Назарбаевтан кейін ештеңе өзгермегенін көрсететін сайлау ма? Ресей қазақтарды қорлағандарды неліктен қорғайды?

Дауыс беру кабинасынан шығып бара жатқан сайлаушы.

Батыс басылымдары бұл аптада "парламент мәжілісі сайлауына көп жылдан бері алғаш рет биліктің қарсыластары қатысып жатса да, бұл Назарбаев кезінен бері саяси сахнада ештеңе өзгермегенін көрсететін сайлау болатынын" жазды. Сонымен қатар Ресей президенті Путин ресейліктердің қазақтарға өшпенділігін тудыратын дүниелерге неліктен қаржылай көмек бергенін талдады. Одан бөлек, Қазақстан мен Түркіменстан билігі интернетті қандай жағдайда және қалай өшіреді деген сұраққа жауап іздеді.

"ҚАЗАҚТАРДЫ ҚОРЛАЙТЫНДАРДЫ ҚОРҒАЙТЫН РЕСЕЙ"

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Ресей президенті Путин ресейліктердің қазақтарға өшпенділігін тудыратын дүниелерге қаржылай көмек бергенін жазды.

28 ақпан күні Астанада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен бірге баспасөз мәслихатын өткізген сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге "Украинада болып жатқан соғысқа байланысты экономика ғана емес, қауіпсіздік жағынан да қандай да бір қауіп-қатерді сезінесіз бе?" деген сұрақ қойылған. Тілеуберді оған: "Қазақстан өз аумағы арқылы санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік бермейді, бірақ бұл біз бүгінде Ресейден қандай да бір қауіп-қатер көріп тұрмыз дегенді білдірмейді... Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастырады... деген.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді C5+1 саммитінен кейін баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұр. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.

Тәжуітов Ресей ақпарат құралдары Тілеубердінің осы жауабының бір бөлігін ғана жұлып алып, "Біз [Қазақстанда] Ресейден ешқандай қауіп-қатер көріп тұрғанымыз жоқ" деп сәл өзгертіп бергеніне назар аударады. Бұл жайлы жазылған комментарий де көп, олардың ауаны шамамен бірдей: "Тілеуберді Блинкеннің бетін қайтарды – Ресей біздің серіктес", "Қазақстан Ресейден қауіп көріп тұрған жоқ". Ресей басылымдары Тілеубердінің бұл сөзін Блинкеннің "АҚШ Орталық Азия елдерінің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайды" деген сөзіне жауап деп қарастырған жөн дескен.

Автор Вашингтон мен Пекиннің лауазымды тұлғалары Астанаға келгенде аумақтық тұтастықты қолдау туралы мәлімдеме жасауды қажет деп санайтыны бекер емес, егер елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төнбесе, олар бұл мәселені қозғамас еді деп есептейді. Қазақстан постсоветтік елдердің ішінен Мәскеуге мүлде қарсы шықпайтын ел болса да, Ресей лауазымды тұлғалары Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылды тыяр емес. Мәскеу өз саясаткерлері мен БАҚ аузымен Қазақстанды ықпалынан шығарып алғысы келмейтінін білдіретіндей. Кейде бұл сөздер "арнаулы әскери операция жүргіземіз" дегендей қоқан-лоқыға ұласады.

Тәжуітов жақында Мәскеу мемлекеттік педагогика университетінің лингвисі Александр Грищенко "Ежелгі фтирофагтар және орыстың "колбиттер" деген экпрессив этностық атауы" атты ғылыми жұмыс жариялағанына назар аударады. Бұл жұмыс Ресей президентінің жас ғалымдарды қолдауға арналған гранты есебінен жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Арнайы операция басталса, кімді қолдайсыз?" Мәскеу Батыс Қазақстанды тұрақсыздандыруды көздей ме?

Саяси сарапшы бұл жұмыс постсоветтік кеңістіктегі, оның ішінде Ресей мен Қазақстандағы этникалық орыстар мен өзге еуропатектес (кавказдық) ұлттарға қазақтарға қарата айтылатын "колбит" тәрізді қорлайтын және кемсітетін сөздерді ұмыттырмау мақсатын көздегендей дейді. Дегенмен мұндай сөздер де, қазақтарды қорлау мен кемсіту әрекеті де ұмтылған жоқ. Автордың жазуынша, қазақтарды ұлт, нәсілге қарай кемсітіп, қорлайтындарға Ресей билігі қамқорлық көрсетіп, қорғайды.

