Желтоқсан оқиғасынан бері 23 жыл өтсе де қазақ қоғамында арылу дәстүрі қалыптаспады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Совет милициясының сержанты мен наразылық шеруінен ұсталған адам. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. Алматыдағы орталық мемлекеттік мұрағаттағы сурет.

Қазақстанда өткен кезеңдегі күнәлар үшін кешірім сұрап, одан арылу дәстүрі әлі күнге қалыптасқан жоқ. Желтоқсан оқиғаларынан кейінгі 23 жыл ішінде ондай қадам жасауға бір ғана адамның батылы барды. Ол – биліктен оппозицияға өткен саясаткер еді.
ЖАРМАХАННЫҢ ЖАЛҚЫ ІСІ

Осыдан 23 жыл бұрын алаңға шыққан жастарды «нашақорлар, бұзақылар, маскүнемдер» деп айыптаған Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитетінде, заң органдарында белді қызметте жұмыс істегендер мен комсомол жастар одағының белсенділері – бүгін тәуелсіз Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары.Совет заманында қуғын-сүргіндерге атсалысқан, ал қазірде Қазақстанның билік басындағы тұлғалар бір кездегі іс-әрекеттері үшін күні бүгінге дейін ар алдында тәубаға келіп, кешірім сұраған емес. Керісінше, олар өздерін, сол кездегі істегендерін барынша ақтап алуға тырысты.

Жармахан Тұяқбай (сол жақтан екінші) және басқа оппозиция қайраткерлері Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың құрметіне ілінген тақтайша алдына гүл шоқтарын қойды. Алматы, 17 желтоқсан 2008 жыл.
Әзірге Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы кезіндегі іс-әрекеттері үшін қоғам алдында, жазықсыз жазаланып түрмеге отырғызылған кісінің алдында кешірім сұраған бір-ақ адам бар. Ол – «Азат» социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы Жармахан Тұяқбай. Ол Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргінге мемлекеттік айыптаушы органның өкілі ретінде қатысқан.

Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі – бүгінде мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан. Ол Алматыдағы оқиғаларға қатысқан жастарға қарсы жазалау шараларын жүргізгендерден ешкім осы күнге дейін өзінен кешірім сұрамағанын айтады. Бірақ соған бола, өткенді қазбалаудың қажеті жоқ деп есептейді ол.

– Желтоқсан оқиғасында мен алаңға шыққан кезде билікті былай қойғанда Алматыдағы жақын туыстарым, қандас бауырларымнан мені жазғырған, сол кездегі билік режимін қорғап, жақтаған сөздерді естідім. Осы оқиғадан кейін олар мені үйлеріне жолатқысы келмеді. Солар қазір аман-есен жүр. Мен қазір енді соларға «кезінде маған қарсы болдың, күстәнәлап едің» деп көзге шұқып жатсам, не болады? Олай болса елдіктен кетеміз, – деді Бекболат Тілеухан Азаттық радиосына.

АР АЛДЫНДА АҚТАЛУ

Оппозициялық саясаткер, экс-сенатор Зәуреш Батталова қазіргі билік өзгермей қоғамда өткеніне өкініш білдіріп қателіктерден арылу, яғни кешірім сұрау процесі жүрмейді дейді.

– Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастарды «нашақорлар» деп кінәлаған адамдардың бәрі басшыға жалтақтап, президент
Алаңға шыққан жастарды «нашақорлар» деп кінәлаған адамдардың бәрі басшыға жалтақтап, президент тарапынан қандай іс-қимыл болады, соған қарап икемделеді.
тарапынан қандай іс-қимыл болады, соған қарап икемделеді. Олар жеке өз бетінше саяси шешім қабылдай алмайды. Кешірім сұрауды – биліктің саясатынан тыс кету деп қабылдайды. Оқиғаға қатысы барлардың кешірім сұрауға ерік-жігерлері жетпейді. Демек, халықтан жасыратын бірдемелері бар деген сөз, – дейді Зәуреш Батталова.

Тағы бір экс-сенатор, оппозициялық саясаткер, «Кенесары» қоғамдық қорының төрағасы Уалихан Қайсар да Желтоқсан кезінде бейбіт азаматтарға қарсы жасалған істерге араласқандардың кешірім сұрай алмауларының себебін былайша түсіндіреді.

– Менің ойымша, олар Желтоқсанға Назарбаевтың тікелей қатысы бар екенін біліп, Назарбаевтан қорқып, кешірім сұрай алмайды. Егер олар халықтың алдына шығып, кешірім сұрайтын болса, онда олар билік үшін жат болып шыға келеді. Тағы бір себебі, қазіргі билікте отырған адамдардың көбі – қорқақтар. Ондайлардың өз тәуелсіз азаматтық көзқарасын білдіруге қабылеттері жоқ, – дейді Уалихан Қайсар.

