Ресейлік "Газпром" батыс сынап келген "Солтүстік ағыс – 2" құрылысының аяқталғанын хабарлады. Қуаттылығы 55 млрд текше метр газды құрайтын құбыр Ресей отынын Украинаны айналып өтіп, Балтық теңізінің табаны арқылы тікелей Германияға жеткізуі тиіс. Көптеген елдер жоба Еуропаның экономикалық қауіпсіздігіне кері әсер етеді деп санайды және оны Мәскеудің Киевке қысым жасау құралы ретінде көреді. Ресей мұны жоққа шығарады.
Құрылыстың аяқталғанын 10 қыркүйекте "Газпромның" басқарма төрағасы Алексей Миллер хабарлады. Компанияның баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, құбыр төсеу жұмыстары 6 қыркүйекте аяқталған. Газ құбырымен отын тасымалдау 1 қазанда басталуы мүмкін, ал тараптарға 1 желтоқсаннан бастап кіріс түсе бастайды деп хабарлады аты-жөнін атамаған дерекөзге сүйенген Bloomberg агенттігі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кремль Навальныйдың улану ісін "Солтүстік ағыс-2" жобасына араластырудың қажеті жоқ дейдіҚазір Еуропаға Ресей газы Украина арқылы тасымалданады. АҚШ, Еуроодақтың бірқатар мүшесі және Украинаның пікірінше, жоба Мәскеудің Киевке қысымын үдетіп, ЕО-ның ресейлік "Газпромға" тәуелділігін арттырады. Осыған дейін АҚШ "Газпромды" адал бәсекелестік ережелерін бұзды деп айыптаған.
Құбыр төсеу жұмыстары 2019 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жобаға қатысты санкциясы соңғы бірнеше шақырымды аяқтауға мүмкіндік бермеген. Байден әкімшілігі енді құрылысты тоқтату мүмкін емес, ал жобаға қарсылық Вашингтон мен Берлин арасындағы жылы қарым-қатынасты бұзады деген.
Еуропа биржасында газ құны шарықтаған кезде құрылыс аяқталып отыр. Жыл басынан бері газдың бағасы төрт есеге қымбаттаған. Ал тамыздың соңында газдың мың текше метрі тарихта алғаш рет 600 долларға барып жығылды. 9 қыркүйекте 700 долларға жетті. Маусым айында ғана қыркүйекке арналған фьючерстік келісім-шарттарда газ құны шамамен 316 доллар деп көрсетілген еді.
Газдың қымбаттауының себебін мамандар "Солтүстік ағыс – 2" жобасы аяқталар тұста "Газпромның" Украина арқылы қосымша газ жіберу ниетінің жоқтығымен байланыстырды.
Еуроодақтың антимонополия заңнамасына сәйкес, "Газпром" құбыр қуаттылығының тек жартысын ғана пайдалана алады. Ал қалған жартысын балама тасымалдаушылар қамтамасыз етуі тиіс. Ресейлік "Роснефть" балама тасымалдаушы компания болуға үміттеніп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Навальный, Кремль, АҚШ, Германия. "Газпром" құбыры Ресейді санкциялау тетігіне айнала ала ма?АҚШ: Ресейдің "Солтүстік ағыс-2" жобасын аяқтауға мүмкіндігі жоқАҚШ Германияны "Солтүстік ағыс-2" жобасынан бас тартуға шақырды