Мысалы, "Уральская неделя" басылымы былтыр көктемде Батыс Қазақстан облысының тумасы Максим Яковченко әлеуметтік желіде "Орал, Петропавл мен Павлодарды Ресейге беру керек" деп жазғанын, кейін қазақтарды "маймылдар" деп атағанын хабарлады. Былтыр күзде оған "ұлттық алауыздықты қоздыру" және "сепаратизм" баптары бойынша айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланды. Яковченко Ресейге көшіп кетіп, 1 желтоқсан күні Дондағы Ростов қаласында ұсталды. Ақпарат құралдары ол Ресейден босқын мәртебесін алғандықтан, оны Қазақстанға экстрадициялау мүмкін емес екенін жазды. Тәжуітов "қазақтарды қорлаған Яковченкоға босқын мәртебесін беру мен Грищенконың жоғарыдағы жұмысы бір буынның тізбегі емес пе деген сұрақ туындайды" деп қайырады.

"НАЗАРБАЕВТАН КЕЙІН ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕГЕНІН КӨРСЕТЕТІН САЙЛАУ"

Eurasianet басылымы парламент мәжілісі сайлауына көп жылдан бері алғаш рет биліктің қарсыластары қатысып жатқанын жазды.

Бұрын парламенттің төменгі палатасына "билік партиясының немесе қалталы партиялардың үміткерлері ғана бара алатын". Маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум нәтижесінде мәжіліс депутаттары пропорцинал және мажоритар жүйе бойынша сайланатын болды. Осы сайлауда 98 депутаттың 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзі ұсыну арқылы сайланбақ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Осы сұрақты Назарбаев пен Тоқаевқа қоярсыздар". Тәуелсіз кандидаттардың сайлауалды науқаны қалай өтіп жатыр?

Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 29 бірмандатты округ бойынша 435 кандидат тіркелген. Бәсеке әсіресе Астана мен Алматыда күшті. Кандидаттар арасында кәсіпкерлер, журналистер, мұғалімдер мен жұмыссыздар, билікті сынайтын кандидаттар, мәселен, Кенесары хан қорының президенті Уәлихан Қайсаров, тіркелмеген "Демократиялық партияның" мүшесі Инга Иманбай мен басқалар бар.

Алайда оппозициялық кандидаттарға қойылатын тосқауылдар өткенді еске салады. Алматыдағы белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Қосай Маханбаев және журналист Сұлтан-Хан Аққұлұлын бастапқыда аумақтық сайлау округі кандидат ретінде тіркемей қойған. Кейін үшеуі де сайлау комиссиясы шығарған шешімнің күшін сот арқылы жойып, кандидат куәлігін қайтарып алған.

Дегенмен оппозициялық көзқарастағы кандидаттар парламентке өте алады дегенге сенетіндер аз.

– Билік қазақстандықтар мен халықаралық қауымдастық үшін "реформа" деген көзбояу ғана жасап отыр, бірақ іс жүзінде Назарбаев дәуіріндегі саяси процестер жүріп жатыр, − дейді Инга Иманбай.

Құқық қорғаушы Сергей Дуванов билік заң шығарушы органға өз адамдарын сүйрелеп, қарсыластарды шеттету жоспарын ойластырып жатыр деп есептейді. Оның ойынша, бірмандатты округтерде дауыс көп кандидатқа бөлініп кетеді әрі билік оппозициялық кандидат жеңіске жетпеуі үшін әкімшілік ресурсты қолданады.

– Бүгінгі эйфорияға қарамастан, сайлау нәтижесі Назарбаев кезінен бері саяси сахнада ештеңе өзгермегенін көрсетпек, − дейді Дуванов.

ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКІМЕНСТАН ИНТЕРНЕТТІ НЕ ҮШІН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ӨШІРЕДІ?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан мен Түркіменстан интернетті қандай жағдайда және қалай өшіреді деген сұраққа жауап іздеген.

Мақала авторлары Түркіменстанның тәуелсіз зерттеушісі Рустам Мухамедов пен Қазақстанда цифрлық құқықты зерттеуші Дана Бұралқиева Түркіменстан мен Қазақстандағы интернеттің дамуы мен оны бизнесте қолдану тәжірибесі бір-бірінен мүлде бөлек болғанымен, екі елдің де элитасы оны шектеу, тіпті түбегейлі өшіру әдістерін қолданатынын жазады.

