"Айласын асырған" Тоқаев, Назарбаевтармен "мәміле" һәм аймақта ықпалын күшейткен Путин

Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрсұлтан Назарбаев және Владимир Путин. Коллаж.

Қазақстандағы оқиғалар Орталық Азиядағы басқа елдерге қалай әсер етеді? ҰҚШҰ әскерін жіберіп, Қазақстан президенті Тоқаевқа көмек көрсеткен Ресей басшысы Путин енді мұның өтеуі ретінде не сұрауы мүмкін? Ұлыбританиядан жылжымайтын мүлік сатып алған қазақстандық элита өкілеріне санкция салына ма? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.

«ТОҚАЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВТАРДЫҢ МӘМІЛЕСІ»

Британдық The Economist басылымы Қазақстанда бейбіт түрде басталған жаппай наразылық акцияларының күш көрсету мен тәртіпсіздікке ұласу себептері және оның Орталық Азиядағы өзге елдерге ықпалына үңіледі. Автордың пайымдауынша, көшбасшысы болмаған жаппай наразылықты мафиямен байланысты элита өкілдері өз мақсатына пайдаланып кетті, олар осы арқылы өзінің экономикалық мүддесін қорғауды я Тоқаевты биліктен тайдыруды көздеді. Гарвард университетінің ғылыми қызметкері Наргиз Касенованың басылымға берген пікірінде «бұған Назарбаев денсаулығының нашарлауы түрткі болуы мүмкін» дейді.

The Economist «Тоқаев жақтастары өзара Назарбаевтың туыстарын бүлікке арандатты деп айыптаса да», президенттің өзі жария түрде Назарбаевқа да, оның отбасына да тәртіпсіздік үшін кінә артпағанына назар аударады. 14 қаңтар күні ҰҚК-нің бірінші орынбасары Самат Әбіш қызметінен алынғаны ресми түрде теріске шығарылды. Автор «соған қарағанда Тоқаев Назарбаевтармен мәмілеге келуі мүмкін, сәйкесінше қария мен әулетке биліктен кеткені үшін иммунитет берілуі ықтимал» деп болжайды және «қазіргі екіұшты әрі көпшіліктен жабық жағдай бұл оқиғаның жыры әлі аяқталмағанын көрсетеді» дейді.

Қарай отырыңыз: Назарбаев әулеті жайлы ресми хабарламалар ғана бар. Өздері жұрт алдына шықпады (14 қаңтар 2022 жыл).

Your browser doesn’t support HTML5

Назарбаев әулеті жайлы ресми хабарламалар ғана бар. Өздері жұрт алдына шықпады

Басылым Қазақстандағы оқиғалар Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерді үрейлендіргенін жазады. Автордың айтуынша, аймақ елдері Қазақстанды жіті бақылап отыр. Өзбекстандағы модернизаторлар Қазақстандағы оқиғаларды саралай отырып, өзгеріске талпыныс билікті әлсіретеді деген қорытындыға келе ме деп алаңдайды. Себебі Тоқаев өз режимінің өлшемімен алғанда әжептәуір "өзгеріс жасады": бірнеше саяси тұтқынды босатып, өлім жазасын жойды, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізді. Кейбіреулер бұл билікті әлсіретіп, нәтижесі жаппай тәртіпсіздікке әкелді деп есептейді.

Аймақ елдерінің Қазақстанды мұқият бақылауының тағы бір себебі − Ресейдің Қазақстанға оралуы. Бірақ автордың талдауынша, шын мәнінде Ресей ешқайда кетпеген де еді, өйткені Мәскеу Байқоңыр ғарыш айлағын басқарады, Ресей Еуразия экономика одағы арқылы Қазақстанның кеден саясатын бақылайды, ал солтүстіктегі орыс ұлтының көптігі Путинге ел ісіне араласуға тапсырмас сылтау.

Автордың жазуынша, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін Қазақстанға жіберу Путинге тіпті көп мүмкіндікке жол ашты. Осыдан бес жыл бұрын Орталық Азия елдері тұңғыш рет Ресейдің қатысуынсыз Орталық Азия елдерінің саммитін өткізген еді. Тәжікстан мен Қырғызстанның Ресеймен бірге әскер жіберуі бұл елдер де өз режимдеріне іштен қауіп төнсе, Путиннен көмек сұрайтынын көрсетеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы наразылық – көрші автократияларға белгі

«ТОҚАЕВТЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ» ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЭЛИТАҒА СИГНАЛЫ

Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова The Washington Post басылымында шыққан талдауында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы әскерін Қазақстанға жібергеннен ел Мәскеудің қол астына оралмайды деп есептейді.

