Астана жұртшылығы советтік саяси қуғын-сүргін құрбандарын, соның арасында Желтоқсан қаһармандарын еске алып, рухына тағзым етуге соңғы жылдары «Қазақ елі» монументіне келетін. Биыл күзде онда президент Назарбаевтың бейнесі пайда болған соң кейбіреулер ол дәстүрден бас тартып отыр. Енді олар «Отан Ана» монументіне, Қазақстан туы тігілген жерге, тіпті ашық далада тұрған қазақ хандарының ескерткішіне гүл қоймақ.
АЛЫП ЕСКЕРТКІШТЕГІ ТІРІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕЙНЕСІ
Астанада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым ететін ескерткіш жоқтың қасы. 1997 жылы орнатылған осындай ескерткішті осыдан екі жыл бұрын Астана әкімдігі бұзып, қаладан 30 шақырым жердегі «Ақмол» елді мекеніндегі «АЛЖИР» тарих мұражайына көшірді.
Ал биыл күзде қазақ елі үшін күрескен тұлғаларды тағзым ететін «Қазақ елі» монументінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қола
Бұрынғы саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу монументінің орнында тұрған Қазақстан туы. Астана, 15 желтоқсан 2009 жыл.
бейнесі пайда болды. Енді Тәуелсіздік күні, Желтоқсан құрбандарына тағзым ету кезінде Астана жұртшылығы гүл шоқтарын қайда қоятындарын білмей отыр.Бұл Астанада тұратын саяси партия жетекшілері үшін де күрделі жағдай болып тұр.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов осыдан тура бір жыл бұрын, «Қазақ елі» монументіне барып, Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойыпты. Ал биыл ескерткіш президенттің бейнесімен жаңаланған соң партия басшысы бұрынғы әдетінен айнып отыр.
– Былтыр біз «Ақ жол» партиясының белсенділерімен бірге еліміздің басты монументі болғандықтан «Қазақ еліне» барып, гүл шоғын қойған едік. Енді биыл расында күрделі жағдайға айналып отыр. Менің ойымша, Тәуелсіздік күні кешегі Жәнібек пен Керейден бастап, Қасымхан мен Есімханның, Абылай мен Әбілқайырдың, Кенесары мен Алаш қайраткерлерінің алдында іштей есеп беріп, солардың әруағына тағзым ететін күніміз. Кейінгі Желтоқсан қайраткерлерінің алдында да басымызды иетін күніміз. Ал қазір мұсылмандық жолмен де, ресми мемлекеттік протоколмен алғанда да тарих алдында есеп беретін жерге, ешкім тірі адам алдына барып гүл шоқтарын қоймайды, – дейді Әлихан Байменов.
ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМАТТАРДЫ ТЫҒЫРЫҚҚҚА ТІРЕЙТІН ЕРЕКШЕЛІК
Байменов монументте Назарбаевтың мүсінін орналастырған кезде «президенттің алдында қайтсек жақсы көрінеміз» деуді ғана көксеген әкімқаралар мәселенің бұл жағын ойламағанын айтады.
– Екі жағдайды алайық. Астана тұрғындары біз секілді Тәуелсіздік күнінде қайда гүл қоямыз деп қиналады. Ал екінші жағынан, әлемдік тәжірибеге сай бір елдің басшысы екінші елге барған жағдайда, әдетте сол елдің басты монументіне барып гүл шоқтарын қояды. Былай қарасаңыз, біздің басты монументіміз – «Қазақ елі». Енді елге басқа елдің басшылары келсе, олардың елшілері «Қазақ еліне» бармауға кеңес береді. Олар «онда тірі адамның ескерткіші тұр» деп айтады. Осылайша, мемлекетаралық протоколда да билік ыңғайсыз жағдайға қалады, – дейді «Ақ жол» партиясының төрағасы.
«Азат» партиясының белсендісі Уалихан Қайсар болса Астананың ең әсем жерінде тұрған саяси-қуғын сүргін құрбандарына орнатылған бұрынғы ескерткіштің орны бүгінде жетімсіреп қалуының өзіндік сыры бар дейді.
– Бұл жер қаланың дәл ортасында орналасқан. Сондықтан біреулер коммерциялық мақсатын жүзеге асырғысы келді ме екен, әйтеуір жаман пиғылмен алып тастады. Енді Астана халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ескер алу үшін гүл шоқтарын қоямын десе, онда Астанадан 30 шақырым жерге баруларына мәжбүр болады. Ал «Қазақ елі» монументіне баратын болсаң, онда жеке басқа табынғандай әсер қалдырады. Меніңше, қазір сол «Қазақ еліне» гүл апарып қою жаман ырымды көрсететін секілді. Тірі адамға тұтас ескерткіш қою деген совет дәуірінде де болмап еді, – дейді Уалихан Қайсар.
ӘБДІҒАЛИЕВ ДАЛАДА ТҰРҒАН ХАНДАР ЕСКЕРТКІШІНЕ ТАҒЗЫМ ЕТЕДІ
Бұған дейін жылда ұлттық мереке кезінде және Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алу күні серіктерімен бірге «Қазақ елі» монументіне гүл қойып келген тағы бір саясаткер экс-сенатор Зәуреш Батталова да ол әдетін енді өзгертпек ниетте.
«Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының төрайымы Батталова биылдан бастап Астананың ортасындағы бұрынғы саяси қуғын-
Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл.
сүргін құрбандарын еске алу мемориалының орнына баруды ұйғарыпты.Астана әкімдігі қаланың сәулетіне кедергі жасайды деп, бұрынғы монументті көшірген соң бұл жерде бүгінде Қазақстанның үлкен көк байрағы ілулі тұр.
– Біз енді «Қазақ елі» монументіне бармаймыз. Онда бүгінгі президент тұр. Жастар бар. Олар құрбанға ұшырамаған. Тірі адамның алдына құрбан болған адамның қайғысымен гүл қою ешқандай елде, ешбір дінде жоқ нәрсе, – дейді Зәуреш Батталова.
Ал «Мемлекеттік тілді қолдау» қоғамдық ұйымының төрағасы Берік Әбдіғалиев Астананың шетіндегі ашық далада қар астында жатқан қазақ елінің негізін қалаушы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып жүр.