Шетелдік компания өкілі дивиденд даулап, сотқа жүгінген акционерді «мәселені саясиландырып отырсың» деп кінәлады

  • Баян СӘРСЕМБИНА

Заңгер Әнуар Әбдірейімов «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясымен сот процесінде талапкер Серікқали Әбдірейімовтың мүддесін қорғайды. Ақтөбе, сәуір, 2009 ж.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бұрынғы қызметкері Серікқали Әбдірейімов биылғы наурызда бөлінген дивиденд мөлшерімен келіспей отыр. Ақтөбе облыстық экономикалық сотта өтіп жатқан процеске Мұғалжар, Темір аудандарының мұнайшылары келіп қатысты.
Биылғы жылдың 29 наурызында компанияның директорлар кеңесінің шешімімен, өткен жылғы мұнай табыстарының азайып кетуіне байланысты, әр акция үшін төленетін дивиденд 100 теңге деп бекітілген. Алдын ала хабарландырмай, осындай шешім жариялау мұнайшылар наразылығын туғызды.

Сотқа шағымданған Серікқали Әбдірейімов мұнай компаниясы басшылығының осы шешімін өзгертіп, қайтадан акционерлер жиналысын өткізіп, барлық мұнайшыларды шақырған жөн деп есептейді.

Алайда, жергілікті мұнайшылар өздері үшін компания есігі жабық екендігін айтады. Олардың сөзінше, басшылық акционерлер алдында есеп бермейді, қаржы есебі жоқ, мұнай табыстарының қайда кетіп жатқаны мүлдем белгісіз.

Сот процесінде Серікқали Әбдірейімовтың мүддесін оның заңгер баласы Әнуар қорғайды. Әнуар Әбдірейімов «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының жылдық қорытындысы жөніндегі бас есебі Қазақстан Республикасының стандарттарына сәйкес келмейтіндігін айтып, мысал ретінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының 45 беттен тұратын есебін алға тартты.

«Компания жұмысын саралаған тәуелсіз аудиторлық есеп атүсті жасалынған. Себебі, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» көп жылдан бері тек бір ғана аудиторлық компанияға тапсырыс беріп келеді. Негізінен компания бірнеше тәуелсіз аудиторларға ұсыныс түсіруі керек» дейді заңгер.

Кімге қанша дивиденд төлеуді директорлар кеңесі шешеді. Былайғы жұрт ішкі мәселелерден хабарсыз. Директорлар кеңесінде отырған шетелдік азаматтар арасындағы жергілікті жалғыз адам – облыстық мәслихат депутаты Жеңіс Сейітмағамбетов – мәслихат сессияларында аталған компанияның мүддесін қорғайтын депутат ретінде танымал.

«Қандай бір мөлшерде акция иеленген азамат компанияның ішкі қызметін бақылауға құқылы. Біз болсақ соңғы күнге дейін компанияның қанша пайда түсіріп, мұнай табысының қайда кетіп жатқандығынан да хабарсызбыз. Акция иеленген бұрынғы мұнайшылардың дауысымен директорлар кеңесі санаспайды. Дұрысы, біздің дауысымыз жетпейді. Өз мәселемізді акционерлердің жалпы жиналысында талқылауға қоя алмаймыз. Бізді кіргізбейді», - дейді Серікқали Әбдірейімов.

Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының заңгері Алена Лайкова сотта талапкер талапқа қарсы өз уәжін айтты.

«Сіздер акция дауын саясиландырып отырсыздар. Жұртты жинап, жергілікті ақпарат құралдарын шақырдыңыздыр. Біздің компания мұнай саласындағы қиыншылықтарға қарамастан, жұмыс орындарын қысқартқан жоқ. Осы жағын көрмей, жағдайды шиеленістіруге тырыстыңыздар. Азаматтарды адастырып соңдарыңыздан ертіп жүрсіз», - деп дауыс көтерді компания өкілі.

Сондай-ақ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» заңгерлеріне акционер Серікқали Әбдірейімовтың компания басқарушыларын «қытайлар жағы» деп айтқан сөзі ұнамай қалды.

«Қытайлар жағы, қытай тарапынан деп неге қайта-қайта айта бересіз?» - деп сауал қойды Алена Лайкова.

Серікқали Әбдірейімов оған: «Мұнда не тұр? Компанияның қожайыны Қытай ұлттық мұнай-газ компаниясы екені өтірік пе?» - деп жауап қайтарды.

Сотқа қатысуға келгендердің бірі Күләш Құдайбергенова компания заңгерінің айтқанына байланысты қарсы пікірін білдірді.

«Біз өзіміз келдік. Ешкім мұнда қолымыздан жетектеп әкелген жоқ. Мен де акционерлердің бірімін. Біздің мұнайшылар көп жағдайда заңды білмейді, сотта өз-өзімізді қорғай алмаймыз. Әкелі-балалы Әбдірейімовтар дивиденд мәселесінде талай былықтарды ашып, өз-өзімізді қалай қорғау керектігін дәлелдеп берді», - дейді ол.

Ақтөбе облыстық мамандандырылған сотының судьясы Баян Жүсіпбекова сот процесінде талапкерлердің акция иелері жөнінде мәліметтерді компаниядан сұрату туралы айтқан өтінішін елеусіз қалдырды.

Жыл сайын төленетін дивидендтен қағылған мұнайшылар дауы қашан аяқталатыны беймәлім. Ақтөбе жерінен 6 миллион тонна көлемінде мұнай өндіріп отырған компания қаржы дағдарысын сылтауратып, акция иелерімен келісім үстеліне отыруға асығар емес.