ВВС-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" журналистері Ресей Украинадағы соғыста қазірге дейін 29217 адамынан айырылғанын анықтаған. Журналистердің зерттеуінде Кубань бірінші орында – 1093 адам. Одан кейінгі орында Свердлов облысы (1056), Башқұртстан (922), Челябинск облысы (902), Буратия (871), Ростов облысы (740) және Волгорад облысы (730) тұр.
Соғыс басталғанда облыс губернаторлары "соғыста ерлікпен қаза тапқан" жерлестері туралы көңіл айтуды жиілеткен еді. Кейін соғыста адам көп өле бастаған соң губернаторлар көңіл айтуды доғарып, Украинадағы майданда қаза тапқандар жайлы ақпараттар желіде ғана шыға бастады.
Ал ресми Мәскеу соғыстағы адам шығынын жасырып келеді. Соңғы рет Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу былтыр қыркүйекте 5937 адам қаза болғанын айтқан, содан бері Кремль үнсіз. Ал биыл мамырда "Вагнер" жеке әскери жасағын құрушы Евгений Пригожин бірнеше айдың ішінде Бахмут үшін шайқаста ресейлік 10 мың адам қаза тапты деген.
ЕСІМІН АТАУҒА БОЛМАЙТЫН "БАТЫРЛАР"
Әскери ардагер Виталия Вотановский 2022 жылы маусымда Краснодар аймағы мен Адыгейдегі зираттарды аралап, соғыста қаза тапқан "Вагнер" жалдамалылары мен келісімшарт бойынша әскерге алынғандардың моласын іздеген. Ол Краснодар аймағы Горячий Ключ маңындағы зиратта "Вагнердің" 850 мүшесінің зиратын тапқан. Вотановский қылмыстық қудалаудан қауіптеніп, Ресейден кетіп қалса да, қазір зираттардың суретін желіде жариялап жүр.
Вотановский – оңтүстік аймақтар мен Кавказда соғыста өлгендер жайлы ақпаратты тұрақты жинап жүрген жалғыз адам. Сондықтан болар, Краснодар аймағы лидерлер қатарында, ал басқа аймақтарда ешкім мұндай мониторинг жүргізбейді.
Вотановский Кавказ.Реалии сайтына берген сұхбатында "билік жаппай наразылықтан қорқып, Мәскеу мен Санкт-Петербургтен адамдарды соғысқа ала бермейді, сондықтан Ресейдегі халық саны бойынша үшінші орындағы Кубань соғыста қаза тапқандар саны жағынан бірінші орынға шықты" деп санайды.
"Басқа аймақтардағы деректер нақты деу қиын, себебі желіде қаза тапқандардың кейбіріне көңіл айту жарияланбайды. Мәселен, өткенде 47 зираттың суретін жарияладым, солардың ішінде тек 27 адамға интернетте көңіл айту жазылған. Қазір ресми шараларда да соғыста қаза тапқандарды жасырады" дейді ол.
Вотановский Кубаньмен салыстырғанда Ростов облысында қаза тапқандар бір жарым есе аз деген дерекке күдікпен қарайды. Оның айтуынша, Украинамен шекаралас жатқан Ростов облысында бірнеше әскери бөлім мен штаб бар, кейде жергілікті офицерлер майданға аттануға мәжбүр болады.
Ал Волгоградтағы соғысқа қарсы "Дозор" қозғалысының қызметкері Марья Худоярова Ресейдің кедей аймақтарында адам көп қаза тапқанын аңғарған.
"Кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар соғысқа барып, көп ақша тапқысы келеді. Бейбіт күнде мұндай ақша табу олардың ойына келмеген еді. Кредитін жабу үшін қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан адамды білемін. Кейбір адамдар "мында құр қол жатқанша соғысқа барып, отбасыма ақша табайын" дейді. Жергілікті биліктің Мәскеу жаққа адалдығы да әсер етеді. Волгоград облысы – наразылыққа шыға бермейтін аймақ. Бәлкім тұрғындар Украинаға соғысқа шынымен бару керек деп ойлауы да мүмкін" дейді ол.
"РЕСЕЙЛІКТЕРДІҢ КӨБІНІҢ СҮЙЕГІ МАЙДАНДА ҚАЛЫП ҚОЯДЫ"
"Ресейдегі аз ұлттардың 2022 жылғы адам шығыны. Украинадағы соғыс" зерттеуінде Ресейдің ұлттық республикаларында басқа аймақтармен салыстырғанда көп адам соғыста қаза тапқаны айтылады.
"Ресми мәлімет жасырылғанда әлеуметтік желі мен жергілікті басылымдардағы ақпараттар басты дереккөзге айналады. Кейде қаза болғандар жайлы жергілікті белсенділерден я марқұмдардың жақындарынан біліп жатамыз. Кей жағдайда жергілікті билік соғысқа аттанғандардың отбасына сый жасап, сол арқылы да деректер шығады. Сондықтан бізде бар деректер опат болғандардың бір бөлігі ғана, ал шынайы статистика бірнеше есе көп" дейді зерттеу авторларының бірі әрі АҚШ-тағы Нотр-Дам университетінің ғылыми қызметкері Мария Вьюшкова Кавказ.Реалии сайтына.
Вьюшкованың пайымдауынша, Ресей қорғаныс министрлігінің өзі Украинадағы соғыста қаза болғандар жайлы нақты деректі білмейді.
"Бюрократиялық машина адам мүддесіне жұмыс істемейді. Әскери басшылық соғысқа аттанған әр адамның тағдырына бей-жай қарайды, олардың өмірін қадағалауға құлықсыз, қадағалағанның өзінде соңынан мән береді. Әскери қызметкерлер мен украиналықтардың әңгімесінен аңғарғанымыз, ресейліктердің көбінің сүйегі майданда қалып қояды. Украиналықтар мәйіттерді жинап, кейін айырбастайды не жерлейді. Мысалы, Киев түбінде қаза тапқан лейтенант Юрий Дайнзановтың сүйегін Украина беріп, оны жарты жылдан кейін жерледі. Кейде марқұмдардың әйелдері не шешелері Мәскеуге дейін барып жүріп, балаларының сүйегін қиындықпен табады" дейді зерттеуші.
Вьюшкова ресейлік әскербасылардың майданға орыстар көп шоғырланған облыстардан гөрі бурят, шешен, дағыстандықтарды жіберуге бейіл келетінін айтады.
"Медиазона" сайтының есебі бойынша, Кавказдағы республикалар Украинадағы соғыста қаза тапқандар саны жағынан алда тұр. Мәселен, Мәскеумен салыстырғанда Шешенстан мен Дағыстан тұрғындарының Украинадағы соғыста өлу қаупі жеті есе жоғары.
Бұдан бөлек Ресейдің оңтүстігі мен Солтүстік Кавказда соғыс басталғалы зираттарда бос орын азайған. Бұл соғыспен байланысты болуы мүмкін.
2022 жылы сәуірде Ресей қорғаныс министрлігі Украинада қаза тапқандардың дерегін құпия ету туралы шешім шығарған. 6 шілдеде Калининград соты "мемлекеттік құпия бар" деп, Псков облысындағы Shkulev Media Holding порталының соғыста қаза тапқандар туралы тізіміне тыйым салған. Осыдан соң аймақтардағы басылымдар соғыста қаза тапқандар туралы тізімдерін жаппай сайттарынан алып тастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Бірақ соғыс қазір бітпейді". Бахмут түбіндегі майдан – фотограф көзімен"Отан үшін отқа түс – күймейсің". Ресей мектептерінде милитаризм күшеймекСоғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?