КЕШІРІМ СҰРАУ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНАН АЛЫСТАП КЕТКЕН

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов қуғын-сүргінді қолдан жасауға қатысқан қазақ билігінің бүгінгі үнсіздігінің себебін, олардың коммунистік партияның идеологиясымен ауызданып өскендігімен байланыстырады.

– Бізде тіпті әлі күнге дейін советтік жүйеге саяси баға берілген жоқ. Тіпті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне дейін, миллиондаған халықты қырған совет режимінің, сұрапыл қуғын-сүргін заманының өзіне саяси баға беруден біздің билік алыс жүреді. Бұған, бір
Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыда 1986 жылы желтоқсанда шеруге шыққан жастарды бастап жүргені туралы айтқанын мысқылдайтын сатиралық сурет. Оның жанында Михаил Горбачев пен Борис Ельцин бейнеленген. «С-Демократ» тәуелсіз газетінде 1992 жылы шыққан сурет. Басылым шығарушысы және редакторы – Андрей Свиридов.
жағынан, билікте әлі күнге дейін Коммунистік партияның, комсомолдың тәрбиесін алған адамдардың отырғанының әсері бар. 1986 жылы желтоқсанда билік жүйесінде басшы қызметтерде болған адамдар енді қазір өздерін сол кезде жастарға қорған болып, басқаша қимыл жасаған қылып көрсеткісі келеді.

Әлихан Байменов өткендегі күнәлары үшін кешірім сұрап, одан арылу дәстүрі Сталиннің шекпенінен шыққан кейбір постсоветтік елдерде әлі күнге қалыптаспай отырғандығын айтады.

– Бүгінде Ресейдің бірқатар тарихшылары XX ғасырдағы тоталитарлық жүйені ағартып алуға тырысып, «Ресей ешкімнің алдында ақталуға тиіс емес» деп жазып жүр. Ал сталинизмнің жасаған адамзат болмысына қарсы жантүршігерлік қылмыстары үшін ешкім кешірім сұраған жоқ, – дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Биыл Алматыда Желтоқсан оқиғаларын еске түсіру күндері әртүрлі оқиғаларға толы болды. Қазақстан үкімет Қытайға бір миллион гектар қазақ жерін жалға береді екен деген қауесет қоғамды дүрліктірді. Бұған қоса, әлдекімдер жастарды желтоқсанның 17-күні Республика алаңына наразылық акциясына шақырып электронды хаттар мен sms-хабарландырулар таратты.

Алматы әкімінің орынбасары Виктор Долженков наразылық акциясы кезінде журналистерге түсініктеме беріп тұр. «Республика» газетіндегі сурет.
Бір атап өтер жайт, желтоқсанның 16-17 күндері Республика алаңында биліктің атынан халықпен бетпе-бет кездесуге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов шығып жүрді. Ол жанындағы өзге адамдармен бірге алаңға жиналған жүздеген адамды сабырлылық танытуға, арандатушылық әрекеттер мен кикілжіңге жол бермеуге шақырумен болды.

Бұл күндері Республика алаңынан қала әкімінің тағы бір орынбасары Виктор Долженков көзге шалынбады. Қазіргі кезде ол қала әкімдігінде экономика және өнеркәсіп салаларының жұмысын үйлестіреді.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғалары кезінде Виктор Долженков Алматының Фрунзе аудандық атқару комитетінің төрағасы болатын. Сол кезде шеруге шыққан қазақ жастары мен оларды күшпен басуға биліктің жіберген әскер арасындағы қан-жоса қақтығыстар сол ауданның аумағында болған-ды.

Виктор Долженковтың есімі Желтоқсан оқиғасын тексеру үшін құрылған парламенттік комиссияның қорытындысында жастардың бейбіт жиынын күшпен басып, қуғын-сүргін ұйымдастырған жауапты тұлғаларды анықтау мақсатында жасалған тізімде аталды.

Бірақ көп ұзамай, қоғамда «Мұхтар Шахановтың комиссиясы» аталып кеткен осы парламенттік комиссия таратылып, жұмысы жол ортада қалып қойды. Әйткенмен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі құрған сол комиссиясының әлгі айтылған «қара тізімінің» қалай жасалғандығы да сауалдар туғызады. Мысалы, сол тізімге енген Виктор Долженковтың сол замандағы тікелей басшылары ол тізімге кірмей қалды. Алайда бұл жайында қоғамға ешкім ешқандай түсінік бермеді.

Кейбір саяси күштер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларының шынайы себеп-салдарын анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыстарын аяғына жетпей тоқтату үшін біршама күш-жігерін жұмсады.