Автор Ресей бұл күшті жіберу арқылы саяси элита мен күштік құрылымдарға кімге жақ болуды анық аңғартты, бірақ бұл көмектің өтеуі қандай боларын әзірге білмейміз дейді.

«Көп ұзамай бұл Қазақстанның Ресейге қатысты мәселелерде, оның ішінде Ресей-Украина қақтығысындағы ұстанымына қалай әсер ететінін байқайтын боламыз» деп жазады Касенова.

Автордың пайымдауынша, 30 жыл бойы қазақ мемлекеттігін құруға жұмсалған күш-жігер жойылудың аз-ақ алдында тұр деу қате. Қазақтардың үлесі халықтың 70 пайызынан асты, орыстілділердің саны азайып жатыр, ал қазақ тілі мемлекет пен мәдениеттің тілі ретінде қоғамда ойып орын алды.

Автор халықтың ұлттық сана-сезімі өскен, ҰҚШҰ әскерін кіргізуге жұрттың қарсылығы осының дәлелі деп есептейді.

«Кейінгі 30 жылда АҚШ саясаты Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтып, Ресейдің неоимпериялық тенденцияларын тежеуге бағытталды. Ресей мен Қазақстанның әрекетінен патрон-клиент қарым-қатынасының кейбір аспектілері бар. Алайда бұл Қазақстан мен халқы үшін барған сайын қолайсыз болып барады» деп жазады ол.

Ал Қазақстандағы оқиғаларды World Politics Review басылымында талдаған Вашингтондағы Карнеги халықаралық бейбітшілік қоры Еуразия мен Ресей бағдарламасының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша сарапшы Пол Стронски Тоқаев ҰҚШҰ әскерін күштік құрылымдарға сенбегендіктен және режимдегі қарсыластарынан айласын асыру үшін шақырды деп жазады.

«Егер бұл расында да солай болса, онда бұл Тоқаевтың әлдеқайда епті және тапқыр саясаткер екенін көрсетеді» дейді ол.

Стронскидің жазуынша, Ресейдің Тоқаев өтінішін жерге тастамауы Мәскеудің Қазақстандағы тұрақсыздықтың алдын алуға мүдделі екенін көрсетеді. Мәскеу сонымен бірге бұл тәртіпсіздіктерді өзінің ықпалын арттыру мүмкіндігі ретінде қарастырады.

Автор Назарбаев сыртқы саясатта көпвекторлықты ұстанып, Ресей мен Еуразия одағындағы өзге елдермен тығыз саяси интеграцияға қарсы тұрғанын келтіреді.

Зерттеушінің пайымдауынша, Тоқаевқа көмекке келген Путиннің Қазақстанға ықпалын арттыруға тырысуы егемендіктен айырылудан қорқатын және ұлтшылдық сезімі барған сайын күшейіп жатқан қазақ қоғамының алаңдаушылығын туғызады.

«Элита топтарының қақтығысынан болған Алматы көшелеріндегі тәртіпсіздікті басу үшін биліктің аяусыз күш қолдануы тәрізді Мәскеуге бет бұру да Тоқаевтың легитимділігіне нұқсан келтіруі мүмкін» деп тұжырымдайды автор.

БРИТАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ ҚАЗАҚ ЭЛИТАСЫНЫҢ БАЙЛЫҒЫН ТЕКСЕРУГЕ ШАҚЫРДЫ

Ұлыбританияның санкция жөніндегі жаңа заңы авторларының бірі, кезінде Магнитский заңын қабылдауға бастамашы болған Бил Браудер британ үкіметін қазақ элитасының байлығын тексеруге шақырды. Оған себеп – қаңтар оқиғаларында адамдардың қаза болуы. Бұл туралы британдық The Guardian басылымы жазды.

Браудер 2017 жылы Қылмысқа қарсы күрес агенттігіне (NCA) шығу тегі белгісіз байлықты анықтап, іс ашуға мүмкіндік беретін заңды қабылдауға және адам құқықтарын өрескел бұзғандарды 2018 жылы қабылданған санкция туралы заңмен жазалауға бастамашы болғандардың бірі.

Британ парламентінде қашықтан ұйымдастырылған жиында сөйлеген Браудер Ұлыбританияда дүние-мүлік сатып алған қазақ элитасын адам құқықтарын бұзғаны үшін жемқорлыққа қарсы күрес заңымен тексеруге шақырды. Ол Қылмысқа қарсы күрес агенттігін сынап, диктаторлар мен клептократтардың және олардың отбасы мүшелерінің заңсыз жолмен табылған байлығын бұғаттау үшін жеткілікті түрде әрекет етпеді деп айыптады.

