Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға мемлекеттік сапармен келген Қытай басшысы Си Цзиньпинмен 3 шілдеде Ақордада келіссөз жүргізді. Тоқаев қазақ-қытай қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр деп айтқан. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев келіссөзде Қытай басшысы Астана мен Пекиннің жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қосқанын, мұны жоғары бағалайтынын мәлімдеген. Қазақстан президенті "екі елдің ынтымақтастығын халықтардың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет" деген Си Цзиньпиннің бастамасын толық қолдайтынын айтқан.
"Қытай – біз үшін тату көрші ғана емес, жақын досымыз әрі уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз. Жылдан-жылға өзара байланыстарымыздың мазмұны байып келеді" деді Тоқаев.
Ақорданың жазуынша, Си Цзиньпин Қазақстан президентін "қымбатты досым" деп атап, Пекин көршілес елдерге ұстанатын сыртқы саясатында Астанаға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды деген.
"Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін" деді Қытай басшысы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан мен Қытай арасында 30 күнге дейін визасыз режим күшіне ендіТоқаевтың айтуынша, екі ел арасындағы байланыстар "тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізіп отыр". Былтыр Пекин мен Астана арасындағы тауар айналымы 41 млрд доллардан асып, рекорд көрсеткішке жеткен. Тоқаевтың сөзінше, қазір 45 ортақ инвестициялық жоба (өнеркәсіп, энергетика, көлік-транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда) жүзеге асырылып жатыр, оның жалпы құны – 14,5 млрд доллар.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Қазақстан Қытайдың бейбіт бастамаларын қолдайды деп айтқан.
Си Цзиньпин "Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді" деп жазды Ақорда.
Кездесу барысында тараптар электронды коммерция, автомобиль мен автобөлшек өндірісі, көлік-транзит және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы, туризм салаларын дамытуды талқылаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пекиннің "қарыз тұзағы". Қытай Қазақстанның табиғи байлығын "көбірек иемдене түсті ме?"Қытай – Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі бойынша жетекші орынға ие. Кейінгі 15 жылда оның көлемі 24 миллиард долларға жетті дейді Ақорда.
Си Цзиньпин Ақордаға келгенде Қазақстан әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары Қытай туымен түстес қызыл, сары жолақ із қалдырып, ұшып өткен.
Қытай президенті Қазақстанға 2 шілдеде келді. Тоқаев пен Си Цзиньпин 3-4 шілдеде Астанада өткелі отырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысады.
Кеше, 2 шілдеде Қазақстан мен Қытай Маңғыстауда электр стациясын салатыны, құрылысқа Қытайдан несие алынатыны белгілі болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан мен Қытай Маңғыстауда электр стациясын салады. Құрылысқа Қытайдан несие алынбақ