Танымал марафоншы әрі белсенді Марат Жыланбаев Нұр-Сұлтан қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесінің үстінен 13 шілдеде шағым түсірді.
Оның сөзінше, жексенбі, 10 шілдеде түстен кейін Есілдің оң жағалауындағы "Серуен" көпірінде жүрген белсенділер - "Алға, Қазақстан" партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшелері Марат Жыланбаев, Амангелді Жахин, Венера Жанбаева, Нұргүл Жүсіпованы полиция өкілдері бөлімшеге әкетіп, әрқайсысына 50 айлық көрсеткіштен айыппұл салған. Өздері құрғысы келетін саяси ұйым жайлы ақпарат таратып жүрген белсенділерді ұстаған полиция оларға "Қазақстан заңында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе оған тыйым салынған қоғамдық бірлестіктің қызметіне қатысты" (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының 10-тармағы) деген айып таққан. Жыланбаев онымен келіспейді.
– Полиция хаттамасына қол қоюдан бас тарттым. Өйткені біз заңды бұзған жоқпыз. "Алға, Қазақстан" партиясы тыйым салынған ұйым емес. Бұл - тіркелуге талпынып, қатарына адам тартуға әрекет жасап жүрген ұйым. Әділет министрлігі былтыр партиямыздың құжатын дұрыс тексерместен қайтара салды, – деді Марат Жыланбаев Азаттыққа.
Марафоншы полиция жексенбі күні өзімен бірге тағы төрт белсенді – Айдар Сыздықов, Алмас Матаев, Мереке Нұғманов пен Аружан Аязбекованы да әкетіп, кейін босатқанын айтты.
Бұған дейін әділет министрлігі оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин бастаған азаматтардан "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу құжаттарын қабылдаудан бас тартып, бастамашыл топтың тізімі заңға сай емес екенін, тізімде қайтыс болған адамдардың аты-жөні жүргенін алға тартқан.
Әділет министрлігі өкілімен кездескен "Алға, Қазақстан" партиясын құруға ынталы топ қанша адамның дерегі заңға сәйкес емесін және олар кімдер екенін сұрап, нақты ақпарат беруді талап еткен. Бірақ министрлік өкілі жауап беруден бас тартып, тұтас тізімнің талапқа сай еместігін айтқан. Бұған наразы болған "Алға, Қазақстан" өкілдері әлеуметтік желіде "Мен тірімін" деген видео жариялап, челлендж жасаған.
Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі саяси партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер санын азаятынын жариялаған соң бірнеше ұйым саяси партия ретінде тіркелуге талпынған. Бірақ билік олардың кейбірінің құжатын "дұрыс толтырылмаған" деген ескертумен кейін қайтарған.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанова бұл жөнінде пікір білдіріп, "құжатты қайта түзеп әкелуге болатынын" айтқан болатын.
Кейінгі жылдары Қазақстан билігі "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікпен ондаған адамға іс қозғап, жауапқа тартып, кейбірін бостандығынан айырған. Негізінен оларды елде сот шешімімен тыйым салынған, ресми тіркелмеген екі ұйымға байланысты қудалады дейді құқық қорғаушылар. Оның бірі "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын билік 2018 жылы, екіншісі – "Көше партиясы" қозғалысын 2020 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент бұл екі ұйымды да "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.
Бұлардан өзге, "терористік құрылым" ретінде 22 шетелдік – негізінен діни ұйымдар жұмысына Қазақстанда тыйым салынған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Марафоншы Марат Жыланбаев өзінің қамалғанын хабарладыАстанада бірнеше белсенді Дулат Ағаділді еске алып, марафон өткізді. Шараны полиция бақылады Нұр-Сұлтанда марафоншыны полиция ұстап, белсенділерді үйінен шығармаған "Ар-Бедел" қоры сотта Назарбаевтың абыройын қорғай алмадыСот Назарбаев туралы постты алып тастау туралы істі қысқартты