Лейбористер партиясының депутаты Ходж британ үкіметі қазақ элитасына қарсы санкция қабылдай алмауының себебін Қылмысқа қарсы күрес агенттігінің 2020 жылы Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен жиен немересі Нұрәлі Әлиевтің активтерін бұғаттамағанымен байланыстырды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дариға Назарбаева мен ұлының "төбесі көкке жетті". Олар Лондондағы мүліктерін сақтап қалды

Ұлыбритания басылымдары мен зерттеу институттары соңғы кездері Қазақстан элитасының Лондондағы жылжымайтын мүліктері туралы көп жазған. Мысалы, Chatham house сараптама орталығы Қазақстанның билеуші элитасы 1998-2002 жылдар аралығында Ұлыбританияда құны 530 миллион фунт стерлингке тең 35 жылжымайтын мүлік сатып алғаны жайлы зерттеу жариялаған.

Жақында The Telegraph басылымы экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева Қазақстаннан 300 миллион доллар шығарып, 2006 жылы Лондонның Хайгейт ауданынан 8,75 миллион фунт стерлингке зәулім үй, Дубайдан – 14 миллион долларға баспана, 18 миллион фунт стерлингке Bomnardier Challenger ұшағын және Швейцариядағы CBH Bank-тің 51 пайыз үлесін 108 миллион долларға сатып алғанын жазған.

НАЗАРБАЕВ ТҰСЫНДА БАЙЫҒАНДАР МЕН «ЕЛ БАЙЛЫҒЫН ҚАЙТА БӨЛІСКЕ САЛУ»

«Назарбаев елде ойын еркін айтқандарды аяусыз тұншықтыратын постсоветтік режимнің символына айналса, билеуші топ миллиардтарды шетелге аударып, сырт көзге легитимділікті көрсету үшін әлемдегі ең мықты заңгерлер мен лоббистерді жалдады». Британдық The Financial Times басылымында Назарбаев тұсында айналасы мен туыстарының байлыққа кенелгенін талдаған журналист Том Берджес осылай деп жазады.

Мақала 1995 жылы қазақ билігінің басын дауға қалдырған "Қазақгейтті" еске салудан басталады. Қазақстан мен елден мұнай кен орнын сатып алу туралы келіссөз жүргізген американдық Mobil компаниясының арасында ара ағайындық жасап делдал болған американдық бизнесмен Джеймс Гиффен швейцариялық банк есепшотына ондаған миллион доллар аудара бастайды.

«Дәл осы тұста қазақ билеушілері ұзақ жыл бойы билігін сақтап қалып, сайлауларды бұрмалап, саяси қудалау жүргізуге мүмкіндік беретін ақша табуға болатынын түсінген деп жазды автор.

Мақаладағы дерекке сай, кейін 2004 жылы АҚШ прокуратурасы Гиффеннің үстінен іс қозғағанда, Швейцария банкіндегі есепшоттың түпкі иесі Назарбаев болғаны анықталады. Іс созбалаққа салынып, Гиффен салық заңын бұзғанын мойындап, аздаған айыппұл төлеп құтылып кетеді. Назарбаевтың да жолы болады.

«Назарбаевты билік басында ықтимал қарсыластарды қалайша күшейтпей, Қазақстанның үлкен табиғи байлығын бөлуге болатыны алаңдатты. Мұның шешімі билік басына барудан үміті жоқ адамдардың табысқа кенелуіне шыдап бағу болатын» дейді Том Берджес.

Мақалада Назарбаев осы себепті «еуразиялық үштік» аталып кеткен олигархтардың байлыққа кенелуіне мүмкіндік берді делінеді.

KMPG есептеуінше, елдегі 162 адам немесе халықтың небәрі 0,001 пайызы Қазақстан байлығының 55 пайызына иелік етеді. Автордың жазуынша, олардың көпшілігінің президентпен туыстық немесе іскерлік байланысы бар.

Chatham House талдау орталығының таяуда шыққан зерттеуіне сүйенген автор Назарбаевтың достарының бірі мыс өнеркәсібіндегі 135 миллион фунт стерлингке тең үлесті су тегінге алғанын келтіреді. Автор Назарбаев билік басында отырғанда оның туыстары да қатты байығанына тоқталады. Оның ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың әрқайсысының дәулеті 3 миллиард долларға тең.

Басылым аймақтағы бұрынғы барлау қызметкерінің сөзіне сүйеніп, енді билікте қалған аздаған адамның арасында байлықты қайта бөліске салу басталуы мүмкін екенін жазады.

«Алайда байлықтың бенефициарлары өзгергенімен, Назарбаев 30 жыл бойы құрған жүйенің өзгеруі екіталай» деп қорытындылайды басылым.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билікке талас" па, басқа ма? Қазақстандағы оқиғалардың артында не тұр?