Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ризабек Қажығалиевтың айтуынша, өрттен ешкім зардап шекпеген. Өрт кезінде ауруханада ем алып жатқан 31 ауыр науқас пен өздігінен жүре алатын 201 сырқат көрші жаңа ғимаратқа көшірілген.
1967 жылы салынған облыстық аурухананың бұл ескі мекен-жайының бірінші қабаты түгелдей дерлік, яғни 500 шаршы метрдей аумақ тұтас отқа оранған көрінеді. Оқиғаның басы-қасында болғандардың айтуынша, аурухана ғимаратының екі қабатын да қара түтін басып кеткен соң, науқастарды жоғарғы жақтан жаймамен жерге, қар үстіне түсіруге тура келген.
Өртенген ғимараттың жартысында орналасқан «Интертич» емханасының аймақтағы бас дәрігері Наталья Васильевнаның сөзіне сүйенсек, аурухананың 1-ші қабатының лаулап жанып жатқанын таңғы сағат 5.30-да алғаш байқап, өртке қарсы күрес қызметіне хабарлаған осы мекеменің кезекші-диспетчері Қымбат Маханова көрінеді.
- Қызметкеріміздің арқасында ең бастысы – аурулардың картотекалары мен бухгалтерияны және кадр бөлімі құжаттарын түгелдей сақтап қалдық, - деді Наталья Васильевна.
Ал өрт аурухананың бірінші қабатындағы МРТ аппаратындағы ақаудан шыққан деген жорамал бар.
Алайда Төтенше жағдайлар жөніндегі департменті бастығының орынбасары Абай Сұлтанғалиев өрттің сараптамасы Орал қаласында жасалып жатқанын айтады. Сондықтан, оның нақты себебін сол сараптамадан кейін білетін боламыз, деді ол.
Дегенмен ел арасында бұл өрттің әдейі жасалған әрекет болуы да ықимтал деген әңгімелер айтылып жүр. Былтырғы жылдың аяғында прокуратураның жүргізген ішінара тексеруі облыстық денсаулық саласында 16 миллион теңгенің мақсатсыз пайдаланылғаны туралы дерек жариялаған болатын.
Олардың ішінде жемқорлықтың ұясы ретінде осы аурухана да аталған-ды. Содан бері құқық орындары да бұл салаға жиі көз тігіп, тексерулер жүргізіле бастаған еді. Ал аурухананың негізгі құжаттары мен бухгалтериясы осы өрт шыққан қабатта орналасқан.
Ертесінде өрт болған жерге келген облыс әкімі Бергей Рысқалиев 15 күн ішінде аурухананы қалпына келтіруді жүктеп кетті.