Зерттеушілер Қазақстан мен Түркіменстанның интернетті бақылау тәжірибесіндегі басты айырма екі елдегі телекоммуникация саласының даму ерекшелігіне және биліктің саясат пен экономикадағы интернеттің маңызын қалай айқындағанына байланысты дейді. Мәселен, Қазақстан үкіметі шетелден инвестиция тарту үшін халықаралық аренада имиджін жақсартуға тырысты, осылайша үкімет цифрландыру мен адам құқықтары саласын жақсартатын өзгерістер жасады. 2017 жылы "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы қабылданды.

Десе де, цифрландырудағы оң өзгерістерге қарамастан, билік наразылық болған өңірлерді интернет пен телефон байланысынан ажыратуды жалғастыра берді, сондай-ақ тәуелсіз ақпарат құралдары бұғатталды. 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы, 2014 жылы девальвацияға қарсы митингілер мен 2020 жылы Қордайда болған қақтығыстар кезінде осы әдістер қолданылды.

Карикатура: Интернетті бұғаттау. Авторы: Ғалым Смағұл.

Қазақстаннан айырмасы, Түркіменстан билігі офлайн және онлайн шаралар арқылы интернетке қатаң және орталықтандырылған бақылау орнатты. Түркімен билігі ел ішіндегі интернетті оқшаулап, ақпарат ағынын орталықтандырылған хаб арқылы бақылау үшін жалғыз интернет-провайдер – мемлекеттік "Транстелеком" компаниясын пайдаланды. Түркіменстанда интернет жылдамдығы осы себепті баяу және оған қосылу қымбат. Кейінгі жылдары жағдай жақсарғанымен, бұл елде интернетті пайдалану деңгейі әлі де төмен: халықтың 38 пайызында ғана интернет бар. Сондай-ақ үкіметті сынайтын ресурстар бұғатталады.

Зерттеушілер екі елдің онлайн кеңістіктегі жолы әрқилы болғанымен, Қазақстанда 2019 жылы үкімет саясатына қарсы наразылық күшейді, сөйтіп, бұл Түркіменстан мен Қазақстандағы ішкі онлайн экожүйені бақылау мен қалыптастыру әдістерін жақындата түсті деп есептейді.

2019 жылы астанаға Назарбаев есімі берілген соң, Алматы мен астанада ірі наразылық шаралары өтті. Наразылар арасында хат-хабар алмасуды шектеу үшін және ақпарат жан-жаққа таралып кетпеуі үшін байланыс өшірілді. Ал 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде билік ел тарихында тұңғыш рет интернетті түгел өшірді, шамамен 410 миллион доллар көлемінде шығын келді.

Қазақстандағы толқуға көз тіккен түркімен билігі интернеттегі қысымды күшейте түсті. Бір жыл ішінде интернетті өшіріп, байланысты шектеу қалыпты нәрсеге айналды. 2022 жылғы наурызда президенттің аймақтарды аралауы мен Бердімұхамедовтің ұлы Сердар жеңіске жеткен кезектен тыс президент сайлауында байланыс жиі өшіріліп тұрды, ал сәуірде интернет толығымен өшірілді. 2022 жылғы қазанда Түркіменстанда 1 миллионнан астам IP-мекенжай бұғатталды.

Осылайша Қазақстан мен Түркіменстанның элиталары өз билігін күшейту үшін қатаң шектеулер қолдануға дайын, ал олардың билігіне қауіп төнген жағдайда интернетті түгел өшіруге дейін барады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Путин агрессиясына кез келген ел тап болуы мүмкін". АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға қандай мақсатпен келді?"Назарбаевқа бағытталған кезекті соққы" және Мәскеудің Батыс компанияларын "қаралау науқаны"Мәскеу Астананы "орыс тіліне қолайлы жағдай жасауға" итермелеп жатыр ма? Қаңтар туралы фильмнің артында кім тұр? Ресей Қазақстанның федерация болғанын қалай ма? Мәскеу "газ одағын" не үшін ұсынды?Мәскеудің "қазақ ұлтшылдығымен" күресінің астарында не жатыр? Тоқаев Назарбаевтың жолын жалғастырып жатыр ма?