Экс-депутат Татьяна Квятковская «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішевтің іс-әрекеті елдің қауіпсіздігіне қатер төндірді деп мәлімдеді. Ол «уран мәселесін» Қауіпсіздік кеңесінде қарап, Жәкішевке қатысты тергеу жүргізуді ұсынды.
КВЯТКОВСКАЯ ӘБЛЯЗОВПЕН БІРГЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПҚА ЖӘКІШЕВТІ ТАРТУ КЕРЕК ДЕЙДІ
Нұр-Отан партиясының мүшесі, бұрынғы парламент депутаты Татьяна Квятковская «Қазатомпром» ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев пен БТА Банктың бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовты елдегі уран кеніштерінің басым бөлігін оффшорлық компанияларға өте арзан бағамен сатқан деп кінәлады. Соның кесірінен қазір уран кеніштерінің тек 23 пайызы ғана мемлекетке тиесілі деді ол.
«Әблязов, Жәкішев және олардың командасы елді, біз бен сізді тонады. Солардың кінәсінен қарттарымыз мардымсыз зейнетақы алады. Соның салдарынан, Қазақстанда азаматтар тегін медициналық қызмет, балабақша, білім алу мүмкіндігінен айрылған», – делінген сәрсенбі күні Квятковскаяның таратқан мәлімдемесінде.
Президенттік партия мүшесінің айтуынша, аталмыш мәселе осыған дейін де талқыланса да, оған мемлекеттік органдар тарапынан тиісті баға берілмеген. Ал мемлекетті стратегиялық маңызды шикізат көзінен айырған «Қазатомпром» компаниясының басшылығы болса, тиісті жазасын алудың орнына мемлекет мүддесіне қайшы саясатын жалғастыруда, деп мәлімдеді ол.
«Бүгінгі таңда «Қазатомпромның» «Ақдала», «Южный Инкай», «Орталық Мыңқұдық», «Харасан-1», «Харасан-2», «Солтүстік Харасан» сияқты елдегі ірі-ірі уран кеніштерін оффшорлық компанияларға қайтарымсыз негізде сатқаны, бергені туралы фактілер бар», - деді Т.Квятковская.
Оның дерегі бойынша, Ақдала, Южный Инкай кеніштері құрдас әрі бизнес-әріптестер Әблязов пен Жәкішевтың ортақ кәсіпорны «Бетпақ-Дала» ЖШС-гіне берілген.
- Бір жылдан соң аталмыш кеніштердің 70 пайызын Әблязов АҚШ-тың Urasia Energy оффшорлық компаниясына 350 млн долларға сатып жіберген. Сол кезде «Бетпақ дала» ЖШС-нің директоры болған Рифат Ризоев Әблязовтың жақын бизнес-әріптесі. Ол қазір БТА Банкке қатысты қылмыстық іс бойынша іздеуде жүр. Өз мүддесі үшін мемлекет байлығын шашқан М.Жәкішев пен М.Әблязовтың мұндай заңсыз әрекеттері салмақты қылмыстық тергеулерді талап етеді, - дейді экс-депутат.
Оның пікірінше, бұл мәселе президенттің қатысуымен өтетін мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінде шұғыл түрде талқылануы тиіс. Татьяна Квятковскаяның айтуынша, бұл мәлімдемені елдің Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына және парламент депутаттарына бағыттау керек.
ЖӘКІШЕВ ӨЗІНЕ ҚАРСЫ АЙЫПТАУЛАРДЫ САЯСИ ТАПСЫРЫС ДЕП ПАЙЫМДАЙДЫ
«Қазатомпром» басшысы Мұхтар Жәкішев болса, сәуірдің 1-і күні ҚазТАГ агенттігіне берген түсініктемесінде Квятковскаяның айыптауларын ешқандай негізсіз деп атап, бұның астарында нақты бір саяси топтардың мүддесі жатуы мүмкін деген пікір білдірген.
«Ол [Квятковская] айтып отырған уран кеншітерін мен ешкімге сатқаным жоқ, себебі, олай жасауға менің құқығым да, құзырым да жоқ. Кенішті сату немесе беру туралы мәселені тек үкімет қана шешеді, ол ведомствоаралық комиссияның қатысуымен өте ұзаққа созылатын іс. Сондықтан оның айтқанының барлығы - сандырақ», - деген М.Жәкішев.
Жәкішевтің айтуынша, Квятковская осы мәселеге байланысты бұған дейін де бірнеше рет заң орындарына ашық мәлімдеме жасаған.
«Оның мәлімдемесі бойынша прокуратура тексеру жүргізді және ешқандай заң бұзушылық анықталмады», - деген М.Жәкішев.
НЫСАНАҒА ТАҒЫ КІМДЕР АЛЫНУЫ МҮМКІН?
Бұған дейін «Республика» басылымында «Әблязовтан кейін Жәкішев бола ма?» деген мақала жарық көрген болатын. Онда Астанада қандай да бір кабинетте М.Әблязовпен тығыз достық қарым-қатынаста болған адамдардың тізімі жазылып жатқаны, оның басында Мұхтар Жәкішевтің тұрғаны айтылған. Дегенмен мақала авторы мұның себебін экс-депутаттан басқаша түсіндіреді.
«Мұхтар Жәкішев Әблязовтың студент кезіндегі досы ғана емес, ол сонымен қатар үнемі премьер-министр мен өзге де шенеуніктерден өзін тәуелсіз ұстады. «Қазатомпромның» соңғы уақытқа дейін «Самрұқ» мемлекеттік холдингінің құрамына енуден қашқақтап келуінің де себебі сол. Тек «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры құрылғаннан кейін ғана жаңа бірлестікке енді... Жалпы алғанда, «Қазатомпромды» қолға алу үшін ең алдымен, М.Жәкішевті құрту керек. Оған қысым да жасалып үлгерді: атап айтқанда оның туған бауырын құқық қорғау органдары қамауға алды. Тіпті, бұл да «Қазатомпром» басшысын біреулермен келісімге барғыза алған жоқ» деп жазылған аталмыш мақалада.
Қалай болғанда да, Әблязов пен оның жақын-туыстарының басына үйірілген бұлт енді оның бизнес-әріптестері мен дос-жарандарына да таяды деген тұжырым жасаған басылым, ендігі кезекте нысанаға бірінші болып "Қазатомпром" ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев, одан кейін "Астана-групп" тобының иесі әрі президенті Нұрлан Смағұловтың алынатындығын жазған еді.