Ақтаудың атышулы түрмесінен Астанаға ауыстырылған тұтқындардың туыстары шағым айтты

Анаргүл Жолболдиева баспасөз-мәслихатында. Астана, 24 қыркүйек 2010 жыл.

Астанадағы 166/10 түзету мекемесіне Ақтаудан ауыстырылған бір тұтқын ақтық хат жазса, тағы біреуінің зайыбы түрмеде күйеуіне озбырлық жасалғанын айтып журналистерге шағынды. Түрме әкімшілігі әйелдің айтқанын жоққа шығарып отыр.

Жазасын өтеп жатқан Айдын Жолболдиев, зайыбы Анаргүлдің айтуынша, Ақтаудағы қамау мекемесінен Астанадағы 166/10 түрмесіне қыркүйектің 15-і күні жеткізіліпті. Анаргүл Жолболдиева қыркүйектің 21-де Астанаға жұбайымен жүздесуге келген кезде күйеуінің соққыға жығылғанын, халі мүшкіл екенін естиді. Бірақ түрме әкімшілігі оған қамаудағы ерімен кездесуге рұқсат бермей қойған. Тек тележурналистермен барып, дабыл көтергеннен кейін ғана келіншек күйеуіне жолығуға рұқсат алыпты.

«ДЕНЕСІН КӨРСЕТУДЕН БАС ТАРТТЫ»

Анаргүл Жолболдиеваның айтуынша, түрме қызметкерлерінің көзінше ерімен кездескен кезде ол Айдынның ерні жыртылып, өзін біртүрлі ауырсынып тұрғанын байқаған.

«Денесін көрсетуден бас тартты, аяғын ұстап көрейін десем, итеріп жіберді. Түрме қызметкерлерінің көзінше барлығы жақсы деп айтады. Бірақ мен оның қазір емханада екенін білемін. Оның қабырғалары сынған, бүйрегі мен аяғына зақым келген», – дейді Анаргүл
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қақпасы алдында полиция қызметкері мекемеге келгендердің бірімен сөйлесіп тұр. Астана, 14 тамыз 2010 жыл.
Жолболдиева.

Оның айтуынша, төбелесіп, сотқарлық жасағаны үшін сот үкімімен үш жылға бас бостандығынан айырылған Айдын Жолболдиев жазасының екі жыл мерзімін Ақтаудағы биылғы маусым айында бір топ тұтқын қашып шығып атышулы болған түрмеде өтепті. Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жазған арызында Анаргүл Жолболдиева күйеуін Ақтөбе түрмесіне ауыстыруды сұрайды.

Айдын Жолболдиевтің зайыбының мәлімдемесіне қатысты түсініктеме алу үшін Азаттық тілшісі Астанадағы №166/10 түзету мекемесіне хабарласқан еді. Бірақ түрме бастығы әділет майоры Ақылбек Әбдірахмановтың «жиналыстан қолы босамағаны» себепті одан жауап алудың сәті түспеді. Ал түрме басшысының кезекші көмекшісі Жасқайрат Шокетаев: «Жолболдиев Айдынды ешкім соққыға жыққан жоқ» деген келте жауаппен шектелді.

ТҰТҚЫННЫҢ ҚОШТАСУ ХАТЫ

Құқық қорғаушы Вадим Курамшин биыл жаздағы төтенше оқиғадан соң Ақтаудағы ГМ-172/1 мекемесінде жазасын өтеп жатқандарды Қазақстанның өзге аймақтарындағы түрмелерге ауыстыра бастағанын, солардың үшеуін Астанадағы 166/10 түрмесіне жіберу туралы
Құқыққорғаушы Вадим Курамшин. Астана, 24 қыркүйек 2010 жыл.
шешім қабылданғанын айтады.

Қыркүйектің 24-і күні Астанада журналистермен кездескен Мая Сырлыбаева Ақтаудағы түрмеде отырған інісі Нұрлан Жаносовтан қош айтысып жазған хатын алғанын мәлімдеді.

Әпкесінің айтуынша, соңғы 9 жыл бойы Ақтау түрмесінде жазасын өтеген 26 жастағы Нұрлан Жаносовтың бостандыққа шығуына екі ай қалған екен. Ал Астанадағы №166/10 түрмесінде ауыстыратындығын естіген соң ол туысына қош айтысып хат жазыпты.

«Ақтау түрмесінің бастығы тұтқындардың қашуына менің қатысым бар деп күдіктенеді. Сондықтан мені №166/10 түрмесіне ауыстыратынын айтты. «Астанаға ауыссаң, ондағылар сені қорлап, ұрып-соғады» деп қорқытты. Ал маусымдағы оқиғаға менің еш қатысым жоқ», – деп жазады қоштасу хатында Нұрлан Жаносов.

Әпкесінің айтуынша, жастайынан ата-анадан жетім қалған інісімен екеуі балалар үйінде тәрбиеленіп ержетіпті.

«Қазақстаның солтүстігіндегі түрмелерде оңтүстіктегі түрмелерге қарағанда тұтқынға әлдеқайда қатігез қарайды. Оңтүстікте әрбір қызметтің өз бағасы бар, ал солтүстікте түрмеде озбырлар білгенін істейді», – дейді кезінде өзі де түрмеде отырып шыққан Вадим Курамшин.

Тұтқындардың құқығын қорғап жүргендер қамау мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың жағдайы туралы БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Манфред Новакпен кездесу кезінде жеткізбек ниетте. БҰҰ арнайы өкілі биыл күзде Қазақстанға келуі тиіс.