Қаңтардың 13-інде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы кокс өндіру қондырғысында өрт шықты. Бұл жолы тілсіз жаудан зардап шеккендер болған жоқ. Зауыт жұмысшылары бұны биылғы жыл басынан бергі үшінші өрт деседі.
КОКС ӨНДІРУ ҚОНДЫРҒЫСЫ ЖАНДЫ
Қаңтардың 13-күні түс ауа Атырау қаласының мұнай өндіру зауыты орналасқан бөлігін қара қошқыл түтін басты. Ымырт үйірілгенге дейін зауыт жақтан будақтаған түтін мен одан шыққан жалын көрініп тұрды.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының №5 баяу кокстеу қондырғысында өрт шыққаны туралы ақпарат кезекшіге 14 сағат 10 минутта түсті. Тексеру барысы К-1 колоннаның жанып жатқанын көрсетті, – деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіндегілер.
Өрт сөндірушілер К-1 және К-3 колонналарының арасындағы аумақтың толықтай отқа оралғанын анықтады. Өрт зауыт пен төтенше жағдай департаменті өрт сөндіру қызметі күшімен 15 сағат 06 минутта сөндірілді.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауыты мен төтенше жағдай қызметкерлерінен құрылған комиссия өрттің шығу себебін анықтауда.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз-хатшысы Елена Есенованың айтуынша, құбырларды байланыстырған тармақтарда саңылаудың пайда болуы салдарынан мұнай өнімдері тұтанған.
– Өрт жерден 22 метр биіктікте болғандықтан оны сөндіру қиынға түсті. Бірақ, адамдардан ешкім зардап шеккен жоқ. Зауыттың басқа қондырғылары бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Мұнай өнімдерін өндіру жалғаса береді, -деді Елена Есенова
«БИЫЛҒЫ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРГІ ҮШІНШІ ӨРТ»
Ал өз аты-жөндерін жария еткісі келмеген зауыт жұмысшылары, Азаттыққа берген сұқбатында, бұл осымен биылғы жыл басынан бергі шыққан үшінші өрт дейді. Олардың айтуынша, биылғы жылы алғашқы өрт қаңтардың 9-да болған.
– Таңғы сағат 5-6 шамасында бастапқы мұнай өңдеу цехы өртенді. Соның салдарынан сораптар мен қондырғылар істен шықты. Келесі күні, қаңтардың 10-ында, №5 цехтағы баяу кокстеу қондырғысы колонналарының бірі жанды. Ал бүгінгі өрт тағы да сол цехта шығып отыр, – деп хабарлады Азаттық тілшісіне зауыт жұмысшылары.
Жұмысшылар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өрт туралы кәсіпорын әкімшілігі өздеріне ел-жұртқа ләм-мим деп жақ ашпауды қатаң ескерткендігін жеткізді.
– Қазір кінәлілерді табуға тырысып жатыр. Алайда, өрттің ескірген баяу кокстеу қондырғыларынан жағар майдың ағуы салдарынан болғандығын осындағы елдің бәрі біледі. Ал зауыт басшылығы оқиғаның ақ-қарасын анықтап, түзетудің орнына сыйақылар мен басқа да төлемдерді кесеміз деп қорқытады. Барлығына өрт туралы жұртқа ауыз ашпауды бұйырды. Артық ақпарат таратқандарды білсек жұмыстан шығарамыз деп қоқан-лоқы жасап отыр, – дейді жұмысшылар.
Атырау мұнай өңдеу зауытында былтыр қыркүйек айында шыққан өрттен бір адам қаза тауып, үш кісі күйікке шалынған еді. Ол жолғы өртке зауыттың қоқыс қалдықтары жинақталатын №8-ші цехтағы мұнай қалдықтарының тұтануы себеп болғаны айтылды.