20 тамызда Нұр-Сұлтанда Пушкин және Құдайберді көшелерінің қилысындағы алаңда сот шешіміне наразылардың рұқсат етілген митингісі өтті. Жиналғандар сот жүйесін реформалауды талап етті.
Митингті ұйымдастырушылардың бірі Нұр-Сұлтан тұрғыны Әлия Айтбаевның айтуынша, олар бұл митингті өткізуге тоғыз рет арыз жазып жүріп, әрең рұқсат алған.
Митингіге 70-ке жуық адам жиналды. Олар қолдарына “Сот түзелмей ел түзелмейді”, “Сот Жаңа Қазақстаннан қалып кетпе!”, “Екі бірдей сот ісі - екі түрлі шешім” деген жазуы бар плакаттар ұстап тұрды.
– Біз қанша жерден "Жаңа Қазақстан" десек те ештеңе өзгерген жоқ. Президентке жалған ақпараттар жетеді. Конституция біздің құқымызды неге қорғамайды? Сот процесі неге онлайн режимде өтеді, адамдарға неге құқықтарын қорғауға мүмкіндік жоқ? - деді Әлия Айтбаева митингіде.
Оның сөзін жиналғандар қолдап, Жоғарғы соттың азаматтар талаптарына назар ауармағанына наразылық білдірді.
– Тіпі Жоғарғы соттың қабылдауының өзі онлайн режимде өтіп жатыр. Адамдар сот шешімін қайта қарап сұрап жүргеніне алты айдан асты. Сот жүйесін түбегейлі өзгерту керек, - деді митингіге келгендердің бірі.
Сот шешімін қайта қарауды сұрап жүрген азаматтардың басындағы оқиға әртүрлі. Бірі үйінен заңсыз айырылғанын айтса, екіншісі бизнестегі рейдерлікке шағымданады, тағы бірі ипотекаға алған баспанасын даулайды.
Митинг ұйымдастырушылар көрсеткен уақытта басталып аяқталды, яғни 11-ден 13-ке дейін созылды. Митингіден соң ұйымдастырушылар қарар қабылдап, сот жүйесін реформалау жайлы талаптарды Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламентке жолдайтынын жеткізді.
Бұл Қазақстандағы сот шешіміне наразылардың алғашқы жиыны емес. Олар биыл көктемде Жоғарғы сот маңында бірнеше күн түнеп, Жоғары сот төрағасының қабылдауын талап еткен. Бірақ талаптары орындалмады. Оларды төраға қабылдамады. Бұған ашынған бірнеше адам сот ғимараты алдында өзін өртемек болып, кейін әкімшілік жазаға тартылған. Бірақ бұл олардың наразылығын тоқтатпады. Олар әлеуметтік желі арқылы тұрақты түрде өз талаптарын айтып келеді.
Сот шешіміне наразылар былтыр да бірнеше рет наразылық өткізген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Нұр-Сұлтанда Жоғарғы сот төрағасының қабылдауын күткен сот шешіміне наразылар далада түнеп жатыр Астанада арнайы жасақ Жоғарғы сотқа барған бір топ адамды ұстап әкеткен, бір белсендінің қайда екені белгісізСот шешіміне наразылар Жоғарғы сот ғимаратына қонды"Төрт айдан бері Жоғарғы сотты жағалап жүрмін". Сот шешіміне наразылар тағы жиналды"Тоқаев, көмектес!". Нұр-Сұлтанда сот шешіміне наразылар флешмобы үшінші күнге ұласты