сахнадан түскен жоқ. Ол ішкі және сыртқы саясаттағы көп мәселені әлі бақылап отыр.

Саясаттанушы Досым Сатпаев.

Егер ішкі саясатты айтсақ, жасалған саяси реформаны айтсақ болады. Бұлар көптеген имитацияға толы "жартылай реформа" болып қалды. Бұл үлкен сынға ұшырады. Бірінші президенттің бақылап отырған тағы бір саласы – кадрлық мәселелер. Егер қарасаңыз, Тоқаев екі жылда өте үлкен кардрлық өзгеріс жасамады. Назарбаев құрып кеткен саяси және бизнес-элита өкілдері қалды. Оған премьер Асқар Маминмен жағдай дәлел. Былтыр коронавирус эпидемиясы болғанда Тоқаев премьер-министрді қатты сынады. Ал 2021 жылы парламент сайлауынан кейін оны қайта премьер етіп тағайындады. Маминді [премьерлікке кандидат ретінде] биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде Назарбаев ұсынды. "Нұр Отанның" өзі парламенттегі көп орынды иеленді.

Яғни, бұл жерде біз биліктің жартылай транзитін көріп отырмыз. Толық транзит әлі болған жоқ. Толық транзит бірінші президент саяси сахнадан толық кеткенде ғана болады. Бәлкім Қазақстанда Өзбекстандағыдай – Ислам Каримов өлімі мен Шавкат Мирзияевтің билікке келуіндей жағдай болғанда ғана толық транзит келер. Барлығын салыстырып қарауға болады. Егер Тоқаев пен Шавкат Мирзияевті салыстырсақ, екеуінде айырмашылық бар. Мирзияевта үстінен қарап тұрған бақылаушы болмады, ол бұрынғы элитаны тазартып, өз элитасын құра бастады. Мирзияев белгілі бір экономикалық реформа жасауға тырысты, бірақ авторитарлы жүйені сақтап қалды. Дегенмен Тоқаевпен салыстырғанда оның қолы байлаулы емес. Ал Тоқаевқа қойылған шектеу көп.

— Екі жылда әлемге соққы болған көптеген оқиға болды. Соның бастысы – коронавирус. Көп ел жоспарын, тіпті геосаяси стратегиясын өзгертуге мәжбүр болды. Тоқаев пен оның үзеңгілестері Қазақстанды қайда апара жатыр?

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тоқаевқа президенттікті тапсырған сәт. 20 наурыз 2019 жылы.

— "Үміт сыйлаған президент" және "көңіл қалдырған президент" деген түсінік бар. Көптеген демократиялық елдерде жаңа сайланған президент "үміт тудырған президент" болады. Кейін көбі "көңіл қалдырған президент" болады. Ал Тоқаевта бәрі керісінше болды. 2019 жылы ол "көңіл қалдырған президент" болды, себебі қазақстандықтардың бір бөлігі сайлауды сынап, Тоқаевты заңсыз президент деп санады. Сондықтан Тоқаев екі жылда бар күшімен "көңіл қалдырған президенттен" "үміт сыйлаған президент" статусын алуға тырысты. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық салада көп үміт сыйлап, біраз орындады да. Ол экономиканы модернизациялап, шикізатқа тәуелділікті азайту туралы жиі айтады. Бірақ мұны Назарбаев та жиі айтатын. Сондықтан экономика саласында өзгеріс жоқ. Шикізатқа тәуелділіктен арылу, шағын және орта бизнесті қолдау, коронавирустан кейін Қазақстан үшін жаңа сала құру, дамыған отыз елдің қатарына кіру туралы көп айтылады. Бірақ бұл фразеология көп өзгерген жоқ, бірінші президенттен мұраға қалған сөздер.

Your browser doesn’t support HTML5

Кезектен тыс сайлау һәм бейбіт наразыларды жаппай ұстау. Екі жыл бұрын елде не болып еді?

— Тоқаев "үміт сыйлаған президент" бола алды ма?

— 2019 жылы берген саяси реформаларға қатысты уәделерін қоғам күткендей орындамағандықтан "үміт президенті" бола алмады. Бәлкім, бұл Тоқаевтың репутациясына үлкен соққы болды. Бұған ақпандағы Еуропарламенттің Қазақстандағы саяси жағдайға қатысты қабылдаған қарары үлкен нүкте қойды деп ойлаймын. Қаулы елдегі саяси жүйені, жыл басында өткен парламент сайлауын қатты сынаған. Менің ойымша, Еуропарламент қаулысы Тоқаевтың және өзін реформатор ретінде көрсететін Қазақстан билігіне үлкен соққы болды.

— Кейінгі кезде Қазақстанның көпвекторлы саясаты туралы көп айтылып жүр. Ресей мен Батыстың тартысы кезінде "бәрімен дос болу" қиындап барады. Өткенде Қазақстан да Батысқа қарсы санкцияларға қосылу туралы айтылып қалды. Мәскеу мен Брюссель – Вашингтон арасындағы тартыста Нұр-Сұлтан өзін қалай ұстау керек?

— Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері біріккен санкцияны талқылап жатыр деген сөзінен соң Қазақстанда сарапшылар елдің қандай да бір ұжымдық санкцияға қосылуына қарсы шықты. Себебі бұл біздің тартыс емес. Лукашенко мен Путин бұл соғысқа бел шеше кірісіп, одақтағы басқа серіктестеріне ойланбаған геосаяси шешімдерімен мәселе тудырып отыр. Бұл Қазақстанға қатысы жоқ. Қазақстан – тәуелсіз ел, оның көпвекторлылыққа сүйенген сыртқы саясаты мен экономикалық мүдделері бар

Жақында Қазақстан сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, Қазақстан Батысқа қатысты қандай да бір келіссөздерге қатыспайтынын айтты. Себебі бұл Қазақстанға тиімсіз. Еуропа одағы Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Бұл – өте маңызды фактор.

— Нұрсұлтан Назарбаевтың Тоқаевқа, елдің ішкі және сыртқы саясатына қалай әсер етіп отыр?

— Тоқаев Назарбаев тұсында саясаткер болып қалыптасты және Назарбаев оны қолдады. Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Назарбаев Тоқаевпен қатар елдің бүкіл саяси және бизнес-элитасына көп әсер етіп отыр. Сондықтан Қазақстанда саяси және экономикалық өзгеріс Назарбаев кеткен соң ғана болуы мүмкін. Бірақ бұл бөлек тарих болмақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Назарбаевтың Қазақстаны" және "акулалар арасындағы" Тоқаев. Кейт Маллинсонмен сұхбатЕАЭО қайшылығы. Ресейдің "бірге шара қолдану" бастамасына Қазақстан қарсы