Қазақстан тағы бір халықаралық ұйымға төраға болу арқылы беделін көтергісі келеді

«Тұран» университеті ректоры Рахман Алшанов. Алматы, 7 қыркүйек 2010 жыл.

2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болып отырған Қазақстан 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлер кеңесінің 38-ші сессиясын басқармақ. Астананың осылайша әлемдік қауымдастық алдында беделін көтеруге ұмтылуы елдің шынайы өміріндегі кем-кетіктерін жаба алмайды деп есептейді мамандар.

ТӨРАҒА БОЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Әлемнің 60-қа жуық мемлекетін біріктірген Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етудің Қазақстан үшін маңыздылығын билік өкілдері де, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар да айтып келеді.

«Бұл төрағалық бізге қажет. 130 ұлттың бейбітшілік пен ынтымақтастықта өмір сүріп отырғанына мүмкін, қызығып та, қызғанып та қарайтын елдер бар шығар. Бұл біздің ертеңгі ислам елдеріне көрсете алатын бірден-бір біздің жетістігіміз, мақтанышымыз» деді тарих ғылымының кандидаты Бақыт Ақтаулова қыркүйектің 7-сі күні Алматыда өткен дөңгелек үстел жиынында.

«Тұран» университеті ректоры Рахман Алшанов Қазақстан үшін мұсылман экономикасының тиімділігі туралы айтады.

– Мұнай өндіруші аймақтарға әлемдегі ең дамыған елдер, соның ішінде Америка Құрама Штаттары қаржы салып отыр… Сондықтан әлемдегі ең ірі қаржы орталығының бізге де назар бұрғанын қалаймыз, – дейді Рахман Алшанов.

Десе де, бірқатар мамандар шын мәнінде төрағалықтың астарында Қазақстан билік өкілдерінің елдің қоғамдық саяси жүйесіндегі жіберген кем-кетіктерін жасыру ниеті жатқанына сенімді.

– Бүгінгі билік сыртқы саясатта болсын, ішкі саясатта болсын, аса бір үлкен жетістігінің жоқтығын осындай тым әсірешіл, жарқырауық дүниелермен толтырғысы келеді. Сол арқылы өзін-өзі дәлелдегісі келеді. Шын мәнінде демократия орнатып, экономикалық немесе басқа да жетістіктерге қол жеткізудің орнына осындай жылтырауық нәрселермен әуре, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Мамандардың пікірінше, басқаны қойғанда қазіргі таңда мұсылман әлемінің өз ішінде ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған проблемалар
философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкері Еркін Байдаров. Алматы, 7 қыркүйек 2010 жыл.
жеткілікті. Айталық, Таяу Шығыстағы, Кавказдағы жанжалдар, Ирак мәселесі, т.б. Бұл проблемалар алдағы бірнеше жылда шешіле қоймайды дейді мамандар.

– Қазақстанның бұл ұйымға төрағалық етуінен ештеңе өзгермейді. Бұны Қазақстанның кезекті рет белгісіз нәрсенің соңынан қууы деп бағалар едім. Биыл біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып отырмыз. Төрағалық барысында жүзеге асыруға тиіс процестер орындалмай қалды. Міне, жыл аяқталып бара жатыр. Әзірге, еш өзгеріс жоқ. Бұл ұйымға төраға болун, әрине, Қазақстанға абырой әперері анық. Бірақ мұсылман әлемінде бәлендей өзгеріс болады деп айту қиын, – дейді философия және саясаттану институтының аға ғылыми қызметкері Еркін Байдаров.

ДІНИ ҰЙЫМДАР МЕН БИЛІК

Бірқатар мамандар төрағалықты көздеп, «жаһандық проблемалардың» соңынан қуып жүрген елдің өз ішінде де кейбір діни ұйымдар мен билік арасында күрделі ахуал қалыптасқанын айтады.

Діни ұйымдар арасындағы «мылтықсыз майданды» тоқтату үшін өзара диалог ұйымдастырудың орнына билік олардың құқықтарын таптап, қуғынға салады дейді сарапшылар. Елде тек тіркеуден өткен діни ұйымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бар. Кейбір шағын діни топтар әдетте, құқық органдарының тарапынан қысым көретінін айтып жүр.

– Бұрынғыдай тіркелуден бас тартқаны үшін баптистерді әкімшілік жауапкершілікке тарту үрдісі жалғасып жатыр. Әкімшілік жаза ретінде айыппұл төлетеді немесе 10 күнге қамайды. Қазір кәрістердің де шіркеуіне қысым жасап жатыр. Қазір оларға тағылып отырған айып та өзгерген. Оларды заңсыз медициналық қызмет көрсетті деген жала жабылып отыр, – дейді адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Андрей Гришин.

Осыған дейін Алматы полициясы бас кеңсесі Семейде орналасқан «Сенім.Білім.Өмір» қоғамдық бірлестігі жетекшісін қамауға алған болатын. Оған қандай кінә тағып отырғаны туралы заң орындары әзірге айтпай отыр.

Осы жайттарға қарамастан соңғы жасалған әлеуметтік зерттеулер Қазақстан тұрғындары арасында дінге сенетіндердің көбейгенін көрсетіп отырғанын айтады сарапшылар. Қазақстан гуманитарлық саяси конъюнктура орталығы мамандары жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызы құдайға сенетінін айтқан.

Мамандардың дерегі бойынша, діни ұйымдардың белсенді жұмысы әсіресе, Оңтүстік Қазақстан өңірі, Алматы мен Астанада байқалады.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда шамамен 40 діни конфессия, 4000-ға жуық тіркелген діни ұйым бар.